23.04.2024, 0:00
Оқылды: 55

Журналистер форумы: Салалық журналистика. Таралым және «Сөз түзер»

«Бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық диалог жүргізудің ашық алаңына айналып, мемлекет пен қоғамның өзара байланысын нығайтуға зор үлес қосып жүр. Еліміздің журналистері озық ой мен тың идеялардың таралуына дәнекер болып, азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді көтереді. Сондай ақ оқиғаларды жан-жақты зерделеп, популизм мен арандатушылыққа тосқауыл болады. Бұл айырықша маңызды миссия. Отандық медиа саласы қаламы жүйрік, ойы ұшқыр тілшілер қауымының кәсіби біліктілігі мен күнделікті тынымсыз еңбегінің арқасында дамып келеді.

436429662_2377570242428800_7246198381517687473_n (1)

Қазақстан журналистері - өз ісінің хас шеберлері ғана емес, азаматтық ұстанымы берік патриоттар» - деп атап көрсеткен болатын Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өткен жылғы бұқаралық ақпарат құралдары күні мерекесінде журналистерге арналған құттықтау сөзінде.

Айтса айтқандай, күннің көзінде, желдің өтінде жүретін, «жегені жантақ, арқалағаны алтын» (Шерхан Мұртаза) ел журналистері өзара пікір алмасу ғана емес, өз-өздерін дамытуды да ешқашан ұмытқан емес. Алматы қаласында өткен өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарының республикалық форумы осындай ойға меңзейді. Жақында ғана өзім қатысып қайтқан бұл форумның тақырыбы: «Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі» деп аталған екен және екінші рет ұйымдастырылуы.

2 күнге жоспарланған форум өте тартысты, қызықты өтті. Бір күнде онның үстінде баяндама жасалғандықтан, олар ұсынған мәліметтерді ойға тоқып қалу қиындау болғанмен, өз көкейімізде жүрген жайттар мен «оң жамбасымызға» келетін мәселелерді қызыға тыңдап, «қылғыта жұтып» отырдық. Жиын «Басылымдарда сапалы контентті қалыптастыру, баспа басылымдарын танымал ету және тарату: аймақтық қырлары», «салалық журналистика», «баспа басылымдарын жетілдіру: жаңа тәсілдер», «басылымдардың балалар контентін қалыптастырудың идеологиялық шарттары мен тетіктері» атты панельдік отырыстарға бөлінді. «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар Ахметов, ҚР Мәдениет және Ақпарат комитетінің төрағасы Мейрлан Раханов бастап ашып берген, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қазыбек Иса мен Ермұрат Бәпи сөз сөйлеген форумның салмақтылығын бағамдай беріңіз.

 Жергілік басылым хақында

Биылғы форумның бір ерекшелігі жергілікті басылымдарға, яғни аудандық, облыстық басылымдарға басымдылық берілген екен. Осы орайдағы Қызылорда облыстық «Сыр медиа» ЖШС Бас директоры Марат Аралбаевтың баяндамасы тәжірибе алмасу ретінде ұсынылғанымен, жергілікті басылымдарға үлгі-өнеге ретінде әсер қалдырды. Келесі журналистер форумы Қызылордада өтсін деген де ұсыныс айтылып қалды. Діни журналистика, әскери журналистика, этножурналистикадан бастап, YouTube арнасы мен әлеуметтік медиа, жасанды интеллекті аралап өтіп, балалар басылымдары, отандық комикстерден бір шықтық қой. Журналистикада көп жылдық тәжірибем болса да бұның бәрі мен үшін қызық болды, әрине. Өйткені, өмір бір орында тұрмайды. Сол сияқты қай-қай сала да жыл өткен сайын өсіп, дами береді. Жаңа бағыттарға түсіп, түрленіп отырады. Ал журналистика, журналистер заман ағымынан қалмау ғана емес, әркез алдыңғы шепте жүруі тиіс.

Таралым туралы

Мерзімді басылымдарға жазылу, жаздырту мәселесі де сөз болмай қалған жоқ. Жалпы, газет-журнал бар жерде бұл мәселе бірге жүретіні анық қой. Өзімізде де, аудандық деңгейде жазылым мәселесі әркез күрделі. Десе де, балалар басылымдарының жазылымы төмендігіне қатты қынжылдым. Елімізде 7 мың мектеп бар десек, «Балдырғанның» таралымы 11 мың, «Ақ желкендікі» 4 ақ мың екен. Меніңше, бұл мүлде аз. Рухани құлдырау бастауыштан басталып жатқан жоқ па екен деген ой келіп ақ қалды. Ата-аналар бастауыштағы балаларына балалар газет-журналдарын жаздырып бермегенде қалай тәрбиелеп, оларға не оқытып жатыр екен?

Қате қолданыстар дегенде

Өзім форумда түртіп алған мына баяндама сіздерге де қызық шығар деп ойлаймын. Бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі болғасын ба, әлде өзім филиолог болғасын ба, маған филиология ғылымдарының докторы, «Сөз түзер. Қате қолданыстар» сөздігінің құрастырушысы Орынай Жұбаеваның баяндамасы қатты әсер етті. Мәселен, «үлкен рахмет» деген қате қолданыс дейді ғалым апамыз. Өйткені қазақта рахметтің, алғыстың өлшемі жоқ. Оны ешкім өлшеген емес, өлшенбейді де. Демек, «көп рахмет» деп жалпылай ғана айту керек. Сол сияқты орыс тіліндегі «в свою очередь» деген сөзін «өз кезегінде» деп пайдалануға мүлде қарсылық білдірді. Сол сөзді қоспай ақ, айта беріңіз айтатыныңызды, сізді ешкім кезекке қойған жоқ деген уәжбен біз де келістік. Тіпті біз бала кезімізде шырқаған «әрқашан күн сөнбесін» деген сөздегі «әрқашан» сөзі дұрысында «ешқашан күн сөнбесін» болуы керек екен. Өйткені, «әрқашан» сөзі «ылғи», «үнемі» сөздерінің синонимі. Ал «үнемі күн сөнбесін» деп қазақ тілін жете білетін кісі айта қоймас. Күн ешқашан сөнбеуі керек қой. Тап осындай бұрынырақта кетіп қалған өрескел қате қолданыстардың бірі «Халықаралық әйелдер күні» деген сөз екен. Жақсы әйел болады, жаман әйел болады, сұлу әйел болады. Ал енді Халықаралық әйел деген.. Оны және кіп-кішкентай бүлдіршін қыздарға қаратып айтып, құттықтай салады. Дұрысында, «Әйелдердің Халықаралық мерекесі» емес пе еді? Сосын мынадай бір мысал. Тойда қолына микрофон алып тұрған қонақ: «сіздерге бақыт тілегім келеді» дейді кейде. Тілеңіз. Сол үшін үшін тойға келдіңіз. Қолыңызға микрофон алдыңыз. Енді кім, не кедергі. Оны «тілегім келеді» деп дүдәмал күйде айтпай ақ, «тілеймін» деңіз. Сосын, тілек айтып тұрып, «денсаулық сыйлаймын», «бақыт сыйлаймын» дейтіндер бар ғой. Сіз қалай сыйлайсыз оны?.

Апат айтып келді ме?

Баяндамашылар көп болды дедім ғой. Олардың бәрін тізбелемедім. Әйтпесе, «Курсив» газетінің шеф-редакторы Татьяна Никлаева да, «Казахстанская Правда» газетінің қызметкері Юрий Беккер, «Алатау ақпарат» ЖШС бас директоры Ержан Қалымбайұлы да құнды мәліметтер ұсынды ғой. Әйтсе де, бүгінгідей еліміздің жартысынан астамын су басып жатқан жағдайда «DAT» газетінің бас редакторының осы мәселеге тоқталуы көкейіміздегіні дөп басты. Құтмағамбет Қонысбаев су тасқынына қатты алаңдаушылық білдіріп отырғанын айта келіп, «DAT» газетінің соңғы нөмірінде «Айтып келген апат еді» деген мақала жазғанын, елді су басуын көп жылдар бойғы гидрология саласының кенжелеп қалғанынан, немесе осы салаға аса көңіл бөлінбегендіктен деп ойлайтынын айтты. Кім-кімнің де пікір айтуға құқығы бар заманда тәжірибелі журналистің сөзінің де жаны бар шығар. Әйтеуір, елге сабыр бергей. Бастысы,ел аман болсын. Бұл қиындықты да жеңерміз.

Міне, мен журналистер форумынан осындай ойлармен оралдым. Айтпақшы, жақсы бір жаңалық та бар. Форумда әріптесіміз, «Приуралье» газетінің бас редакторы Тоқтар Кенжеғалиев «Ақпарат саласының үздігі» атанды.

Дариға Нұрашова,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале