24.01.2025, 17:32
Оқылды: 32

Жоспар нақтыланып, тапсырмалар берілді

Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшыларының қатысуымен жиын өтті.

IMG-20250123-WA0024

- Жылды қорытындылап, әр мекеме басшысы есеп беріп, 2025 жылы атқарылатын іс-шаралар мен қолға алынатын жобалардың кешенді жоспарын қорғаған еді. Әрқайсыңызды мұқият тыңдап, бюджет қаржысының мүмкіндігіне қарай өтінімдеріңізді қамтуға тырыстық. Енді міндетті қаржыны мақсатты жұмсап, жұмысты дер кезінде әрі сапалы орындау, - деді аудан басшысы.

Аудандық қаржы және экономика бөлімінің басшысы Раушан Абдоллина қазына қаржысының қай салаға, қандай жобаларға бөлінгені туралы хабарлама жасады.

Баяндамашының айтуынша, биыл іргелі істер қолға алынбақшы. Саралжында екі бірдей бөгетке жөндеу жүргізілмек, ал Бөрлі ауылдық округінде әкімдікке арналған ғимарат бой көтермекші.

Көптен бері есептік кездесулерде көтерілетін тұрақты  мәселеге айналған Мәмбет елді мекеніне су тарту, электр желілерін жаңарту, көшелерді жарықтандыру мен көше жолдарын жөндеу де биыл шешімін таппақ. Таратып айтсақ, Хан ордасы мен Бисен ауылдарындағы бес көше жолы, Сайқын ауылындағы он бір көше жолын жөндеу жұмысына қаржы қарастырылды.

Ұялы, Кеңойдың көшелері де  жарықтандырылады.
Бюджет қаржысының басым бөлігі әдеттегідей мәдениет саласына қарастырылған.

Естеріңізге сала кетсек, биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл. Осыған орай ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүрмек. Одан бөлек көшпелі сахна, ЛЭД экрандармен, музыкалық аспаптар, сахналық киімдермен қамтамасыз етуге де қомақты қаржы қарастырылып отыр.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы сметалық-жобалық құжаттаманы уақтылы әрі техспецификаға сай сауатты толтырып, өтінімді дер кезінде тапсыруды, жұмыстың сапалы орындалуын қатаң назарда ұстауды тапсырды.

 

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале