Бәйтерек ауданы, Асан ауылында өткен Батыс Қазақстан облысының ұлттық ат спорты чемпионатынан сырымдық жігіттер олжалы оралды, деп хабарлайды "Қайсар" спорт клубының директоры Ерболат Мұқанов.
Чемпионат ат спортының көкпар, теңге алу және аударыспақ түрлерінен өткен. Аударыспаққа Сырым ауданының атынан шыққан Төлеби Қайыржановты тұлпарынан ешкім аудара алмапты. Ол 90 келіден астам палуандардың арасында жеңімпаз атанып, республикалық чемпионатқа жолдама алды.
Ат үстіндегі күресте Төлебидің інісі Әспембет Қайыржанов та сәтті өнер көрсетіп, 70 келі салмақ дәрежесі бойынша ІІ орын алды. Сол сияқты сырымдық Қуаныш Есқалиев пен Ізгілік Ибраев бірі 90 келіге дейінгі, бірі 60 келілік палуандардың ішінен ептілігімен, күшімен іріктеліп, ІІІ орынға ие болды.
Бір өкініштісі, көкпарға Сырым ауданынан команда қатыспаған, теңге алуға да ешкім шықпаған. Міне, ауданда ат спорты үйірмесінің жоқтығы кесірінен рух пен намыс бәсекесінен қалыс қалып отырмыз. Жылдың басында Сырым ауданындағы ат спортын дамыту үшін қаражат бөлінді дегенді естіп қуанғанбыз. Сол қуанышты хабар не қауесет болды - ау. Әлде қаражат карантинге байланысты мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің қазынасында "оқшауланып" жатыр ма екен? ӘйтпесеЖымпитыда үйірме болса, арнайы аттар болса, Төлебилер Оралдың арғы жағындағы туу Асанға қырдағы қара айғырын сүйреп жүрер ме еді? Осылай жалғаса берсе, қара айғыр амалсыздан Қазақстан чемпионатына да баратын сықылды.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер