20.03.2022, 9:20
Оқылды: 281

Жыл басы басталады Наурыздан, Ал айтыс басталады Теректіден!

Қазақтың жыл басы саналатын Наурыз мерекесі қарсаңында Теректіде сән мен мәнге толы шаралар легі бастау алды. Алдымен, теректіліктер бір-біріне көрісіп, одан кейін аудан төрінде салт-дәстүрлеріміз насихатталды. Наурыз келгенде ақындар қалай жырламасын?! Солай болды да. Теректінің төріне облысымызға белгілі айтыс ақындары жайғасып, бақандай төрт сағат көрермен қошеметіне бөленді.

1

Ауданымызға ат басын бұрған ақындарды ақ ұсынып, қарсыладық. Айтыскер ақын, облыстағы Қадыр сарайдың директоры Бауыржан Халиолла бастаған айтыскерлер мәдениет үйіне қарай аяңдады. Ол жерде Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев сөз алып, қош келдіңіздер айтты. Дөңгелек үстел басында жиылған ақындар мен қонақтар, нақтырақ айтыскер ақын, ұстаз Дариға Мұштанова, журналистика саласының ардагері, ақын Тілес Жазықбай және ақын Сағынтай Бисенғалиев айтыстың кешегісі мен бүгінен шолу жасады. Ақындарды бастап келген Бауыржан Ергенұлы жыр мерекесін ұйымдастырған аудан басшылығына алғыс білдіріп, осы бастама өзге аудандарға да үлгі болса екен деді.

2

8

Осы кезде залға қарай  ағылған көрермендердің легін көріп көңіл қуанды. Теректілік ағайын тағатсыздана күткен Наурыз айтыс та басталды. Сахна төріне көтерілген жерлесіміз, жазушы, облыстың бас газеті «Орал өңірінің» редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин кезек-кезегімен ақындарды шақырып, көрермен қиқуға басты.

3

«Жылдың басы - әз Наурыз» атты ақындар айтысының шымылдығын теректілік қос өрен, аудандық оқушылар айтысының жүлдегерлері Ділназ Исмағұл мен Аяш Айғалиева ашты.

4

- Қызымын қазақ деген кемеңгердің,

Армысың, күлімдеген көрермен-күн,

Мен сендердің аяулы қыздарыңмын,

Не керек ұзақ созып, бөгелген мың,

Сіздер де танып тұрған шығарсыздар,

Теректінің аруы деп елеңдер күн,

Айтысқа келіпсіздер барлығыңыз,

Себебі, төл өнерім еленген күн,

Талай мықты ортасына біз де келдік,

Қолпашына бөленіп көрерменнің,

Биіктердің шығайық биігіне,

Тереңіне барайық тереңдердің,

Ұлы өнердің деп келген бәсі биік,

Ағайынға бас иіп сәлем бердім, - деп бастаған Ділназдың шумағы шымыр, арыны тым-тәуір болды. Аяш та қыстырылып, қымтырылған жоқ. Домбырасын қолға алып, ол да төкпелетті.

- Айтысты тойлап жатса елі, міне,

Жырымның көрік қосам көрігіне,

Бөгелмей аудан жайын тарқатайын,

Демеңіз мақтанады нені біле,

Теректі көп ұлтты аудан деп атаса,

Көп оның жетістігі, ерлігі де,

«Балалар жылы» болып сайланғаннан

Ағалар қамдануда соны біле,

Ақжайық балаларға айтыс жасап,

Талай өрен талантымен көрінуде,

Ақсуат чемпионға ат мінгізіп,

Жан-жақты іс қылуда керіміне,

Жаңалық айта берсек, көп еді ғой

Тағы айтар қасымдағы серігім де,

Халқынан қазақылық иісі шыққан,

Өзгеріс енгені ғой өміріне, - жырлаған Аяшқа қошемет тоқтамады.

Оқушы болса да бойларындағы қорқынышты жеңіп, сонымен қоса келісті жыр айта білген теректілік қыздардың есте қалар түйіндері де болды. Мысалы, «Қыз болсақ сіңлісіміз Ақұштаптың, Ұл болсақ жалғасымыз Марабайдың», «Алдыңа қос құлының шығып тұрмыз, Қос қолын ұру керек , елеңдеп ел», «Қар көшкіні келгендлей болып еді, Жыр көшкіні келіпті Теректіге», «Жолымыздың тегіс боп тұруы да, Жолымыздың болуы емес пе екен?» деген жолдар таңдай қақтырды. Қос өреннің алғашқы қадамына көпшілік оң бағасын берді. Содан шығар, олар айтысын тәмамдағанда қошемет үдей түсіп, біразға дейін тоқтамады. Залдан «Өркендерің өссін!», «Жарадыңдар» деген қиқулар да естілді.

7

Айтыстың екінші жұбы болған сырымдық Бауыржан Ширмединұлы мен Жаңақала ауданының ақыны Данияр Нысанғалиев те халықтың ықыласына бөленді. Бауыржан талай доданы көрген, республикада өңіріміздің намысын абыроймен қорғап жүрген жүйрік. Данияр жас. Жас болса да екпіні қатты Бауыржаннан қорықпады. Сабырлы қалыпта қарсыласына жауап беріп, қоғамдағы өзекті жайттарды да қозғауды ұмыт қалдырмады. Бауыржан шайыр:

5

- Ақ сөзді асыл сөзді сөйлеу үшін,

Ақынмен бірге қызыл тіл жаралған,

Бисмиллах деп бастайын сөздің басын,

Сәтімен өткізсін деп сыннан Аллам,

Қызыл тіл-қылышымды суырайын,

Қылышқа жараспайды қында қалған,

Жырдың берекесі бар елге төккен,

Жаңбырдың қайыры бар құмға жауған,

Теректі даласына келіп тұрмыз,

Кім келіп, кім кетпеген бұл даламнан ,

Әбубәкір Кердері жүрген жерсің,

Қолына Құран менен құман алған,

Марабайларыңды кім білмейді,

Жүйрігің емес пе еді тың жаранған?!

Теректінің төрінде тұрған бұрын,

Айшуақ пен Жантөрем құрған ордам,

Қайран да Айшуақтай хандарым-ай,

Теңдігін қазағыңның бұлдап алған,

Орынбордың кіріпті ортасына

Тұлпары ту астында тулағаннан,

Хамзаның жазып кеткен дүниесі,

Маржан сынды Шалқардай судан алған,

Ассалаумағалейкүм, Теректіге

Өлеңті жағасынан келіп тұрып,

Алаштың қаласынан келіп тұрып,

Жымпиты даласынан келіп тұрып,

Желбірейін  айнымай ту, жалаудан,

Сырымның іргедегі көршісісің,

Теректі мен үшін де туған аудан,

Өңірдің бюджетіне қаржы салып,

Дамуға бетін қатты бұрған аудан,

Аэропорт Теректінің жерінде тұр,

Түгел ел мұннан ұшып, мұнда қонған,

Қай жағынан алсаң да бұл Теректі облысты көтеріп тұрған аудан, - деген сәтте дүйім ел тік тұрып қол соғуға шақ қалды. Сөздің құдіреті емей немене бұл?! Бауыржан мен Даниярдың қарқынынан кейін не болар екен деп жұрт елеңдесті. Ақжайық ауданының қос ақыны Мейірман Шәкенов пен Айнабек Бисенғалиев халықтың сұрағанын бере білді десе болады.Мейірманның арыны мен Айнабектің сабыры айқасып, сөз тартысы сәтті шықты. Айнабектің «Бір нәрсе бар қалада айтар болсам, Ауылға деген тәтті сағыныш бар» деген жолдары көпшілікті ойлантып тастағаны жасырын емес.

Қос жұптың адуынды айтысына сырымдық Санат Кәрім мен Оралдың оғланы Мақсат Тұяқ лайықты жауап бере алмаған сыңайлы. Дайындық аз болды ма, яки басқа себептер бар ма білмедік, дегенмен осы жұп сәл әлсіздеу болды. Тек Мақсаттың:

- Сөйлейін ел алдында датым барда,

Айтады деп күтуде ел ақындар да.

Қар аршылмай көптеген көшелерде,

Халықты қалың мұңға батырған ба?

Осыны алдыменен реттеу керек,

Не пайда болған іске аһ ұрғанға,

Айт деген нәрсеңізді айтып тұрмын,

Жырладым ақын деген хақым барда,

Қалғанын өздеріңіз айтарсыздар,

Әкімнің есебіне шақырғанда, - деуі аудандағы бірлі-жарым мәселені көтергендей еді.

Теректілік талант Әділ Ахметов пен жаңақалалық Орынбек Меңдіқұловтың айтысы тапқыр әзілге толы болды. Әділ Орынбекті Теректіге күйеу баласың деп атаса, Орынбек «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» деп жауап беруі тапқырлық еді.

- Тіліміз түрлі ойларды термеледі,

Жырымыз бұл айтысқа рең береді,

Кезінде сарматтарға мекен болған,

Теректіні тарихи ел деп еді,

Тарихи ел болғанмен мұражай жоқ,

Деп естігем ғимарат берген еді,

Мұражайың болмаса жастарыңыз,

Қайда , нені көріп ап тебірінеді,

Мұражай болмаса келген қонақ,

Тарихты қайдан біліп, меңгереді?

Шұғыл ашу керек қой мұражайды,

Мұражай рухына дем береді, - деп жырлаған Орынбек Меңдіқұлов аудан басшылығына базына айтып кетті. Ақынның сөзі әкімге жетті. Олқылықтың орны толады деп сенеміз.

Жәнібек ауданынан келген Мұрадым Мирланов пен Бөкей Ордасының жүйрігі Талғат Мықи да халыққа тамаша көңіл күй сыйлап, жақсы айтыс жасады. Әсіресе, Талғат еліміздегі саяси оқиғаларға кеңірек тоқталды. Ал Мұрадым ақынның өз стилі өзіне жарасып, залды қыран топан күлкіге батырды.

Бөрлінің серісі Жарқынбек Шынтаев пен Ақжайықтың тағы бір арланы Бекболат Қаленов жұбы да өзгелерден қалыс қалмады.

- Айтыс деп жиі келем бұл өңірге,

Теректім, орның бөлек жүрегімде,

Наурыздың тамашасын өзің бастап,

Жақсы іске түрулі екен білегің де,

«Бір тал кессең, он тал ек» деген бабам,

Теректім 15 мың деп шіренуде,

Наурызға облыстық айтыс жасап,

Жатқандай ажарланып реңін де,

Наурызда терек егіп қана қоймай,

Теректім жүректерге жыр егуде, - бастаған Жарқынбек төкпелетіп келіп,

- Кемеңгер ұлтымыздан айналайық,

Көжедей витаминге бай болайық,

Сырттан жау, іштен дауым қауламасын,

Әрдайым бес қарумен сай болайық,

130 ұлт қайнаған бір қазанда

Қуатты мемлекетке айналайық, - қорытса, Бекболат :

- Наурыз келсе жадырап, жайраңдайсың,

Көрісіп, қуанысып, сайраңдайсың,

Мереке мейірімін төгіп келсе,

Еліме көктем құшақ жайғандай шын,

Бас-басыңа бұл тойда тілейтінім,

Балтырын байпақ қысқан бай болғайсың,

Егемендік, еркіндік еншім болса,

Енді ешкім азаттықтан айыра алмайсың,

Текті өнерді жыл сайын ұлықтаған,

Сыйына елдің қалай сай болмайсың,

Теректіде жыл сайын жыр төккізген,

Тәуелсіз елден қалай айналмайсың, - деп жырлады Бекболат.

Төрт сағатқа созылған Наурыз айтыстың нүктесін «Алтын домбыра» иегері, Жайықтың мақтанышы Жансая Мусина мен теректілік Эльдар Ихсанов қойды. Қос ақын әзілі жарасып, әдемі айтыс жасады. Көрерменнің арқасы қозып, ұзақ уақыт жерлестеріне және қазаққа ортақ Жансаяға қошемет көрсетті.

11

Сахнаға көтерілген аудан әкімі Тілек Александрұлы төл өнерге құрмет көрсетіп, айтысты тапжылмай тамашалаған теректіліктерге және халыққа жыр мерекесін сыйлаған ақындарға алғыс білдірді. Аудан басшысы Наурыз айтысты ұйымдастыруға сеп болған Бауыржан Ергенұлына ауданға белгілі тұлға, қамшы жасаудың шебері Ұлан Сайтмұхаевтың арнайы дайындаған туындысын сыйға тартты. Сонымен қатар, Теректіге келген қонақтар Дариға Мұштанова, Тілек Жазықбай, Сағынтай Бисенғалиев және Бауыржан Ғұбайдуллинге құрмет көрсетті. Ақындарымыз да сыйдан құр қалмады. Мереке қарсаңында «мынау мықты, мынау осал» демей» Теректі барша ақынға бірдей жүлде табыстады.

9

«Тақсай ханшайымы» атындағы жүлде Жансая Мусинаға, «Айшуақ хан» атындағы жүлде Айнабек Бисенғалиевке, «Жантөре хан» атындағы жүлде Бауыржан Ширмединұлына, «Әбубәкір Кердері» атындағы жүлде Әділ Ахметовке бұйырды. Сонымен бірге, «Марабай жырау» атындағы жүлдені Орынбек Меңдіқұлов, «Хамза Есенжанов» атындағы жүлдені Эльдар Ихсанов, «Жұбан Молдағалиев» атындағы жүлдені  Мейірман Шәкенов, «Қадыр Мырза Әлі» атындағы жүлдені Санат Кәрім, «Қайрат Жұмағалиев» атындағы жүлдені Талғат Мықи, «Тайыр Жароков» атындағы жүлдені Мұрадым Мирланов, «Асылбек Ишанов» атындағы жүлдені Данияр Нысанғалиев, «Сағат Абдуғалиев» атындағы жүлдені Бекболат Қаленов, «Қасым Аманжолов» атындағы жүлдені Жарқынбек Шынтаев, «Мұқағали Мақатаев» атындағы жүлдені Мақсат Тұяқ еншіледі.

Наурыз айтыстың бәйшешегі саналған теректілік қос өрен, Ақжайық ЖОББМ оқушылары Аяш Айғалиеваға «Фариза Оңғарсынова» атындағы жүлде, Ділназ Исмағұлға «Ақмаржан Таубаева» атындағы жүлде бұйырды. Теректілік ағайын ақын қыздарына қос домбыраны сыйға тартты.

Ақындарға деген құрмет осымен түгесілмеді. Қызықтың көкесі алда еді. Кәсіпкер Антон Бауткин ортаға шығып, «Ассалаумағалейкүм , ағайын» деген сәтте зал дүр сілкінді. Айтыс көрген кәсіпкер сырымдық Бауыржан Ширмединұлы мен теректілік Эльдар Ихсановқа қаржылай сый ұсынды. Қазақтың асыл өнеріне ілтипат көрсеткен кәсіпкерге «Әп, бәрекелді» дестік. Сөйтсек, бұл соңы емес екен. Теректінің тағы бір атымтай жомарты, кәсіпкер Талғат Қайнекешов ауданның қолы ашық, көкірегі ояу азаматтары атынан Жансая Мусинаға, Мейірман Шәкеновке және Әділ Ахметовке де арнайы жүлделерді табыстады. Айтыс көруге арнайы келген облыстық тілдер басқармасының басшысы Ерлан Ғалиев пен Орал шаһарындағы «Мәдени-ағарту бірлестігі» директоры Серік Тоқмамбетов ақжайықтық Бекболат Қаленов пен Жаңақала ауданының намысын қорғаған Данияр Нысанғалиевке өз сый-сияпатын көрсетіп, мәрттік жасады.

10

Міне, Теректі Ұлыстың ұлы күнін осылайша қарсылады. Аудан төрінде қазақы нақышқа толы шаралар бір апта көлемінде өтіп, ақындар айтысымен айшықтала түсті. Облыс бойынша алғаш боп Наурыз айтысты ұйымдастырған Теректі жұртшылығына ақындар да, қонақтар да риза болып тарқасты.

1

Әділет Орынбасаров

Теректі ауданы,

zhaikpress.kz,

Сурет: Балнұр Қанаева

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале