26.07.2022, 22:50
Оқылды: 74

Зорлық-зомбылық хақында семинар өтті

Казталов ауданы орталығындағы «Тоғжан» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты аудандық семинар өтті.

20220726070101_IMG_4737

Семинарға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева, аудандық мәслихат депутаты Гүлдана Дәулетова, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Күнсұлу Шаканаева, «Атамекен» ҰКП жанынан құрылған аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Рая Сұпығалиева, аудандық полиция бөлімінің, Казталов аудандық зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Гүлбар Үмбетқалиева және аналар кеңесінің төрайымдары, көп балалы аналар мен жастар қатысты.

Қоғамдағы күн тәртібінде тұрған басты мәселенің бірі - отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық. Соңғы уақытта аналар үйін паналаушы әйелдер мен балалардың саны артуда. Басым көпшілігі отағасының жәбірлеуіне төзбесе, енді бірі ене мен келін арасындағы мәселенің шешілмеуі салдарынан аталған орталықтардың қызметіне жүгінген. Бұл жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған қазақ халқы үшін таңсық дүние болғанымен, заманның ағыны қоғам санасын да өзгертуде. Отбасын ойран қылар, шаңырағын ортасына түсірер жәйттер мен ана мен баланың көз жасына бей-жай қарамаған қоғамдық ұйым өкілдері, ардақты аналарымыз, ақ жаулықты әжелеріміз бен іскер әйелдер де ұлттық дәстүріміз бен құндылығымызды насихаттап, отбасындағы тәрбие тақырыптарында түрлі жиындар, іс-шаралар ұйымдастыруда. Мұндай жобалар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға септігін тигізеді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев барлық өңірде «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасын іске асыру бойынша тапсырмасына сәйкес, аталған жоба аясында семинар ұйымдастырудамыз. Семинардың мақсаты – ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға және сақтауға, қоғамда ананың рөлін, отбасы құндылықтарын, сондай-ақ жастар мен болашақ ұрпақты рухани адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиелеу. Мемлекеттің негізі отбасы десек, отбасының ұйытқысы – ана. Ананың ақ сүтімен келешек ұрпаққа бар қасиет дариды. Біз жалпы қоғамның ұлттық мәдениетіміз бен құндылығымыз арқылы даму жолына түсіп, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында жиі бас қосып, қоғамдық мәселені талқыға салып, шешімін табуға ықпал етеміз, - дейді «Тоғжан» ҚБ-ның төрайымы Алтын Ақбаева.
Семинар барысында ұлттық тәрбиені жандандыруға, салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуға, ұлттық құндылығымызды дәріптеуге бағытталған бейнежазбалар көрсетіліп, аудандағы отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қызу талқыланды.

Атап айтар болсақ, «Әділет, ақиқат тәрбиесі», «Құрмет пен аяушылық тәрбиесі», «Кісілік, кішілік және кешірім тәрбиесі», «Тектілік ұғымы», «Әйелдің қадір-қасиеті тәрбиесі» тақырыптарында бейнежазбалар семинар қатысушылары мен жастар назарына ұсынылды.

Сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың басты себептерін атап өтіп, құқықтық сауаттылықты арттыру қажеттігін жеткізді. Аналарымыз бен жастардың пікірі тоғысып, ұрпақтар сабақтастығының озық үлгісі қалыптасқан жиында қазақ әйелінің кешегі, бүгінгі қалпы салыстырылып, түрлі көзқараста сан алуан пікірлер айтылды. Іс-шара соңында жиынға қатысушылар «Тоғжан» ҚБ-ның алғыс хаттарымен және естелік сыйлықтарымен марапатталды.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале