Саяхаттауды жаны сүйетін адамдар «Таити» деген сөзді оқығанда елең ете қалуы мүмкін. Ия, Француз Полинезиясының бас аралы, сонымен қатар Францияға тәуелді туризмі дамыған ең ірі арал Таити деп аталады. Оны неге айтып отыр деулеріңіз мүмкін?!
Теректінің де өз «Таитиі» бар. Балығы тайдай туламайды, әрине. Балық қайдан болсын, адамдар ішерге су таппай отырса. Бәрін басынан бастайық.
Орташа есеппен алғанда он мыңнан астам халқы бар, облыс орталығына ең жақын орналасқан Подстепный деген ауылды бәрі біледі. Қаланың нақ түбінде, яғни ауданның қақпасы секілді ел арасында «Таити» деп аталып кеткен шағын аудан бар. 2005 жылға дейін жер кезегінде тұрған адамдарға 2007-2010 жылдар аралығында жер телімдері берілген. Қазір шағын ауданда 250 аула бар. Бағамдап қарасақ, тұтас бір ауыл. Бұл мәліметтерді Подстепный ауылдық округі әкімінің орынбасары Сағдат Жолдығалиев берді.
- Бұрын жер телімдері берілген аумақта «Таити» атты қонақүй мен кафе болды. Сосын жергілікті халық бұл жерді «Таити» деп атап кетті. Жалпы атауы – ПДП 3/2. Бұл жердің өзін жеті шағын ауданға бөліп, өткен жылы жаңа атаулар бердік. 500-ге жуық халық тұрады,- дейді Сағдат Өмірғалиұлы.
Қызықты қараңыз. Біз бір шағын ауданға балап келген «Таитидің» өзінде жеті шағын аудан бар екен. Адам шатасар жайт. Расымен, «Көктерек», «Болашақ», «Береке», «Көркем», «Бірлік», «Белес» және «Северо-восток» деген атаулары бар шағын аудан(дар) қазір қалай тыныстауда? Экзотикалық атауы бар жердің жағдайы ертегідей емес екендігіне көз жеткіздік.
- Бұл жерде мен 2009 жылдан бері тұрамын. Шағын ауданның орналасқан жері өте ыңғайлы, трассаға жақын, тыныш. Қазіргі уақытта жарық пен көгілдір отын бар, азық-түлік дүкендері жұмыс жасап тұр. Дегенмен де ауыл халқы үшін түйткілді проблемалар жетерлік. Атап айтсақ, ең алдымен бұл аймаққа таза ауызсу аса қажет. Ауладан құдық қазып, сол суды тұтынып көрдік. Бірақ жер асты суының құрамы беймəлім, түсі сарғыш. Оның құрамын тексеріп те жатқан ешкім жоқ. Мүмкін, денсаулығымызға зиян да келіп жатқан болар. Қазір халықтың дені суды сатып алып ішеді. Жайықтың қасында отырып, су сатып алатын хәлге жеттік, - дейді шағын аудан тұрғыны Кәмшат Құмарқызы.
Мәселе тек ауыз сумен түгесілсе, кәне?! «Таити» тұрғыны Рашит Садықов жол мәселесін көтерді.
- Ауасын жұтып мекен етіп отырған жердің жанға жәйлі болғанын кім қаламайды дейсіз? Бүгінде сарғайған су ішуге мәжбүр болып отырмыз. Денсаулыққа зиян, әрине. Дегенмен оны айта-айта шаршадық. Қазіргі елдегі індетке байланысты көлік қатынасы тоқтап, таза су әкеліп ішу қиындап кетті. Сыртқа шыға алмаймыз. Одан кейін мен жолдың нашарлығын айтқым келеді. Жер балшық кезінде, күз, қыс мезгілдерінде аялдамаға жету қиын. Сол 400 метрдей жеріміз жөнделсе екен. Өйткені бала-шағаға осындай уақытта оңай болмайды. Жалпы, бұл мәселелерді екі-үш жыл турасында әкімдікке айтып құлағдар етіп жүрміз. Алайда өздеріңіз көргендей, әлі еш мәселе шешімін таппады.
Шағын ауданды аралап жүріп, біраз жайттарды көзбен көрдік. Әр үйдің маңы толған қоқыс. Ол, әрине, тұрғындардың салғырттығы. Шағын аудан күн санап өсуде. Дегенмен көшелерінің атауы мүлдем түсініксіз.
«Таити» тұрғындарының басты мәселесі – мектеп жоқтығы.
- Шағын аудан үшін жаңа мектептің қажеттілігі туындап отыр. Бұл жерде кіл жас отбасылар тұрады. Әр үйде кем дегенде 2 баладан мектепке қатынайды. Ал ауылдағы қазақ мектебі қашық жəне онда автобуспен қатынап оқу бір ақирет. Тым болмағанда мектепке арнайы балалар үшін автобус шығарылса, ата-аналар үшін де, балалар үшін де жақсы болар еді,- дейді Эльзира Артықова есімді тұрғын.
Ия, бұл жөнінде Теректі ауданы әкімі Әділ Жоламанов аудандық басылымның парақшасы арқылы тікелей эфирде атап өткен еді. Аудан басшысы 600 орындық мектеп құрылысының жобасы қолға алынғанын, таза ауыз су мен мектеп құрылысы алдағы жылы шешімін табуы тиіс екендігін айтты.
Алайда «Таити» тұрғындары ашынып отыр. Мысалы, жергілікті тұрғын Самал Сағынғалиеваәкімдік тарапынан берілер жыл сайынғы уәделер құр сөз күйінде қалып отырғандығын жеткізді.
" Су-ырыстың көзі" екені бәрімізге аян, ауыз суымыз ішуге жарамсыз, қолдануға қолайсыз. Біздер суды тасымалдап ішеміз, киім-кешек жууға да тасымалданған суды қолданамыз. Ал "Жол жаман болса, атаң да сүрінеді, атан да сүрінеді",-демекші жолдан да көктем, күз мезгілдерінде қиналамыз. Бұл кездері тұрғындар машиналары үй жанына жете алмай, асфальт жағалап, трасса бойына көліктерін тастап кетеді. Алған заттарымызды жаяулап тасымалдап жүргеніміз. Жолымыз жақсы жолға жалғасып, ішер ауыз суымыз мейіріңді қандырып ішетіндей, көңілге қонымды етіп қолданатындай болса деп зар қағып жүргенімізге бірнеше жыл болды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні біреу. Облыс орталығынан шалғайда жатқан ауылдың хәлін қалаға тиіп тұрған шағын аудан сезініп отыр. Қара суды сатып алып ішіп, жолдың азабын тартып, ұл-қыздарын білім ордасына азаптанып апарып жүрген «Таити» немесе ПДП 3/2-нің тұрғындарының зары тиісті орындарға жетсе дейміз. Сайып келгенде, Теректінің «Таитиі» Францияның Таитиінен мүлдем бөлек....
Әділет Орынбасаров
Теректі ауданы
zhaikpress.kz