27.04.2022, 17:45
Оқылды: 86

Жол жөндеу басталды

«Самара-Шымкент» тас жолынан бұрылып, көз ұшындағы ауылға жеткенше «әу пірім» дейтін ұзынкөлдіктер қуанып жүр. Соңғы жылдары жиі айтылған жол мәселесі шешілетін болды. Ұзынкөл ауылына кіреберіс жолға күрделі жөндеу жасау жұмыстары басталды.

25

Мердігер – «ДСК Приоритет» ЖШС арнайы техника алып келіп, жол жанын түзетуді бастады.  Жол жөндеуге жалпы бюджеттен 646,3 млн.теңге қаржы қаралған екен. Биыл соның 336,7 млн.теңгесі игеріледі. Ұзындығы 5,2 км, ені 7 метрлік жолды жөндеу келесі жылы толық аяқталады деп күтілуде.

Осы орайда, Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Есқалиевтің аудан тұрғындарымен кездесуінде ұзынкөлдік Ләззат Байғалиева:

- Ауылға кірер жолды жөндеу басталды. Қуанып жүрміз. Халыққа ең қажеттінің бірі осы сапалы жол ғой. Тек, бір бұйымтайымыз бар. Небәрі 5 шақырымдық жолды екі жылға созбай, биыл бітіріп берсе екен,- деген болатын. «Халық қаласа хан түйесін сояды» деген, жиын басында  мердігер «күрделі жөндеуді бір кезеңде, биыл аяқтауға тырысамыз» деп қалды.

24

- Бұл - биылғы конкурс жарияланған төрт жол жөндеу жобасының бірі. Ұзынкөлден басқа Жаңа Өмір, Тоқпай, Әйтиев ауылдарына кіреберіс жолдардың  жөнделелуі – алдағы күн еншісінде. Юбилейное және Магистральное ауылдарына кірер жолдар да биыл орташа жөндеуден өтеді деген жоспар бар,- дейді Теректі ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қайрат Досанов.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале