Желмаядай жүйткіген уақыт ауданымыздың беделді журналисі, «Жайық таңы» газетіне ширек ғасыр редакторлық еткен Болат Есқалиевті жетпістің жотасына шығарды. Ақпарат саласының ардагерін мерейлі жасымен құттықтау үшін бүгін Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ернұр Кнамаев пен Болат Қосжанұлының шәкірті, өңіріміздің белгілі журналисі Біржан Кухаев арнайы барды.

Олар облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің мерейжасқа орай алғаусыз ақ тілегін жеткізіп, Құттықтау хатын табыс етті. Құттықтаушылар өңір журналистикасының дамуына, аудандық баспасөздің беделін арттыруға және бірнеше буын журналисті тәрбиелеуге сіңірген елеулі еңбегі үшін Болат Қосжанұлына алғыс білдірді.
Болат Қосжанұлының журналистік жолы 1979 жылы аудандық «Еңбек» – «Труд», кейінгі «Жайық таңы» газетінде басталды.
Қырық жыл бойы бір редакцияда табан аудармай еңбек етіп, оның 25 жылында редактор қызметін абыроймен атқарды. Өткір публицистикасы, талапшылдығы мен кәсібіне адалдығы арқылы өңірлік журналистиканың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, ауданда журналистика мектебінің қалыптасуына жол ашты. Ол – «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі және Ақжайық ауданының Құрметті азаматы.
Әлия ШАРАПИЕВА
Ақжайық ауданы