26.07.2022, 17:45
Оқылды: 69

Жолдың жұмысын жеделдеткен дұрыс

Казталов аудандық мəслихатының депутаты ретінде бүгінгі менің қоғамдық қабылдауыма Бірлік ауылдық округінің тұрғыны, еңбек ардагері, қауымдастық мүшесі Қадер Байболов ақсақал жазылып, кездесуімді сұраған болатын. Ақсақалдың көтерген мəселесі – жол. Яғни, Əжібай ауылына кіреберіс 3,4 шақырым жолдың құрылысы. Орташа жөндеу жұмыстары былтыр басталған жолдың 1,2 шақырымы ғана жөнделген. Ал қалған 2,2 шақырымына қажетті материалдар тасымалы аяқталса да басқа жұмыстар жүзеге аспай тұр. Ауыл халқының жанайқайын жеткізген ақсақал біраз жайтты жайып салды.

20220726_110938

- Бұл жолдың құрылысы басталған кезде қуандық. Былтыр біраз жерге асфальт төселді. Басшылар қалған жұмыс 2022 жылы аяқталады деп бізді сендірді. Əттең, көктем өтіп, жаз бітуге қалды. Жолға жауапты мердігер құрылысқа керекті материалдарды тасып қойғанымен, əлі жұмысын бастар емес. Оның қасында Нұрсай мен Бостандық ауылдарына кіреберіс жолдарының қара жамылғысы төселіп бітті. Ал бізде əлі басталатын емес. Сонымен қатар жолдың жоғарғы қабатына төселетін асфальттың сапасы нашар. Бүгіннің өзінде тесіліп жатыр. Ал бұл жолдың жайы 5-6 жылдан кейін не болмақ?!, - деген уəжін алға тартты.

20220726_114008

Расында ауыл ақсақалы дұрыс мəселе қозғап отыр. Осы мəселеге қатысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары мекемесінің басшысы Артур Берденовпен құрылыс басынан кездесіп, мəселенің жауабын сұрадық.

20220726_114800

- Бұл жол былтыр басталғанымен, қаражаты екі жылға бөлінген. Құрылыс жұмыстарын ұтып алған "ЖайықСити" ЖШС. Мердігер мекеме жолға қажетті материалдарды тасып қойды. Ендігі кезекте 1 тамыздан бастап жолдың жөндеу жұмыстарына кіріседі. Олар бүгінде Жалпақтал ауылындағы жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жалпы бұл компанияның жұмысы жаман емес, - деді Артур Амантайұлы.

20220726_114304

Мұнымен қоса ауыл ақсақалы Казталов ауылы мен Əжібай арасындағы, Казталов-Жəнібек республикалық жолы бойында орналасқан көпірлердің жөндеу жұмыстарына да қатысты сынын айтты. Ақсақалдың айтуынша, көпір құрылысы биыл бітпей қалса, осы жолмен қатынайтын жолаушылар үшін көпірден өте алмау мəселесі туындамақ. Ақсақалдың сөзіне құлақ асып, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан көпірлер басынан табылдық. Расында, Казталов пен Əжібай ауылдары арасындағы төрт көпірдің төртеуі бірдей жөнделу үстінде. Барлық жұмыстарды "Uniserv" ЖШС атқаруда. Құрылыс жұмысы қызып жатқан екінші көпірдегі мердігер мекеме өкілдерімен кездестік. Құрылыс басында жүрген техникалық қадағалау жүргізетін "ТехСтройКонсалдинг" ЖШС инженері Қанат Əлбергенов барлығын түсіндіріп берді.

- Бұл нысандарды жөндемес бұрын арнайы техникалық бақылау жасалып, 40 жыл бұрын салынған көпірлердің үстіңгі қабатын ауыстыру туралы шешім қабылданған. Ал тірек болған бағандарының техникалық жағдайы жақсы болғасын қалдырып, жөндеу жұмыстары ғана жүргізілді. Көпірлердің жөндеу жұмысын биыл бітіреміз. Республикалық жолдың құрылысы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында, - дейді маман.

Өздеріңіз байқағандай, жолдың құрылысы сапалы болмаса, бұрынғы сары балшық жолың арман болатын түрі бар. Оған мысал, Чапай ауылынан Казталов бағытына шығатын 20 шақырым жолды көріңіз. Қатты келіп, мойыныңыз үзіліп қалмасын. Сол секілді бүгін тесіліп, ертеңгі күні уайым болатын жол кімге керек?!

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале