24.05.2022, 15:45
Оқылды: 89

Жолың болсын, жас түлек!

Ертең еліміз бойынша барлық білім ордаларында соңғы қоңырау рәсімі өтеді. Алтын ұя мектебін, білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаздарын қимай жүрген түлектердің хал-жағдайы бізге жақсы таныс. Биыл Теректі ауданында 2021-2022 оқу жылында 311 түлек жаңа өмірге қадам басады. Оның 247-сі ҰБТ тапсырып, білімін сынауды көздеп отырған көрінеді. Барлығы ретімен болса, Теректіде 17 шәкірт  «Алтын белгі», 12 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанбақ.

0-89

Суреттің дереккөзі: Janalyq.kz

Осы орайда мектебімен қоштасқалы жүрген түлектер мен олардың ұстаздарымен мамандық таңдау мәселесі жөнінде тілдестік. Өйткені, бұл өмірде жар және мамандық таңдаудан қателесуге болмайтыны бесенеден белгілі. Бірі өмір бойы сүйенішің болса, екіншісі – азығың.

Мамандық таңдау – маңызды іс

Он бір жыл оқыған мектебіне жас маман болып оралған Жансұлу Меңдіқұлова (суретте) қазіргі таңда оқушыларға бағыт-бағдар беруде жұмыстанып жүр.

WhatsApp Image 2022-05-24 at 12.48.46

2016 жылы Сарыөмір ауылындағы Хамза Есенжанов атындағы жалпы орта білім беретін мектебін «Алтын белгіге» бітірген Жансұлу ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түседі.  Өзі таңдаған тарих, археология және этнология факультетінде 4 жыл білім алған соң, түлеп ұшқан алтын ұясында қызмет етуді жөн санаған.

-«Тарих – өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге өнегесі», - деп тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, өткен тарихымызды білу әр қазақ баласының міндеті деп білемін. Бұл мамандықты сүйіп таңдадым. Ата-анам да бұл таңдауыма қарсы келмеді. Енді, міне, студентік төрт жылым аяқталып, өзімді үлкен өмірге қанат қақтырған алтын ұяма жас маман ретінде қайта оралдым. Кезінде маған тәлімім-тәрбие беріп, білім берген мектебімнің игілігі үшін қызмет ететініме қуаныштымын. Аяулы ұстаздарымның қасында маман ретінде жетіліп жатырмын. Алдағы уақытта мұғалімдерімнің үйреткенін өз шәкірттеріме үйретемін, - деп бастады әңгімесін Жансұлу Болатқызы.

Жас маман мектеп бітіруші түлектерді  ҰБТ-ға моралды тұрғыда дайындап, мамандық таңдаудауда бағыт-бағдар беріп, білгенімен бөлісіп жүр.

-Мамандық таңдау – жас түлектің өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі. Оқушының қай салаға икемді, қай салаға қызығушылығы жоғары екенін нақты білу маңызды. Өз жұмысын сүйіп істейтін маман ешқашан шаршамайды. Сол себепті, әр шәкірт мамандықты өз қалауымен таңдаса, ал ата-анасы түсіністік танытып, қолдаса игі болар еді. Абай атамыз өзінің қара сөзінде адамның адамнан тек көрген, білгенімен ғана озатынын айтады емес пе?! Шәкірттерім қандай мамандық иесі болса да, білім іздеу жолында қанаттары талмаса екен. Жолдары әрдайым ашық болса екен, - деді Жансұлу Меңдіқұлова.

«Менің таңдауымды сыйлайды»

Қазіргі оқушылардың өз қалауымен өмір сүретіндері жасырын емес. «Кезінде мен оқи алмап едім. Енді сен соны оқисың» дейтін заман келмеске кеткен. Психолог мамандар да баланың қабілет-қарымына қарай мамандық таңдауға кеңес береді. Ата-ананың көңілі үшін өзіне ұнамайтын мамандықта оқып, «Сендер айтқан соң оқыдым, міне, диплом» дегендердің талайын көрдік. Кәдеге аспай, сандық түбінде сарғайып жатқан дипломдар саны қаншама?

Аңқатылық Қарақат Себепова (суретте) өзінің нені қалайтынын бастауыш сыныпта оқып жүргенде түсінген.

IMG-20220524-WA0010

-Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін таңдадым. Бастауыш сыныптан бастап, осы пәндерден мектепішілік, аудандық олимпиадаларға, түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иелендім. Сәтін салса, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімін даярлау немесе филология факультетінің студенті болғым келеді. Осы пәнді таңдаймын деп 10-сыныпта түбегейлі шешім қабылдап, дайындықты бастап кеттім. Менің таңдауыма ешкімнің қарсылығы болмады. Ата-анам менің таңдауымды сыйлайды. Үлкен қолдау білдіріп отыр, - дейді ертең мектебінен түлеп ұшатын жас түлек.

Қарақат ҰБТ-ға қызу дайындық үстінде. Қаңтар, наурыз айларында ақылы тест тапсырып көрген. Қаңтардағы нәтижесіне көңілі толғанмен, наурыз айында жаңартылған білім форматына сай сұрақтар күрделенген соң, нәтижесі өзгеріссіз қалыпты.

-Біздің бағымыз бар. Биыл мектеп бітіретін түлектерге грантқа түсу үшін екі рет тест тапсыруға мүмкіндік берді. Одан бөлек, ұлттық тестілеу орталығының басшысы да бізге көптеген жеңілдіктер жасауда. Енді уақытты бос өткізбей, мүмкіндікті тиімді пайлануымыз керек, - деді Қарақат Жүсіпқызы.

Ұлттық бірыңғай тестілеу – сынақтың бастамасы. Сынақтан сынбай, жоғары балл жинап, қалаған мамандықтарыңызға оқуға түсулеріңізге тілекшіміз. Сәт сапар, жас түлек!

 Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале