15.12.2022, 11:00
Оқылды: 48

Жомарт жандар марапат төрінде

Айналадағы адамдарға деген мейірім мен қамқорлық адамгершілік пен имандылықтың өлшемі болып саналады. Жақсылыққа ұмтылған жан алдымен қайырымдылық жасайды. Ел тарихы - тұлғалар арқылы жасалатынын ескерсек, Тасқала ауданында да көптің алғысына бөленіп жүрген жандар жетерлік. 

жомарт жүрек

Бұл – атадан келе жатқан игі дәстүрдің бүгінгі жалғасы, қазақы қасиетіміздің айқын белгісі. Осы уақыт аралығында қаншама істер атқарылып ауылдың, ауданның ажарын кіргізді. Одан бөлек қайырымдылық шаралар көптеген жандардың қуанышына ортақтасты. Осы ретте шетте жүрген азаматтарымыз аянып қалмай қолдарынан келгенше туған жерді көркейту мақсатындағы жұмыстарға белсене атсалысты. Қалталы кәсіпкерлер демеушілік жасап, әлеуметтік қызмет орындары, спорт алаңдары, балаларға арналған демалыс ошақтарының салуына тер төкті. Айналып келгенде қаражатқа келіп тірелетін мәселелер көптің жұмылуымен шешілді. Міне, туған жерге деген лебіздерін осындай жанашыр, ізгі ниеттерімен білдірген жандарға алғыс айту артық болмас. Кейінгі жастарға үлгі көрсетіп патриоттық сезімін ұштаған аға буын жерлестерімізге құрмет қашанда жоғары. Осы орайда бүгін «Ақниет+» мейрамханасыда Тасқала аудандық «Жомарт жүрек – 2022» премиясын табыстау рәсімі өтті. Шараға арнайы қатысқан аудан басшысы Бауыржан Айтмағамбетов ауылдың, ауданның ажарын кіргізіп, қайырымдылық шараларға белсене қатысқандарға аудан халқы атынан алғыс айтты.

«Құрметті жерлестер, қадірлі ағайын! Бүгін міне «Жомарт жүрек – 2022» премиясын табыстау рәсімі өткізіліп отыр. Бұл дегеніміз ауданымзыға өз үлестерін қосқан азаматтарды ұлықтау болып табылады. Яғни, ауданымыздың көркеюіне жылдан-жылға үлестерін қосып жүрген азаматтарымыз үшін берілетін үлкен сый. Еліміздің даумына қосқан үлестеріңізге мың алғыс. Үлкен жетістіктерге жетейік. Ауданымыз одан әрі гүлденіп дами берсін. Тасқаламыз жайнай берсін! Жомарт жүректі жандарға басымызды иеміз, - деді аудан әкімі Бауыржан Есқайырұлы.

Салтанатты шара барысында Банк жүйесінің білгір маманы, белгілі қаржыгер, табысты кәсіпкер, еліне қайыры тиіп, көпке қайрымы өтіп жүрген жомарт азамат Леонид Абложейге «Жомарт жүрек» премиясы мен «Тасқала ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

жомарт жүрек 2

Сонымен қатар жеті баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп отырған батыр аналардың бірі Наталья Владимирқызына «Алтын алқа» белгісі табысталса, ауданымыздың дамуына қосқан үлестері үшін бірқатар азаматтарға «Жомарт жүрек – 2022» премиясы берілді.

Болатбек Сапарғалиев,

Тасқала ауданы 

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале