5.09.2022, 9:35
Оқылды: 63

Жолдау міндеттері іс жүзінде көрініс тапса...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты бұл жолғы Жолдауын мен де зейін қоя тыңдадым. Еліміздің экономикалық-әлеуметтік ахуалын жақсарту, халық пен билік арасын одан әрі жақындата түсу сынды көптеген жайлар егжей-тегжейлі айтылды. Әсіресе, көпбалалы ана ретінде еліміздің әлеуметтік дамуына қатысты өзгерістер көңілге қуаныш ұялатты. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу, оған қоса тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту сынды мәселелерге дейін көтерілуі көрегенділік қой.

2

Тірлігіміздің түп тамыры осы саламен байланысты болғаннан кейін бұл жердегі ахуал бізге жақсы таныс. Бұдан әрі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынып, 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасау міндеті қойылып отыр. Мұның бәрі ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтатындығы бесенеден белгілі жайт. Айтпақшы, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылуы да жастарға жасалып отырған айрықша қамқорлық екені айқын. Ал енді 2024 жылдан әрі Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылып, кәмелет жасына толғаннан кейін бұл қаржыны олардың баспана немесе білім алуға жұмсауына жағдай жасалуы тіптен ғажап  емес пе?! Ауылдық жердегі көпбалалы отбасыларының тұрмыс-тіршілігі өзіме етене таныс болғандықтан, ақтарылып жатқан ойлар ғой бұл.

Жасыратыны жоқ, бұл Жолдауда шалғай ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету жайы да назардан тыс қалмаған. «Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды» деп Президенттің өзі шегелеп айтуы біраз жайды аңғартса керек. Бұл дегенің ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға толық бағыт ұстағандықтың көрінісі. Президентіміз өз Жолдауында еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай көтеру туралы да  сөз қозғады. Ендігі тілек, осы ізгі ниеттер іс жүзінде көрініс тапсын дейміз.

Айнұр Мусина,

көпбалалы ана,

Бөкей ордасы ауданы

Сайқын ауылы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале