18.10.2023, 23:20
Оқылды: 48

Жүрек "тағайындаған" грант

Тамыз айының соңында "Медаль бар, грант жоқ" деп дабыл қағып, бұлдыртылық армспортшы, Азия, Әлем чемпионы Гауһар Рустамоваға грант бұйырмай қалғанын жазған едік.​

IMG-20231018-WA0114

Мақаламыз жарық көргеннен кейін ұзамай Сырым аудан әкімі Жұмагелді Батырниязовтан ақжолтай хабар алдық.

​Ауданның атқа мінер азаматы, спорт жанкүйері, жеке кәсіпкер Мереке Молдағалиев Гауһардың 4 жылдық оқу ақысына көмектесетінін айтты. Сөйтіп, Гауһар мемлекеттік грантқа ие болмаса да, мейірімді жүректің грантына ие болды.​

​Іле-шала жақсы хабарды естіп, Гауһарға, шәкірті үшін талай есікті қағып, шыр-пыр болған бапкері Төлеген Құрашпен де тілдестік.​

- Мемлекеттік грант бұйырмай қалса да, мақаланы көргеннен кейін әлеуметтік желілерде жұбату сөзін айтып, қолдаған, тілеулес болған жандар көп болды. Солардың арасынан "Сырым елі" редакциясының ұжымы мен үшін бір кісідей тақымын қысса, аудан әкімінің араласуымен Медет Қонысбайұлы ағамыз қолдау білдіріп, көмекке келгеніне ризашылығым шексіз. Бапкерім Төлеген Сансызбайұлының да себепкерлігі, шәкіртке жанашырлығы бөлек екенін де айта кеткім келеді. Осылай оқуымның қаражатын мойнына алып, білім алуыма себепші болған барша жандарға, әр жеңісімді жерлестермен бөлісіп отыратын "Сырым елі" редакциясына, қолдау білдірген аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов пен кәсіпкер ағам Мереке Молдағалиевке отбасымның атынан алғыс білдіремін. Алаңсыз оқуымызды оқысақ, спортта әлі талай шыңдарды бағындырарымыз сөзсіз. Сенім білдірген халқыма рақмет!,- деді чемпион қыз Гауһар.

​Гауһар Рустамова бүгінде алғашқы жылының оқу ақысы төленіп, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті, Тілдер және менеджмент факультетінің "Дене шынықтыру" пәнінің мұғалімі мамандығында алаңсыз білім алып жатыр.​

Айжан Бауыржанқызы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале