11.12.2020, 11:27
Оқылды: 112

Жүйріктерді анықтаған марафон

Аудандық спорт кешенінде Жаңақала ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай тұңғыш рет қысқы жартылай марафон өтті.

0EFFD765-8585-46D2-B01B-8C67436E7D62

Дүбірлі жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева, БҚО ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы төрағасы Дулат Мақатов, БҚО ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы, әуесқой спортшы Ерболат Исанов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақан Қапанов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Талғат Жанболатов, аудандық «Jastar» спорт клубының директоры Жанболат Ғұмаров қатысты.

- Жүгіру марафонына қатысушы спортшыларға сәттілік тілеймін. Ауданымыздың 90 жылдығына орай биыл түрлі шаралар ұйымдастырылған болатын. Соның ішінде бірнеше спорттық шаралар болған. Елімізді жайлаған пандемияға байланысты жоғары деңгейдегі спорттық шаралардың біразы шегеріліп, кейінге қалды. Дегенмен де туған жеріміздің 90 жылдығына байланысты жоғары деңгейдегі жартылай марафонын өткізуге БҚО ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы төрағасы Дулат Мақатов ініміз ұсыныс тастаса, оны ұйымдастырған аудандық «Jastar» спорт клубына, қолдау білдірген жас кәсіпкерлерге алғысымды білдіремін, - деді құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары А.Нұрғалиқызы. Мұнан кейін сөз алған Д.Нұрланұлы:

- Туған өлкеміз Жаңақала ауданы 90 жылдығына орай аудан тарихындағы жүгіруден бірінші жартылай марафон ұйымдастырдық. Өте жақсы әсер алды қатысушылар және қонақтар. Күн - 21 градус салқын болса да, қатысушылардың жігері жасымады. Жарыстың деңгейі жоғары болды деуге толық негіз бар. Өйткені қатысушылар арасында ҚР чемпионатына қатысушылар, жүгіруден Бішкек, Алматы, Шымкентте сборға қатысқандар, облыс чемпиондары болды. Қатысқандардың біреуін де құр алақан жіберген жоқпыз. Әрине, қазіргі карантиндік шектеулерді ескере отырып, жартылай марафон оффлайн форматта және де шектеулі қатысушылар санымен өтті (30 адам).

Аудан әкімдігі шараны өткізуге атсалысып, қауіпсіздік шараларымен, жедел жәрдем көмегімен қамтамасыз етті. Шарамыздың жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен аудан әкімі Наурызбай Қарағойшинге, аудандық «Jastar» спорт клубына алғысымыз шексіз.

Спорт - деңсаулық кепілі. Ауданның абыройын асқақтату, дамуына аз да болса өз үлесімізді қосу және салауатты өмір салтын насихаттау біздің басты мақсатымыз болып қала бермек, - деді ол.

Айта кетсек, Нұрболат Ибрашев, Саламат Сертеков, Мақсат Бекқайыров, Мұрат Мақсотов, Нұрсұлтан Шамұратов ауданымыздың мәрт-жомарт азаматтары жарыстың өтуіне демеушілік жасап, қолдау көрсетті. Жерлесіміз Дулат Мақатовтың және ауылымыздың белсенді жастары Нұрбек Бекқалиев, Аманжол Ибрашев, Нұрәлі Мақатовтың ұсынысымен жүзеге асырылған жарысқа Орал қаласының, Казталов, Сырым, Бәйтерек және Жаңақала аудандарының әуесқой жүйріктері қатысып, бақ сынады. Аталмыш марафон 5, 10, 21 шақырымға жүгіру бойынша өткізілді.

Жарыс қорытындысы бойынша 5 шақырымдық қашықтықта жүгіріп, Оралбек Құттығалиев (Орал қаласы) жүлделі I орынға ие болса, II орынды Сұлтан Ахинбасов (Казталов ауданы) еншілеп, III орынды Досжан Қабен (Казталов ауданы) олжалады. Бұдан кейін 10 шақырымдық қашықтықта жүгіріп, өзінің мықтылығын дәлелдеген Баубек Ильясов (Казталов ауданы) I орынды қанжығасына байласа, II орын Нұрлыхан Бекежанға (Сырым ауданы), III орын Рафхат Асылмұратовқа (Бәйтерек ауданы) бұйырды.

Ал 21 шақырымдық қашықтықта жүгірген Ерболат Исанов (Сырым ауданы) I орынды иеленсе, Архат Исенғалиев (Орал қаласы) II орынды, Асылбек Ахатов (Орал қаласы) III орынды жеңіп алды. Сондай-ақ «Жеңіске деген жігері үшін» бағамымен қалған спортшылар марапатталды.

Қатысушы жарыс жеңімпаздарына ұйымдастырушылар атынан диплом мен медаль, естелік сыйлықтар табыс етілді.

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале