26.09.2022, 16:45
Оқылды: 90

Жымпитыда Сырым батыр туралы жинақ жарық көрді

Сырым ауданында даңқты батыр, би Сырым Датұлының 280 жылдығы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ үкіметінің мүшесі, Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың дүниеге келгеніне 135 жыл толуына орай республикалық, облыстық деңгейдегі шаралар ресми түрде басталды.

4

Бүгін Жымпитыда қайта басылған "Дала кемеңгері немесе Сырым туралы" атты жинақтың таныстырылымы өтті. Жинаққа жерлес жазушы Жәрдем Тілековтың "Сырым батыр" дастаны мен шешендік сөздері енгізілген.

Шарада Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев сөз сөйледі:

image-26-09-22-04-09-2

- Сырым тарихы – ел тарихы. Батыр есімі мен оның тарихи күрескерлік еңбегін кейінгі ұрпаққа дәріптеу жолында жазушы Ж.Тілековтың үлесі зор. Ол «Сырым батыр» дастанын жазып, Сырымның әдеби бейнесін жасады. «Сырым батыр» дастанын жатқа оқу байқауы аудандық деңгейде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

Жауға найзасы, халқына пайдасы тиген Сырым туралы ел ішінде ауызша тараған аңыз-әңгімелер мен өлең жырлар баршылық.

«Сырым батыр» жырының түпнұсқасы мен Жайық жұртшылығының жадынан жазып алынған Сырымның «Шешендік сөздері» топтастырылған бұл жинақ алғаш рет 1992 жылы Алматы қаласындағы "Сөзстан" баспасында басылған. Құрастырушысы – көрнекті ғалым, профессор Мәтжан Мақсымұлы Тілеужан. Уақыт озды, кітап тозды. Әрі данасы да азайыпты. Сондықтан құнды дүниені қайта басуға бекіндік. Балаларға тартымды болуы үшін бояулы суреттермен безендірдік. Жаңа кітапта жергілікті суретшілер Мұса Сұлтанғалиев пен Сәкен Жаңғазиевтің қолтаңбасы бар.

1783-1797 жылдардағы Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі - қазақ халқының теңдік пен бостандық жолындағы күрестегі күш-қуатын көрсетіп берді және бүгінгі жеткен Тәуелсіздігіміздің символы болып саналады, - деді ол.

Сырым Датұлының ұрпақтарының қаржылай қолдауымен жарық көрген жинақтың тұсаукесері рәсімін аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, батырдың ұрпақтарының атынан Жұбан Зейнуллин және Ж.Тілековтың немере інісі Сағынғали Айтанов жасады.

6

"Дала кемеңгері немесе Сырым туралы сыр" кітабының мазмұны турасында белгілі журналист, жәрдемтанушы, "Сырым елі" қоғамдық-саяси газетінің жауапты хатшысы Мүсірбек Айташев, С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры, өлкетанушы Айнагүл Ойшыбаева және Қ.Мырзалиев атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжан Тұржігітова ой қозғады.

2

-Сырым Датұлы 1995 жылға дейін оқу бағдарламасына енген жоқ. Тәуелсіздіктің елең-алаң тұсында ер туралы әдеби мұраларды жинап, уақыттың алтын сандығы салып қойған белгілі фольклортанушы, ұстазымыз Мәтжан Тілеужанның еңбегі зор. "Дала кемеңгері немесе Сырым туралы сыр" кітабының бағасы қаншалықты қымбат екенін сол кезде көп ешкім аңғара қоймайды.

"Сырым батыр" дастанында батырлар жырына тән барлық штрих бар. Әсіресе хан мен батырдың диологы, батырдың ерен ерлігі барынша әдеби бояуы қанық берілген. Жырдың оқырманмен жаңа сапада, жаңа келбетте қауышқанына қуаныштымыз. - деді педагог.

9

Кеште мектеп оқушылары - Айшуақ Өмір (Көгеріс негізгі мектебі), Мархабат Нұрболатқызы (Ж.Досмұхамедов орта мектебі), Айзере Болат (Сырым мектеп - лицейі), Айша Орақова (Сырым орта мектебі) «Сырым батыр» дастанын жатқа айтып, Рюксан Хусайын (Көгеріс негізгі мектебі), Есболат Жасталап (Бұлан орта мектебі), Ұлболсын Жаңбыр (Абай орта мектебі) бидің шешендік сөздерін оқыды. Тұсаукесер кешінде белгілі әншілер Армат Алдамжаров, Алмагүл Жұма да өнер көрсетті.

8

Біз Сырымның батырлығын әлі зерттеп болмадық. Сырымның әскери өнері, инженерлік білімі, қазақтың хандық билеу жүйесіне демократиялық балама ұсынып, елдің ішкі және сыртқы саясатын сауатты жүргізген сұңғыла саясаткерлік қыры, дипломатиялық дарыны – тарихшылар мен ғалымдар үшін жаңа кен, жаңа қазына.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

Суреттерді түсірген: Айжан Амангелдина

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале