1.05.2020, 14:25
Оқылды: 223

Қаладағы үздік ләңгіші отбасы анықталды

Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігі 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай онлайн түрде отбасылық ләңгі жарысын ұйымдастырды. Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылған жарысқа 19 отбасы қатысты.  

3B6DFB04-348F-41F5-888C-9A74038ABEC7

Ұмытылып бара жатқан ләңгі тебу ойынымызды қайта жаңғыртып, оған деген қызығушылықты оятуды және жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыруды мақсат еткен сайыс қызықты өтті. Жарыс шарты бойынша әкесі мен баласы жергілікті ақындардың бір шумақ өлеңін оқып, бірлік, ондық және жүздік әдістерімен ләңгі тебулері керек болды. Қатысушылар арасында ләңгіні алғаш тепкен қалалық әкелер де, бала күнінде бұл ойында алдына жан салмаған әкелер де болды. Алғашқыларының ойынға деген қызығушылығы артып жатқаны жіберген видеоларынан байқалса, екінші топ әкелері балалық шаққа саяхат жасап мәз болды. Қалай дегенде де жарыс қатысушыларының көңілдері көтеріліп, қызығушылық танытты.

Қорытындысында үшінші Шынтаевтар отбасы, екінші орынды Аманғалиевтер отбасы иеленсе,  Қабеш жанұясы жарыс жеңімпазы атанды.

-Жарысты ұйымдастырудағы басты мақсатымыз - отбасы мүшелері арасындағы, әсіресе әке мен бала арасын жақындастыру және ұлттық ойынымызды қайта жаңғырту. Жарысымызға аула клубтарының мүшелері көптеп қатысты. Алдағы уақытта мұндай шаралар жиі өтетін болады,- дейді мәдени-ағарту бірлестігінің директоры Серік Тоқмамбетов.

Мекеме мамырдың 8-і күні асық ату жарысын ұйымдастыратын болады.

Түгелбай Бисен

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале