13.12.2017, 14:47
Оқылды: 60

Жымпитыда бір пәтерлік 14 тұрғын үй пайдалануға берілді

IMG_6889Бүгін ҚР Тәуелсіздігі күніне орай Жымпиты ауылынан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған бір пәтерлік 14 тұрғын үй пайдалануға берілді.

Салтанатты шараға қатысқан Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев,  үйлердің құрылысын жүргізген мердігер, «Сәтті сәулет» ЖШС директоры Сәбит Рахметов тұрғындарды қоныстоймен құттықтады. Сырым аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейрам Қайырғалиевтің берген мәліметіне сүйенсек, жаңа тұрғын үй кезектілік тәртібі бойынша халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын 5 адамға, қамқоршысынан айырылған балалардың санатындағы 2 адамға, тұрғын үйлері апатты деп танылған 2 азамат пен 2 мемлекеттік және бюджеттік саланың қызметкеріне берілген. Жаңа тұрғын үйдің иелеріне кілтті салтанатты түрде аудан әкімі Төлеген Төреғалиев тапсырды.

Айта кетейік, құны 134 млн теңгені құрайтын бұл жобаның құрылысы осы жылдың шілде айында басталған еді. Мердігерлер жұмыстарын мерзімінен бұрын әрі сапалы аяқтап отыр. Тұрғын үйдің әрбіріне инженерлік-коммуникациялық желілер толық жеткізілген. Бір пәтердің жалпы ауданы 85,5 шаршы метрді құрайды.

IMG_6929Нұртай Кенжебаев, жаңа тұрғын үйдің иесі:

- Өзім ата-анамның қамқорлығынан ерте қалғандардың бірімін. Қолдау болмаса, жалғыз адамға аяққа тұрып кету қиын екен. Бүгін мемлекеттің қолдауымен өзімнің жеке тұрғын үйіме қолым жетті.

Үйім осыдан 9 жыл бұрын апатты жағдайда деп танылып еді. Бұл күнді, өзімнің шаңырағымның кілтін қолыма алатын сәтті көп армандадым. Адамға баспана керек. Аллаға шүкір, бүгіннен бастап мен де баспаналы жанмын. Бүгіннен бастап, қалған арман-мақсатымды жүзеге асыруға толық мүмкіндігім пайда болды деп ойлаймын.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале