18.08.2021, 15:18
Оқылды: 74

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»

Жуырда Тасқала ауданы әкімдігінде ауылдық округ әкімдері, жастар жетекшілері мен сала басшыларының қатысуымен жиын өтті. Аталмыш жиында бірнеше мәселе айтылып, жасалып жатқан жұмыстар тағы бір мәрте пысықталды. Дәл осы жиынға еңбек ардагерлері де қатысып отырды. Оның да өз себебі бар еді. Кездесу барысында алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Алдияр Халелов алдағы уақытта жасалатын жұмыстар жөнінде баяндады.

 б2

- Ауылдық жерде тіршілік еткеннен кейін, оның қызығын еңбек ету арқылы көру керек. Егер еңбектенбесек, онда бізге ауылдың не қажеті бар? Қазіргі таңда барлығы дерлік бар. Тек еңбектенуіміз қажет-ақ. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда біз ештеңе өндірмейміз. Өзіміздің қорамыздағы малымызды тек қана ет бағытында ұстап отырмыз. Яғни біз ол ірі қара малды саумаймыз. Өздеріңіз білетіндей, сиырдың сүтінен бірнеше өнім алуға болады. Сүт, қаймақ, ірімшік, май, айран және құрт жасауға болады. Қып-қызыл ақша әкеледі. Табыс табуға болады. Еңбектенуге келгенде желкенің қыры жібермейді. Неге? Сұрақ бар, жауап жоқ. Сол сұрақтың жауабын бәріміз бірлесіп шешуіміз керек. Ұсақ малдың да адам баласына әкелер пайдасы мол. Қойдың жүні мен еті. Ешкінің сүті пайдалы. Қазіргі таңда жүнді ешқайда өткізе алмаймыз деген сылтауға ұқсас әңгімелерді естиміз. Жүннен керемет қазақы нақышта көрпелер жасауға болады емес пе? Тіпті кейбір елді мекендерде малды бақташысыз өріске жібереміз. Себебі оны бағатын бақташы жоқ. Ауылдық жерде ешкім жұмыс істегісі келмейді. Сонда біз мына түрімізбен қалай дамимыз, қалай әлеуметтік жағдайымызды көтереміз. Әлемді шарлаған індет кезінде көптеген көмек көрсетілді. Қолымыздан келгенінше бәрін өзіміз істеу керекпіз. Бау-бақша егейік, одан өнген өнімнің дәмін татайық. Біздің тарапымыздан бірнеше көмек көрсетілуде. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Аудан деңгейінде белгіленген жерді жыртып бердік. Суаруды да ұйымдастырып беріп отырмыз. Егер мұндай жеңілдіктер жасамасақ, бау-бақша егуге де еріншектік танытар еді. Қазір қарасаңызшы, бүкіл ұжым болып бақша алаңында жүр. Тіпті кейбір тұрғындар бала-шағасын бірге ертіп жүргенін көріп қуанасың. Яғни үйінде босқа телефонға телмірмей, алаңға келіп, ата-атансымен бірге еңбектенуде. Ертең күз айларында өнім алып, отбасымен бірге отырып ауқаттанады. Тұқым әкелуге де көмегімізді аямадық. Биылғы жылы голланд тұқымын әкеліп, халыққа үлестірдік. Енді осыны жақсылап қолға алуымыз керек. Біз осы жұмыстарды былтырдан қолға алып едік. Ауыл әкімдері де берілген тапсырманы орындауда. Тасқалалықтарды осыған баули беруіміз керек, - дейді аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы.

Кәсіпкерге жол ашық

– Кәсіппен айналысамын деген адамдардың қолын қақпай, тиісінше, оларға қолдау білдіруіміз керек. Биыл да бақша отырғызу үрдісі жалғасып отыр. Сұраныс та жоқ емес. Негізі біздің ауданның әлеуеті мықты.

б1

Қазіргі заманда әркімге қол жайып, маған «анау керек, мынау керек» дейтін уақыт емес. Бәрін өзіміздің қолымызбен жасауымыз керек. Мәселе болса, бірлесіп шешуіміз қажет. Бақшаға қатысты дақылдарды біртіндеп отырғыза беруіміз дұрыс болады. Қазіргі уақытта картоп пен сәбіздің қымбатшылығы көрініс табуда. Осылардың бәрін ұйымдастырып шешу сіз бен біздің міндетіміз. Жаз бойы еңбектеніп алған өнімімізді саттыққа шығармасақ та, өзімізді қаматамасыз ететіндей болса, оның өзі жақсы болар еді?! Жоғарыда атап өткенімдей, қазіргі таңда картоптың бағасы қымбат екендігін жақсы білесіздер. Осылардың бәрінің алдын алсақ, біз ешқандай қымбатшылықты сезінбес едік. Айтылған ұсыныстардың барлығын жасауға тек халықтың ниеті керек. Соңғы үш жылда құс шаруашылығын жақсы қолға алдық. Ол үрдіске айналды. Аудан тұрғындарынан сұраныс түсуде. Яғни алға жылжу бар. Әрбір ауылдық округ әкімдері біледі. Берілген тапсырманы орындап, ауыл тұрғындарына жеткізіп беруде. Яғни құс мәселесі шешілді. Мұны біз не үшін жасап жатырмыз? Біз тек қана жылқы, сиыр және қой шаруашылығы емес, сонымен қатар құс шаруашылығын да қолға алуымыз керек. Қазір қарап тұрсаңыз, ауыл дүкендеріне тауарды қаладан тасиды. Негізінен үй құстарының өнімі жергілікті сауда орындарының сөрелерінен табылуы қажет. Құспен айналысып пайдасын көрсе, ауылдық жерде де бәсекелестік пайда болады. Ал бәсекелестік бар жерде, даму бар. Құс шаруашылығымен айналысамын дегендер үшін аудан орталығында бірнеше жәрмеңке ұйымдастырдық. Осылайша халықтың сұрағанын жеткізіп бердік. Былай қарасаңыз, он шақты балапан үшін қалаға бармайды ғой. Алдағы уақытта дұрыс бағытта жұмыстансақ, өнімдерін шығарып сатуға да болады. Алма бағын жаңғырту бағытында да жұмыстар атқарылып жатыр. Биылғы жәрмеңкеде 2500 алма терегі сатылды. Осылар аман-есен өсіп кетсе, нұр үстіне нұр еді. Келер жылы тағы да осындай жәрмеңкелер ұйымдастырылатын болады. Әр аулада 4-5 алма ағашы жайқалып тұрса, өзіміздің балдарымыз таза табиғи өнімнен ауыз тиер еді. Міне, біздің мақсатымызда осы. Халыққа таза өнімдер ұсыну үшін алдымен тынымсыз еңбекқорлыққа жаппай көшуіміз керек. Міне, осындай жұмыстарды халыққа жеткізе бергеніміз абзал. Түсіндіру жұмыстарының да маңызы зор, - дегенді тілге тиек етті аудан әкімі.

Біріккен ұтады

«Ауылдарға жұмыс сапармен шыққан сайын ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері жөнінде айтып жүрмін. Басымыз бірікпей ешқандай дәулет жоқ. Ал басымызды біріктіретін бірден-бір жоба – ол ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Қазіргі таңда ІІ Шежін ауылының малы 100 пайыз АШӨК-нде. Жалпы бүкіл шаруаның алдында алдымен ауылдың тазалығы тұр. Тазалыққа үлкен мән бергеніміз жөн. Ауданымыз шекаралық аймақта тұрғаннан кейін, ауданымыздың үстімен көршілес елдің көліктері өтеді. Егер біздің тазалығымыз төмен деңгейде болса, олар да басқаша көзқарас қалыптасады. Бір ғана ауданымыз арқылы бүкіл мемлекет жайында ой туындайды. Сондықтан тазалық бізден басталуы шарт. Жасыл аймаққа айналуымыз керек. Былтыр Президент жолдауындағы екі бағыт бойынша да жұмыстанып жатырмыз. Біріншісі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жайында болса, екіншісі жасыл терек жайында. Өткен жылы біз пандемияға қарамай жасылдандыру бағытында кім жұмыстана алады соларға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Соның ішінде М. Шевченко грант ұтып алып тәлімбағын отырғызды. Мұның өзі облыс әкімі Ғали Есқалиевтің қолдауымен жүзеге асқан болатын. Тәлімбақ бес алты жылда өнім береді. Егер ниет болса, бұл шаруашылық бәріміздің қолымыздан келеді. Әрбір ауылдық округте жасылдандыру бағытында терек егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауылдың сәні мен көркін кіргізетін жасыл желектер. Сондықтан баршаңызды ауылдың дамуына үлес қосуға шақырамын», - деді аудан басшысы Алдияр Сансызбайұлы.

б3

Сырттай қарағанда қарапайым жиын болып көрінгенімен, ондағы айтылып жатқан мәселелер мен атқарылуы керек шаруалардың мән-мағынасы зор. Жиынға қатысқан еңбек ардагерлері де айтылып жатқан мәселелерге құлақ түріп, өз ойларын ортаға салып отырды. Халықты бірлікке шақырып, еңбекқорлық пен жауапкершілікті арттыру бағытында әр түрлі сала мамандары жұмыстануда. Аудан әкімінің жоғарыда атап өткен мәселелердің барлығы дерлік халықтың әлеуетін көтеруге бағытталған. Ел үшін еңбекетіп жатқанын тасқалалықтар да жақсы біледі. «Қайтсек ауданымызды дамыта аламыз?» деген мазасыз ой әрбір адамның көкейінде жүруі тиіс дегенді де тілге тиек етті аудан басшысы.

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале