10.11.2023, 15:45
Оқылды: 258

Жоба аясында грант ұтып, жиһаз жасап бастады

Бәйтерек ауданында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында грант алғандар аз емес. Сөйтіп кәсіптерін ашып, несібелерін арттырып отырған бәйтеректіктердің қатары жыл санап көбейіп келеді. Солардың бірі – переметныйлық Қанат Бисұлтанов. Үшінші топ мүгедегі былтыр 1 250 000 теңге грант ұтып, жиһаз жасауға ден қойған.

IMG-20231107-WA0044

1972 жылы Казталов ауданында дүниеге келген Қанат ер жетіп, отбасын құрғаннан соң бірде қан қысымы көтеріліп, инсульттан, сал болып, төсекке де таңылған.

- Менің тағдырдың тауқыметімен күресіп, жеңіп шығуыма себепкер болған анамның махаббаты мен өмірге деген құштарлығым. Жарты жолдан берілуге, жеңілуге болмайтынын түсініп, түрлі емдік, дене шынықтыру жаттығуларымен айналыстым. Төрт-бес жыл дегенде ауруымнан жазыла бастадым. Жалпы басқа түскен бұл сынақтан көп сабақ алдым деуге болады. Қатарға қосылған соң, Орал мұнай, газ және салалық технологиялар колледжінде құрылысшыға оқып шықтым. Сода кейін мамандығым бойынша еңбек еттім, - деді кейіпкеріміз.

Грант ұтқанын естіген соң, інісімен бірге жиһаз жасау кәсібіне дұрыстап ден қоя бастайды. Мемлекет тарапынан берілген қолдау қаржыға компьютерлік құрал-жабдықтар алған. Переметный ауылындағы жеке үйді жалға алып, оны жиһаз цехы ретінде іске қосқан. Оның айтуынша, қазір тапсырыс аз емес, кейде үлгере алмай жататын кездер болады. Ендігі жиһаз жасайтын арнайы станок сатып алуды ойластырып жүр. Егер мұндай құрылғы болса, уақытқа үнем әрі жиһаз түрлері көбейіп, сапасы да арта түсері анық.

Айта кетейік, шебер жігіттер киім ілетін шкаф-купе, үстел, отырғыш, киім ілгіш, жатын бөлме мен ас үйге арналған жиһаздар және басқаларын жасайды. Қанаттың мақсаты - жер алып, жиһаз цехын салу. Кәсіпті кеңейтіп, жұмысшыны көбейту.

Тағдырдың тәлкегіне мойымаған кейіпкеріміз темірден түйін түйген, ағаштан ою ойған шебер әрі домбыра мен гитараны серік еткен жан. Он саусағынан өнер тамған жерлесімізге көпшілік риза. «Елге еткен еңбек еленер» дегендей, Қанат өзінің ерінбей еткен еңбегінің арқасында бүгінде ел құрметіне бөленіп отыр.

Ғарифолла Жиеналиев,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале