11.06.2021, 12:37
Оқылды: 84

Жұмыс тобы құрылды

Бәйтерек ауданында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия құрылды. Аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев төрағалық ететін комиссия құрамына тарихшылар, өлкетанушылар, ардагерлер кеңесінің мүшелері, архив қызметкерлері және ел тарихын білетін азаматтар кірді.

F19791CF-D060-4961-8FA0-531A01CF85B5

Күні кеше алғашқы отырысын өткізген комиссия саяси қуғын-сүргін құрбандары, оның ішінде әскери қызметшілер мен тұтқындар туралы мәлімет жинайтын болады.

Жұмыс тобының отырысын ашқан аудан әкімінің орынбасары Е.Бисақаев құрбандарды ақтау  бағытындағы зерттеуді ұйымдастыру және ауданда жүргізілетін жұмыстардың нақты мақсаты мен міндеттерін айқындау мәселелеріне үлкен көңіл бөлу керектігін айтты.

-Ел Президентінің тапсырмасы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Осындай комиссиялар өңірлерде құрылған. Алғашқы отырыста іс-қимыл жоспарын талқылаймыз. Комиссияның міндеті — саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту ғана емес, тарихты бағалау, материалдарды жинау және талдау. Сондықтан алда атқарылар жұмыс өте көп, - деді өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Ғұмарұлы.

270F5E44-A92B-44D5-8EC6-BD1B0A99B37D

Кейін сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр аудан архиві мен газет беттеріндегі қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар туралы құжаттарды анықтап, зерттеу жүргізу, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ұрпақтары мен туыстарынан сұхбат алу, олар туралы құжат, фотоматериалдар мен өзге де мәліметтерді жинау жұмыстарын ұйымдастыру керектігіне тоқталды. Сондай-ақ әкімшілік-ұйымдастырушылық, зерттеу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын да ұмыт қалдырмау керектігін жеткізді.

-Ауданның көнекөз қарияларымен сұхбат барысында өңірдің Қаратөбе, Сырым, Ақжайық аудандарынан 1928-1932 жылдарындағы кәмпескелеу кезінде ата жұрттан табан тайдыруға мәжбүр болған тұлғалар кері оралып, 1937-1938 жылдары Бәйтерек ауданының Приурал аумағына көптеп қоныстанғаны белгілі болды. Бүгінде олардың ұрпақтары сол аймақта ғұмыр кешуде, құнды деректері мен бабалары ұстап тұтқан  жәдігерлерін қолдарында сақтаулы. Енді сол қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен жүйелі жұмыстанып, ата-бабасының нақты қандай тауқымет көргендігі туралы деректер жинақталатын болады,- деді ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Дүзбатыр.

Аудан аумағында қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар көп, сол себепті тарихшылар мен елдің өткеніне бей-жай қарамайтын тұрғындардың басын біріктіретін осындай жұмыс тобы ауданның Дариян аумағында да құрылды. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Бәйтеректе әлі күнге дейін зерттеуді қажет ететін тарихи деректер көп екенін де атап өтті.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале