3.03.2025, 10:15
Оқылды: 132

Зубарзат қалай “Зоя Николаевна” атанды?! 

Қарапайым ауылдың қадірлі ұстазы, спортшы, өнерпаз – Зубарзат Ғабдырахимқызы Латипова бүкіл ғұмырын білім мен өнерге арнап, өнегелі өмір сүріп келеді.

IMG_9243

Ол – Президенттік көпсайыстан облыстың екі дүркін чемпионы, ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, мәдениет пен спортты қатар ұстанған жан. Бүгінде Тоғанас аулының бір бөлшегіне айналған ол  1-наурыз Алғыс айту күні туғанындай қабылдаған қазақ халқына алғысын жеткізеді.  Зубарзат Ғабдырахимқызы Алғыс айту күнін ерекше сезіммен қарсы алады. Себебі ол қазақ халқының мейірімі мен бауырмалдығын өмір бойы сезініп келеді. Татар қызы болса да, қазақ ортасына сіңісіп, осы елдің бір перзентіне айналған ол өз тағдырына дән риза.

– Мен Казталов ауданында туып-өстім. Әкем Ғабдырахим – Ұлы Отан соғысының ардагері. 1976 жылы Алматы Қыздар педагогикалық инстутын бітірдім. Туған жерім Казталов ауданына оралып, мамандығым бойынша бір жыл музыка пәнінен мұғалім болдым. Қазақ жігіті Уақыт Оразовқа тұрмысқа шығып, 1977 жылы «Правда» совхозына қоныс аудардым. Мұнда келген соң, ер азаматым құрылысшы болып еңбек етті. Мен мектепке жұмысқа орналасып, 17 жыл аға пионер жетекшісі болдым. Одан кейін 5-8 орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бердім. Кейін қазақ бастауыш мектебіне ауысып, ұстаздық қызмет атқардым. В.И.Шубин атындағы мектептің интернатында меңгеруші болып, 2010 жылы зейнетке шықтым. Зейнетке шыққаныма да қыркүйекте он бес жылдың жүзі болады екен. Кішкентай балалар мені «Зубарзат Ғабдырахимқызы» деп атауға тілдері келмей, «Зоя Николаевна» болып кеттім. Бүкіл ауыл үшін мен «Зоя Николаевамын». Отағасы Уақыт екі жыл бұрын  өмірден өтті. Балаларымнан төрт жиен, екі немерем бар. Үлкен қызым Орал қаласындағы №16 мектепте мұғалім, екі баласы бар. Екінші қызым Ақтөбе аласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық академиясын бітіріп, ауылда дәріхана ашып, жұмыс жасады. Қазір Орал қаласында, дәріханасы бар. Ол да – екі перзенттің анасы. Ұлым Заур –  отбасылы. Орал қаласында жеке кәсіпкерлікпен айналысады.

Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн, 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне және қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өтіп келеміз. Шексіз мейірбандықтың айғағындай бұл күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Ұлт-ұлтқа ешқашан бөлінбейміз. Әрқайсымыз бір-бірімізді өзімізбен тең көреміз. Қазақтардың арасында өз тілімде сөйлемеймін. Қазақ тілінде оқушыларға да, балаларыма да білім мен тәрбие бердім. Қазақ халқыма шексіз алғысымды білдіремін,-дейді Зубарзат Ғабдырахимқызы.

Елдің сүйіктісі егде жасқа келсе де, салауатты өмір салтын ұстанып жүр, мәдениетке де жақын. Зубарзат Латипова жүгіру, кеудемен тартылу, эстафета, мылтық ату және жүзудің шебері.  Түрлі шараларға қатысып, үш тілде – қазақ, орыс, татарша әндер шырқайды. Фортепиоанода ойнап, қолөнермен де айналысады.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале