8.09.2020, 9:52
Оқылды: 362

Жымпитыда шабдалы өсірген

 Сырым ауданының орталығы Жымпитыда «дәмі тіл үйіретін жеміс түрі шабдалы (персик) өсіретін бағбан бар екен» деген әңгімені естісімен біздер де кейіпкермен жүздесуге асықтық.

shabdaly (1)

Апырмай, тек сауда сөрелерінде, базарларда сатылымға шығарылатын шабдалыны ауласында баптап отырған кім болды екен?- деген сауалдың да көңілді мазалағандығы рас.
Сонымен «Түсі игіден түңілме» дегендей, жүздесуге асыққан негізгі кейіпкерімізбен де әңгімелесудің сәті түсті.
Әлібек Жүсіпқалиев мақтаса мақтағандай, шағын ауласы көкөніс, жеміс-жидекке, гүлдің небір түріне толы еңбекқор жан болды.
Ауласында қияр, қызанақ сынды көкөністер жайқала өсіп тұрса, циния, петунья, бархыт тұқымдас әдемі гүлдер шоғыры ауланың сәнін келтіріп-ақ тұр.

Адам баласын өзіне еліте тартып әңгіме айтатын Әлібек Мақсотұлынан жалпы бағбандықтың сыры, жеміс ағаштарын баптаудың мән-жайы жөнінде білгіміз келетіндігін айттық.

– Иә, өзімнің негізгі кәсіби мамандығым шопыр, электр дәнекерлеуші, құрылысшы. Ал бағбандықпен айналысу болса әуелден қанға сіңген қасиет еді. Әуесқой бағбан ретінде жеміс-жидек, жеміс ағаштарын өсірудегі мақсатым оның өнімдерін халыққа сатып, пайда түсіру емес, тек қызығушылық, әуесқойлықтан туған басты мұрат еді, – дейді Ә.Жүсіпқалиев.

shabdaly (2)

Бүгінде Әлібектің ауласында көкөніс түрлерімен қоса алма, шабдалы, шие ағаштары қатар бой түзеп, жайқала өсіп, өнімдерін беруде.
Мысалы, Әлібек Мақсотұлының айтуынша, ауласындағы отырғызылған алма ағашы екі жылдан соң өнім бере бастаған. Тіпті, берген алмаларының өзі Алматының апортынан кем емес, ірі, дәмді көрінеді. Жылда алмадан компот, шайға тәтті бал қосындысын жасауға отбасылық, ағайындар дастарханына жетіп жатады.
Әлібек осы тұрғыда алма ағашын отырғызарда топыраққа шеге, темір қалдықтарын арластыра көму қажеттігін, яғни алма ағашына темір тоты ауадай керектігін, сондай-ақ маусым кезінде үш рет дәрілеп отырудың өте пайдалы екендігін де айтты.
Ал облыс көлеміне, оның аудандары алқабына шабдалы өспейді деген теріс ұғымды Әлібек Мақсотұлы бүгінде түбірімен жоққа шығарды.
Әлібектің ауласына шабдалы көшетін отырғызудың да өзіндік тарихы бар. Осыдан үш жыл бұрын Әлібек Орал қаласында Краснодар өлкесінен келген орыс ағайыннан әр түбін 2000 теңгеден екі түп шабдалы көшетін сатып алып, аулада өсіруге тәуекел етті.
Сонда орыс ағайын Әлібекке шабдалы көшетін ұсынып тұрып: «Балаша баптай білсең аулаңда бұл көшеттің жайқала өсіп, мол өнім беруіне мен кепілдік етемін. Тек мен айтқан қағидаларды жадыңда берік ұстай біл», – деген еді.
Иә, аулаға шабдалы көшетін отырғызған Әлібек орыс ұлты айтқан жөн-жоралғыны іс жүзінде кәдеге асыра білді.
Айтқандайын, екі жылдай шабдалы көшетін 50 см деңгейде қыста жылы көрпемен орап (бұл шарт келесі жылы қолданылмаса да болады) баптады.
Жерсініп, қуат алып кеткен шабдалы көшеті көп суғаруды да қажет етпейді.
–      Шабдалы облыс көлемінде өспейді деген жаңсақ пікір. Сәбише баптап, күте білсең көкөніс, жеміс-жидек молынан өседі.
Мысалы, ауламда жайқала өскен екі түп шабдалы көшетінен биылғы жылы 55-60 келідей өнім алдым.
Ал аталмыш өнім түрі Орал қаласында әр келісі 650 теңгеден болса, Жымпитыда келісі 800 теңгеден. Ауламдағы өнім өз отбасыма, ағайындарға молынан жетуде,  – дейді Ә.Жүсіпқалиев ағынан жарыла Жымпитыда шабдалы көшетін өсіріп отырған әуесқой бағбан Ә.Жүсіпқалиевтың бұл тұрғыдағы батыл қадамдары әлі де жалғасын таба бермек.

Мүсірбек Айташев,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале