28.04.2021, 10:14
Оқылды: 46

Жөні бөлек жәрмеңке

Тасқала ауданының орталығында өңірімізге танымал бағбандар жеміс көшеттерінің жәрмеңкесін ұйымдастырды. Сондай-ақ арнайы аудан тұрғындары үшін бағбан-селекционер Қайрат Кәрімов жеміс көшеттерін дұрыс егу және оны күтіп-баптау бойынша жеке шеберлік сағатын өткізді. Шараға аудан әкімі Алдияр Халелов қатысты.  

2D173CB7-909D-4A78-BB87-14BCA2A59A4B

Аудан басшылығының бастамасымен биыл бірінші рет ұйымдастырылып тұрған жеміс көшеттерінің жәрмеңкесіне жиналған адамдардың қарасы көп болды. Жәрмеңкеге өңірімізге танымал «Уланов П.С.» шаруашылығы, жас кәсіпкер Бейбіт Иманғалиев, С.Исаев атындағы халықаралық эксперименталдық коллекциялық бақ-тұқымбақтың (питомниктің) негізін қалаушы Қайрат Кәрімов және т.б. бақ ұстайтын жеке кәсіпкерлер арнайы шақырылған.

– Қазіргі таңда «Менің аулам – менің бағым» бағдарламасы бойынша жұмыстанып жатырмыз. Аудан орталығынан бөлек басқа ауылдардан да бақ өсіруге қызығушылық танытқан тұрғындар келіп жатыр. Көшетті егудің өзіндік ережелерін қарапайым көпшілік біле бермейді. Сондықтан аудан тұрғындары үшін Қайрат Кәрімовті арнайы шақырттық. Бағбанның айтқан кеңестері  мен шеберлік сағаттарын көпшілік ұйып тыңдады. Көкейлерінде жүрген сұрақтарға тұшымды жауап алды. Осыдан-ақ бүгінгі ұйымдастырылған жәрмеңкенің мағыналы болғандығын байқадық. Осындай жәрмеңкені екі жыл бұрын құс өсіру бағытында ұйымдастырған едік. Өйткені ауыл тұрғындарының құс баптап, терек өсіруге ниеттері болғанымен, қалаға барып, оларды алып келуге бәрінің бірдей мүмкіндігі бола бермейді. Оған көлік керек, қаражат жағы тағы қинайды. Осының бәрін ескере отырып, халыққа қолайлы болуы үшін осындай жәрмеңкелерді қолға алдық. Бұл бастаманы дәстүрге айналдырамыз. Әрбір аулада бақшасы жайқалған, құс баптап, мал өсірген шаңырақта береке болады, – деді аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы.

Жәрмеңкеге келіп, жеміс ағаштарын сатып алуға ниет танытқандардың қатары көп. Олардың ішінде зейнеткерлер де бар.

– Замандастарымның біреуі балықшы болса, біреуі аңшы. Ал мен бақшамен айналысамын. Қазір зейнет жасындамын. Қолым бос, уақытым көп. Аулаға шығып, таза ауамен тыныстап, күні бойы бақшада жүремін. Бүгінгі жәрмеңкеден сары өрік (абрикос) пен алма көшеттерін сатып алдым. Бұрыннан да ауламызда жеміс ағаштары бар еді. Енді тағы да жеміс ағаштарымен толықтыратын болдым. Бүгінгі шара өте керемет ұйымдастырылған. Жыл сайын өткізіліп тұрса деген тілегім бар, – дейді аудан тұрғыны Тілекқабыл Ертаев.

Жәрмеңке туралы С.Исаев атындағы халықаралық эксперименталдық коллекциялық бақ-тұқымбақтың негізін қалаушы Қайрат Боранбайұлы да оң пікірін білдірді.

– Аудан әкімінің шақыртуымен аудан орталығында өткізіліп жатқан жәрмеңкеге қатыстым. Бір қуанарлығы, жеміс ағаштарын отырғызуға адамдардың құлшынысы жоғары екен. Жиналған тұрғындарға көшеттерді дұрыс егу туралы өз тәжірибеммен бөлісіп, шеберлік сағатын өткіздім. Өзім де Тасқала топырағының тумасымын. Кезінде бірнеше ауылдың іргесінде алма бақтары болатын. Олардың барлығы күтімсіз қалып, жабайыланып кетті. Соларды қайтадан жандандырса, ауыл адамдарына зор пайдасын әкелер еді. Қазір экология бұрынғыдай емес, топырақ тозып, жер асты сулары тартылып, құрғақшылық белең алуда. Ал экологияны құтқарудың бірден-бір жолы – ағаш егу. Сондықтан жеміс ағашы болсын, басқасы болсын аулаңызда жайқалып тұрса, қандай керемет! – деп атап өтті бағбан Қайрат Кәрімов.

Ал бақ өсірудің фанаты Бейбіт Иманғалиев Шежін ауылының маңындағы бұрынғы алма бағының орнына биыл 500 түп алма ағашын егуді қолға алған.

– Кеңес өкіметі кезінде әр ауданда алма бақтары болғанын бәрі біледі. Өкінішке орай, олардың көбі қараусыз қалып, күтімінен айырылды. Біздің ендігі міндет сол бақтарды қайта жаңғыртып, жандандырсақ дейміз. Дәл осындай бақ Шежін ауылында да болған. Аумағы 5 гектар жерді құрайды. Менің алма өсіру туралы ұсынысыма аудан басшылығы барынша қолдау көрсетіп, көмектерін беруде. Бүгінгі күні аумақты түгелдей қоршап, жері жыртылды. Әуел баста қатаң континенталды климатқа төзімді, бір жылдық, будандасқан, әр түрлі сұрыптан 350 түп алма ағашын егемін деп жоспарлағанмын. Бірақ енді оны 500 түпке жеткізу үшін жұмыстанып жатырмыз. Алма ағашынан басқа қылқанжапырақты ағаштарды да егуді қолға алдым, – дейді Бейбіт Иманғалиев.

Осындай халыққа пайдалы жәрмеңкелер алда да жалғасып тауып, ауыл тұрғындарының ауласы жасыл желекке орана бергей дейміз.

Ләззат  Шағатай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале