14.12.2022, 16:01
Оқылды: 34

Жымпитыда өңір имамдары бас қосты

Сырым ауданының орталығы – Жымпитыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы БҚО бойынша өкілдігіне қарасты қала және ауданның бас имамдарының жылдық қорытынды кеңесі өтті. Мәжіліске Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілі, Оралдағы өңірдің орталық мешітінің бас имамы Бақытжан Құралбайұлы, Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев қатысты.

24

- Батыс Қазақстан облысы имамдарының қорытынды жиналысының – Сырым елінде өтуінде тамаша үйлесім бар. Шариғат шырағданы болған Шүйеке шейх, Қуанай Хазіреттер туған, түлеген топыраққа, аспанынан азан үзілмеген қасиетті жерде сол асыл аталардың бүгінгі ізбасарлары, ислам дінінің қызметшілері жиналуда. Кеңестеріңіз келелі болсын!

Сырым ауданы көлемінде 7 мұсылман мешіті бар.  Олар Жымпиты, Бұлдырты, Жосалы, Тоғанас, Аралтөбе, Сарой ауылдық округтерінде орналасқан. Қособа ауылдық округінде жаңа мешіт бой көтеруде. Имамдардың әлеуметтік жағдайы жергілікті мемлекеттік атқарушы органның жіті назарында. Қызметтік үйлері мен еңбекақылары тұрақты жолға қойылған.

Аудан бойынша мемлекеттік тапсырыс негізінде діни экстремизмнің, теріс діни ағымның алдын-алу, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында «Сырым» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық бірлестігі жұмыс жасайды. Жұмыс жауапты, ауқымды. Бірлестікке 2022 жылы 8 млн теңге қаражат бөлінді.

Әрине, дін әр адамның жеке еркі, дербес таңдауы. Бірақ, қоғамды пікірлер құрайды. Қоғамды тұтастық, бірлік, адамдық сияқты арналарға бұруда мешіттердің, имамдардың үлесі зор. Еңбектеріңіз берекелі болсын! - деді Артур Шерғалиев.

25

Иә, діни саясатты оңтайлы жүргізу үшін Қазақстан сияқты мұсылман мемлекетіне мешіттердің жұмысын жүйелі ұйымдастыру өте маңызды рөл ойнайды. Бұл маңызды міндетті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұсынғанменен, іске асыру жергілікті билік пен халыққа тікелей байланысты. Облыс, қала түгілі ауыл мен ауылдың арасындағы діни ахуалдық әрқилы болуы сондықтан.

26

Жымпитыдағы жиында Бақытжан Құралбайұлы қалалық және аудан мешіттері имамдарының жылдық есебін тыңдады.

Осыдан екі жыл алдын елордасы -  Астана қаласында өткен Қазақстан Мұсылмандарының діни басқармасының  кеңейтілген Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша дін қызметкеріне бағдарламалық баяндамасын жолдап, мүфтият жеті басым бағытты белгілеген болатын. Өңірдің өкіл имамы Бақытжан Құралбайұлы діни ұйымдар мен қызметкерлердің жұмысы сол көрсеткіштер бойынша сараланатынын айтты.

Бірінші бағыт әрі қазіргі уақытта аса жауапты сала – ақпарат және қоғаммен байланыс.

- «Мешіт көркі – жамағат!» - деген сөз бар. Ал, жамағат көркі – білім. Сондықтан, қаланың басында, аудан-ауылдарда еңбек ететін әріптестеріміз мешіт келушілерінің қатарымен бірге сапасының артуына да көңіл бөлген дұрыс. Жамағатта талғам өсті. Имам да халықтың сұранысына сай болуы тиіс. Ең бастысы – қоғаммен, жамағатпен байланыстың дұрыс әрі уақтылы болуына назар аударған жөн. Себебі, азаматтардың теріс діни ағымның шырмауына түсіп, діни сенімін бұзып алуына – имамдардың олар қойған, оларды қызықтырған сауалдарына кеш жауап беріп, кеш қимылдағаны кінәлі - деп атап өтті Бақытжан Құралбайұлы.

27

Осы секілді, имамдар жұмысы мүфтият уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие, ихсан ілімі, дін мен дәстүр және жат ағымдармен жұмыс салалары бойынша сараланды.

Облыстың бас имамы есептік баяндамалардан кейін әріптестеріне бірқатар тапсырмалар беріп, алдағы жұмыстарды ортаға салды. Негізгі мәселелер – әр елді мекенді мешітпен қамту және әр мешітті маманмен қамту. Өкілдің айтуынша, облыста 97 имам бар. Олардың 40% -ы жоғары білімді, 50 %-орта. Ал, 10%-ы біліктілік арттыру курстарынан ғана өткен. Имамдардың білім деңгейін арттыру, оларды ғылымға ынталандыру – басты міндет.

Қорытынды жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен негізгі жеті жұмыс бағыты бойынша атқарылған жұмыстар негізінде жыл үздіктері анықталып, марапатталды. «Үздік қала имамы» - Қажымұқан Ғилманов ( Түлбаев Мұхаммед-Ғариф атындағы Орал қалалық мешітінің бас имамы), «Үздік ауыл имамы» -  Қанат Абдрахманов ( Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылы), «Үздік наиб имам» - Қуандық Насыров (Айту ата мешіті), «Үздік азаншы» - Әзілхан Бисенғалиев (Тәжиден Батырұлы мешітінің азаншысы) анықталды.

28

Бас имамның алғыс хатымен Наурыз Убаев (Орал орталық мешітінің наиб имамы, Қуан Армат (Түлбаев Мұхаммед-Ғариф атындағы Орал қалалық мешітінің наиб имамы), Ерлан Кенжин(Батыр Тәжиденұлы мешітінің наиб имамы), Есенболат Абдуғалиев (Жәнібек аудандық мешітінің бас имамы), Ерлан Әйтенов (Бөрлі аудандық мешітінің бас имамы), Құлтөре Нажмитдинов (Тасқала аудандық мешітінің бас имамы) марапатталды.

Сырым ауданының орталық мешітінің бас имамы Қуанғали Тыным «Үздік аудан имамы» атанды.

- Сырым ауданында жамағатта тұрақтылық бар. Діни нысандар сайлы. Кадрлар да толық және билік пен жамағат өздерінің имамдар алдындағы материалдық тұрғыдағы жауапкершілігін орындап отыр. Дінді өркендетіп, халықтың сауатын арттыру бағытында жұмыс қыламын деген адамға Сырым ауданында мүмкіндік көп! – деп атап өтті Бақытжан Құралбайұлы.

Мәжілістен кейін дін қызметкерлері Сырым ауданының сыршыл тарихымен танысып, Жымпитыдағы музейлерді аралады.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

Суреттерді түсірген: Айжан Амангелдина

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале