10.06.2026, 12:30
Оқылды: 29

Жымпиты маңындағы санитарлық қауіп

Бүгінде Жымпиты ауылының шетіндегі мал моласының маңы өлексеге толып тұр.

IMG_1822

Талап бойынша өлген үй жануарларының денесі арнайы шұңқырға тасталуы тиіс. Ескі шұңқыр әлдеқашан лық толған. Осы мәселені шешу үшін былтыр Сырым ауданында бюджет қаражатына ветеринариялық сойып-қарау зертханасы бар жаңа мал моласы салынды.

Алайда мәселе толық шешілді деуге келмейді. Кейбір тұрғындар мал өлекселерін арнайы орынға жеткізбей, сыртқа тастап кетуді жалғастыруда. Сіз ол жаққа барып көрдіңіз бе?

Айнала өлексе. Бері жақта ісініп, теңкиіп жатқан екі жылқының денесі көзге түседі. Әкелінгеніне әрі кетсе бір апта болған. Төбеде қарға мен құзғын айналып жүр. Қолқаны қабатын иіс тағы бар.

Сау мал көбіне сойылады, жоқ дегенде пышаққа ілігеді. Ал өлексеге айналатын түліктің басым бөлігі түрлі аурудан өлген болуы мүмкін. Сондықтан олардың арнайы шұңқырға көмілмей, ашық далада жатуы — санитарлық әрі эпизоотиялық қауіп.

Ауру малды шұқыған қарға, иіскеген ит пен басқа да жәндіктер инфекцияны ауылға тасымалдауы ғажап емес.

Сондықтан өлген малдың денесі мен қалдықтарын жою тәртібін сақтау — ең алдымен өз қауіпсіздігіміз үшін қажет. Сырым аудандық ветеринариялық станциясының бас маманы Руслан Усағалиевтің айтуынша, қай ауылдық округті алып қарасаңыз да, мал молалары тола келген.

Өткен жылы ауданда үш жаңа мал моласы салынды. Биыл тағы төрт нысан пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ендеше, мал моласы тұрғанда неге өлекселер сыртқа тасталады?

IMG_1826

Біріншіден, бұл – азаматтық жауапкершілік мәселесі.

Екіншіден, көлік мәселесі. Өлген малды тиеп апару оңай шаруа емес. Сондықтан аудан орталығы Жымпитыда мал өлекселерін арнайы техникамен жинап, талапқа сай жоюға жеткізетін ақылы қызмет түрін ұйымдастыру қажет деп санаймыз.

Үшіншіден, инфрақұрылым мәселесі бар. Жаңа мал моласына дейін асфальт жол тартылғанымен, өлекселер түсірілетін орынға дейінгі соңғы бөлікте жол жоқ. Қарлы күндері мен күзгі балшықта ғана емес, жазғы жаңбырдан кейін де көлік бататын жағдайлар кездеседі.

Сондықтан жаңа мал моласы мен кәріз сұйықтықтарын төгетін полигонға дейін ескі асфальт қалдықтарын төсеп, жолды қалыпқа келтіру қажет деп есептейміз.

Бұл — халықтың орынды талабы. Сіз бұл мәселе туралы не ойлайсыз, қадірлі оқырман?

 

Б. Шерім,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале