3.08.2022, 18:03
Оқылды: 11

Жылыжайды табыс көзі қылған кәсіпкер

Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов пен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайроллин «Біржан» ЖК жетекшісі Біржан Таңатаровпен кездесіп, аталмыш жеке кәсіпкерліктің жұмыс барысымен танысты.

296485044_2935313026615120_3783277143099073833_n

Айтарлықтай, Біржан Таңатаров 2020 жылы «Бизнес жол картасы 2025» бағдарламасы бойынша 2 млн 800 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантты иеленген болатын. Жылыжай көтеріп, көкөніс өсіруді мақсат еткен Біржан жерлесіміз қазіргі таңда ойын іске асырып отыр. Сонымен қатар, аудан бойынша заңды тіркелген жылыжай да осы.

  • Қазіргі таңда кәсібім тек көкөністің бір түрімен байланысты. Ол – қияр. Жалпы жылыжайда қазір «Рухшона» қияры өсуде. Отырғызған көкөнісімнің өнімі де айтарлықтай. Күніне жоқ дегенде 30-40 келі өнім аламын. Жалпы мамыр айынан бастап қарашаға дейін жылыжайдын пайдасын көрудемін. Бір өнім маусымында жеті тоннаға жуық өнім алуға болады.

Өтуі де жылдам. Қазіргі таңда жергілікті кәсіпкерлермен ауызша келісімім бар. Жергілікті тұрғындар да келіп жылыжай басынан алып жатады. Бағасы да қолжетімді. Әр келісі 300 тенгеден. Тіпті көршілес ауданнан келіп алып жүрген кәсіпкерлер бар.

Ендігі кезде тек қиярмен шектелмей эксперимент ретінде қызанақ егіп отырмын. Бұйыртса, аталмыш көкөніс түрін өсірсем деген ойым бар. Сонымен қатар, өскіндерге арналған қысқы жылыжай салу жоспарда бар. Бұл ой іске асса, көктемнің бірінші айларынан бастап өнім алуға қол жеткізуге болады.

Сонымен қатар, жалпы көкөніс егу бизнесін дамыту  жоспарым да бар. Ендігі кезекте жергілікті атқарушы органдар жер мәселесімен көмектессе, берген жерін қоршап, жұмысқа кірісіп кетуге дайынмын, – деді Біржан Таңатаров.

Өз кезегінде аудан басшысы Біржан Таңатаровтың жылыжай өнімінің қарқыны жақсы екенін айтып, жер мәселесі бойынша міндетті түрде қолдау көрсететінін жеткізді.

Еркебұлан Бисенғалиев,

Бөкей Ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале