23.12.2022, 15:16
Оқылды: 147

Жылдың үздіктері марапатталды

Қаратөбе аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының және «Мұхит жастары» ЖҚБ-нің ұйымдастыруымен «Жыл үздігі – 2022» жастар сыйлығын марапаттау кеші өтті. Кеш барысында толайым табыстарға жеткен үздіктер, жастар сыйлығына ұсынылған алты аталым бойынша мықтыларды анықтады.

жыл үздігі (2)

Жалынды жастардың мерейін асырған салтанатты кешке арнайы қатысқан аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиев жыл бойы жемісті еңбек еткен жас мамандарды марапаттап, құттықтады.

– Еліміз жыл санап дамып, қарыштап өсуіне әрбір саладағы мамандардың үлесі орасан. Яғни, қандай да бір маманның тынымсыз еңбегінің арқасында тәуелсіз еліміз өркендеп гүлденуде. Бүгінгі таңда Қаратөбеде де сан алуан бағыт бойынша еселі еңбегімен танылып, жастық жігерін жақсы істерге жұмсап жүрген жастарымыз аз емес. Ауданның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген мамандарды түрлі аталым бойынша марапаттап отырмыз. Сіздерден алдағы жылы үлкен жетістіктер күтеміз. Талмай еңбектене берулеріңізге тілектестігімді білдіремін, - деді.

Мерекелік кештің марапаттау рәсімінде аудан басшысы Қ.Орынбасарұлының қолынан «Үздік жас спортшы» аталымын қол күресінен облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы Бағлан Мирболатұлы алды. «Үздік жас кәсіпкер» аталымымен аудан орталығында «Kami_house_karatobe» тамақтану орталығының иегері Кәмшат Тлекқабылқызы марапатталды. Ал «Үздік жас ұстаз» аталымына өзі де оқушылары да республикалық байқаулардың жүлдегері атанып үлгерген балалар шығармашылық үйінің қосымша білім беру педагогі Ернар Қуанышбекұлы ие болды.

жыл үздігі (1)

Жас та болса талай өнер додаларынан жүлдесіз қайтпаған жас дарын, күйші Қыдырнияз Құбанниязұлы «Үздік жас өнерпаз» аталымын еншілесе, «Үздік жас дәрігер» аталымы Саида Бауыржанқызына бұйырды.

жыл үздігі

«Үздік жас волонтер» аталымымен Марина Бисенқызы марапатталса, аудан әкімінің алғысхатымен түрлі аламан бәйгелердің жүлдері жас шабандоз Жанарыс Жалғасұлы марапатталды.

Аталмыш кеште аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Нүркен Азаматұлының алғысхатымен волонтерлық қызмет атқарып, өңіріміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар жастар марапатталды.

Райымбек Абай,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале