24.01.2024, 12:45
Оқылды: 37

Жолаушылар тасымалы мәселесі қаралды

Бөкей ордасы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен аудан бойынша такси қызметін реттеуді ұйымдастыруға қатысты жиын өтті.

жолаушы тасымалы.

Күн тәртібінде аудан аумағына қарасты жолдардың күтіп ұсталуы мен жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау мәселелері қаралды. Отырыс барысында облыс орталығы бағытына қатынайтын заңсыз такси қызметімен айналысатын азаматтардың көптігі сөз болды. Алдымен сөз алған аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Медет Сисеновтың айтуынша, Бөкей ордасы ауданы бойынша такси қызметімен айналысатын 48 тұлғаның тізімі жасақталған. Олардың 23-і «Сайқын-Орал», 7-еуі «Бисен-Орал», 13-і «Хан Ордасы-Орал», 2-еуі «Бөрлі-Орал», 3-еуі «Ұялы-Орал» бағытына жолаушы тасымалдайды. Сонымен қатар газель жүк автокөліктері де жолаушыларды және багажды заңсыз тасымалдауда. Жыл басынан бері бірде-бір азамат «Е-лицензиялау» қызметі бойынша өтініш білдірмеген. Яғни, қазіргі таңда кәсіпкер ретінде тіркелгенмен, бәрі де заңсыз жүруде. Тек екі азамат облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан конкурспен жеңіп, тиісті құжаттарымен «Хан Ордасы-Орал», «Сайқын-Орал» бағытына қатынауда. Кәсіпкер ретінде тіркелмей табыс тауып жүргендерге ескертулер берілуде. Бірақ заңсыздық тоқтар емес.

- Облыс орталығына қатынайтын такси қызметін заңдастырып, күн сайын медициналық тексеруден өтіп, тұрақты автобекет жасақтайтын орынды белгілеу керек, - деп өз ұсынысын білдірді аталған бөлімнің басшысы.

Ал аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Бақберген Молдағалиев жол-көлік оқиғалары мен жол қауіпсіздігі ережелерінің алдын алу бойынша баяндама жасады.

Аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева:

- Қалай болғанда да заңсыздықтың аты заңсыздық. Заңсыз таксилерге тосқауыл керектігі анық. Біздің мақсатымыз такси қызметінің жұмысын тоқтатып, табысын есептеу емес. Сондықтан көлік жүргізетін тұлғаларға жол-көлік оқиғасын болдырмау үшін заңға сәйкес талаптарды орындауға жарнама жүргізуіміз керек, - дейді.

Аудан басшысы Нұрлыбек Жасқайратұлы тиісті сала басшылары мен ауылдық округ әкімдерін бірлесе отырып жұмыстануға шақырып, нақты тапсырмалар берді.

Ару Айдын,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале