Аудан орталығы Переметный ауылдық округінде орын тепкен Камен орта мектебін күрделі жөндеуден өткізу мәселесіне нүкте қоятын кез келді. Жыл сайын есепті кездесулер мен жиналыстарда ұрпақ болашағына алаңдаушылық білдірген халық қалаулылары мен ауыл тұрғындарының арман-тілегі жүзеге аспақ. Өйткені қоғам болашағы өскелең ұрпақ болса, оның болашағына бейжай қарамағанымыз абзал.
Мыңдаған шәкірттер дайындап, қаншама айтулы тұлғалар тәрбиелеп шығарған Камен мектебінің тарихы тереңде. Алғашқы және соңғы қоңырау салтанатты кештерінде ұлағат ұясында бас қосатын мектептің әр жылғы түлектерінің де алтын ұяларына деген құрметі ерекше.
Бәйтерек аудандық білім беру бөлімінің басшысы Серік Сафиуллиннің айтуынша, Камен мектебінің ғимараты 1976 жылы салынған. Білім ордасының жобалық қуаты 400 балаға арналған. 2011 жылы мектептің төбесіне күрделі жөндеу жұмыстары өткізіліп, мектептің айналасына өрнектас (брусчатка) төселген. Басқа жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің жанындағы «Ауыл – ел бесігі» атты жергілікті елді мекендерді дамытуға арналған жоба арқылы бүгінгі таңда ауданымыздағы Камен орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асып жатыр.
Күрделі жөндеу жұмыстарына жасақталған жобаның құны 396 млн.теңгені құрайды. Конкурстық процедуралардың нәтижесінде мердігер «Өркен-Сервис» ЖШС 342 млн. теңге көлемінде жобаны ұтып алған болатын. Ал «Жаңа Консалтинг ЛТД» ЖШС жұмыстың сапасын бақылайтын болады. Эксперттің қорытындысы бойынша жөндеу жұмыстары мамыр айында басталып, қазан айында аяқталуы керек. Мүмкіндігінше 1 қыркүйекке дейін жөндеу жұмыстары бітеді деген келісіммен жұмыс жүргізілуде. Бұл күрделі жөндеу жұмыстарына ауылдық округтерден жұмысқа қызметкерлер алынады. Аталмыш нысан бойынша 92 жұмысшы көрсетілген. Бүгінгі таңда 18 адам жұмыс жасап жатыр. Қазір бұзу жұмыстары жүруде, аптаның аяғында бұзу жұмыстары аяқталып, толық жөндеу процесі басталмақ.
- Камен орта мектебінің қабырғасы 1976 жылы қаланған. 2011 жылы төтенше жағдайдың болуына байланысты мектебімізге ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мектеп шатыры ауыстырылып, су тартқыштар салынды. Биылғы жылы педагогтар, ата-аналар, барлық оқушылар үшін жылдар бойғы тілегіміз орындалып, мектепке көптен күткен күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Күрделі жөндеу жұмыстары бойынша мектепті, ғимарат қабырғаларын жылыту, мектеп қабырғаларын қаптау қарастырылған.
Сондай-ақ мектеп шатыры ауыстырылады, бұл мектепте жылуды сақтауға үлкен мүмкіндік береді. Заманауи жоғары, сапалы құрылыс материалдарын пайдалану көзделген. Біз орындалатын жұмыстардың сапалылығына үміт артамыз. Спорт алаңын да жасақтау жоспарда бар. Бұл біздің оқушылар мен мектеп ұжымының арманы. Ауыл тұрғындарының басталған жөндеу жұмыстарын жүргізуге кедергі келтірмейтініне үміттенеміз, - дейді Камен орта мектебінің директоры Валентина Стародубец.
- Жарты ғасырдан асқан тарихы бар Камен орта мектебінің орны ауылымыз үшін ерекше. «Елу жылда – ел жаңа» дейміз ғой, соған сəйкес байырғы тұрғындардың, тіпті зейнет жастағылары да осы мектеп түлектері десем, қателеспеймін деп ойлаймын. Сəйкесінше, педагогтар ұжымы да жылдар өтіп ұрпақ алмасуымен, заман талабына сай өз біліктілігін шыңдап келеді.
Мен де екі баламның білім алуын осы мектепке сеніп тапсырған ата- аналардың бірімін. Негізі, мектеп ғимаратының күрделі жөндеуді қажет еткеніне он жылдың үстіне шықты. Осы жылдары ғимараттың кейбір ақауларын мектеп əкімшілігі өз күштерімен мүмкіндіктері жеткенінше ағымдағы жөндеу жүргізіп түзетіп отырды.
Биылғы күрделі жөндеуді естіп, әлеуметтік желіден жұмыстардың басталғандығы жөніндегі суреттерді көріп, өз басым өте қатты қуандым. Ақыры, балаларымыз таза, заманауи жабдықталған, ең бастысы қауіпсіз ғимаратта білім алатын болды. Осы шаруаны қолға алып, ауылдың мұқтажына жаны ашып отырған əкімшілік мамандарына алғысымыз шексіз, - дейді ауыл тұрғыны, ата-ана Жанар Хабибуллаева.
Сәтін салса, жаңа оқу жылын оқушылар мен ұстаздар қауіпсіз мектепте қарсы алмақ. Болашағымыз жарқын, келешегіміз кемел болсын деп тілейік!
Ертай Сағындықұлы,
Бәйтерек ауданы
Суреттерді түсірген Сәлім Мәмбетәлиев
zhaikpress.kz