1.07.2026, 10:15
Оқылды: 9

Жүрек жеңген жолдар

Енді ғана бозара бастаған күздің қоңыр таңы. Ауыл əлі тəтті ұйқы құшағында. Көшелер үнсіз. Айналаны самал желдің сыбдыры ғана тербейді. Сол тыныштықты бір ғана дыбыс бұзып келеді, ол асфальтқа ырғақпен тиген аяқ киімнің үні. Анау ұзын көшенің бойында бір жігіт жүгіріп жүр. Оның ырғағына қарасаң, бұл таңғы жаттығу тəрізді. Оның əр қадамының артында талай жылғы еңбек, талай мəрте жеңілген күндер, талай төгілген тер мен үнсіз төзім жатыр. Ол ешкіммен жарысып бара жатқан жоқ. Оның бүгінгі мақсаты ертеңгі арманына тағы бір қадам жақындау. Ол біздің желаяқ Баубек еді.

image-01-07-26-12-24

Бүгінгі Баубекке қарап, оның бала күнінде жеңістен гөрі, жеңілісті көп көргеніне ешкім сенбес еді. Мектепте оқып жүрген кезі. Ауыл мен қаладағы жарыстардың бірде-бірін қалт жібермейтін. Қарсыластары өзінен əлдеқайда үлкен-тұғын. Олар мəреге жеткенде, Баубек əлі жолдың ортасында жүретін. Жарыстарда жүлде алмай, тек алғысхатпен қайтатын. Сонда да ол ешқашан: «Менен спортшы шықпайды» деп ойлап, өз-өзін сындырған емес. Баубек жүрген сол жолдарда талай жылдар өтті. Өмір өз ағысымен жалғасып жатты. Бірақ жүрегінің бір түкпірінде жүгіруге деген ынта-жігері сөнбей сақталды. Уақыт өте келе, 25 жасында яғни 2019 жылы алғашқы рет «Уральск Раннерс» ұйымдастырған қысқы жарысқа қатысты. Сол күннен бастап жүгіру оның өмірінің бір мақсатына айналды.

Осы жолда оған бағыт көрсеткен адам Асхат Рамазанов деген ұстазы еді. Жүгіруге деген махаббаттың не екенін Баубек алғаш сол кісіден көрді. Əлбетте бала Баубекті ең көп жігерлендірген əкесі мен анасы. Жарыс алдында анасының ақ тілегі, əкесінің үнсіз ғана арқасынан қағуы оған кез-келген марапаттан қымбат еді. Содан бері оның өмірі өзгерді. Таң ата жаттығу. Кешке тағы жаттығу. Күніне жиырма бес, кейде отыз шақырым. Жаңбыр жауса да, қар бораса да, тіпті шаршаса да, мүлдем тоқтаған жоқ.
Бір күні ауылдың үлкендері: - Балам, осы жүгіруден не пайда? Уақытыңды босқа кетірме, - десе, енді біреулері күліп: - Жүгіріп қайда барасың? – деп талай мəрте сындырғысы келді.

Бірақ Баубек ешкімнің сөзін тыңдаған жоқ. Өйткені кейбір адамдарға сөзбен емес, нəтижемен жауап берген дұрыс екенін түсінді. Жарыс сайын өзіне бір ғана суретті елестететін. Мəре сызығы. Көк ту. Əкесі мен анасының қуаныштан жымиған жүзі. Осы ой оны ең ауыр шақырымдарда алға сүйреп отырды. Ақыры көптен күткен күн де келді. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған 180 шақырымдық ультрамарафон. Бұл жарысқа тек аяқ емес, жүрек те дайын болуы керек. Сондай-ақ бұл жарыс Баубек үшін жай ғана 180 шақырым емес еді. Бұл балалық арман мен бүгінгі еңбектің, жүрек пен жігердің, төзім мен тағдырдың таразыға түскен сəті болатын.

Жарыс басталғанда бəрі бірдей еді. Уақыт өте келе əр шақырым адамның шын болмысын ашты. Күн еңкейіп, кеш батты. Артынша қараңғылық жер бетін жапты. Ал Баубек əлі де тау мен тастың арасымен жалғыз жүгіріп келе жатыр. Əр басқан қадамы азапқа айналды. Аяқтарының табаны ісіп, терісі сылынып кеткен. Əр қадам сайын
жараның үстіне қайта басқандай күй кешті. Айнала меңіреу тыныштық. Тек тау мен тас... Тек қараңғы түн... Тек өзінің шаршаған ауыр тынысы... Сол сəтте жүрегінің түбінде екі адамның бейнесі ғана тұрды. Əкесі мен анасы. Үйде олардың тағатсыздана хабар күтіп отырғанын білді. Əсіресе əкесі қайта-қайта телефон шалып, баласының жағдайын сұрап жатқанын естіген сайын жүрегіне ерекше күш біткендей болатын. «Əке, күтіңіз... Мен міндетті түрде жетемін...»
Осы бір ой оның əлсіреген денесіне қайтадан жан бітірді. Қараңғы түнде тау мен тастың арасымен жүгіріп келе жатып, Баубек бала күнгі арманын есіне алды. «Бір күні жеңемін... Бір күні əкем мен анамды қыдыртамын... Бір күні өз қолыммен үй алып беремін...» Ол үшін сол арман кез келген ауырсынудан биік еді.

Сол шақырымдар мен қашықтықтарда шаршау да, ауырсыну да өтті. Бірақ арманы əлі қаз-қалпында... Сол арман оны мəреге дейін сүйреді. Шақырымдар артта қалып, сағаттар өтті... Ақыры алыстан мəре сызығы көрінді. Баубек соңғы күшін жинап, мəреге де жетті.180 шақырымды артқа тастаған оның аяқтары ештеңе сезбеді. Жансыз қалғандай еді. Əлбетте сол қиындықтың бəрі бір ғана сəттің жанында түкке тұрмайтын. Ол – жеңіс. Жүлдені қолына алған кезде Баубектің көзіне еріксіз жас келді. Бұл көз жасы жеңістің, жылдар бойы іште сақталған арманның көз жасы еді. Сол сəтте бала күнінде өзіне күлген адамдар, «қолыңнан келмейді» деген сөздер, барлық қиындық артта қалғандай болды. Адамды мəреге бірінші жеткізетін аяқ емес, жүректегі мақсат екенін білген бала Баубектің мақсатына апарар жолы əлі де ұзақ...

Жұлдыз Асқар,
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале