21.07.2020, 10:33
Оқылды: 34

Індет шебіндегі аудан қиындықтарды қалай еңсеруде?

Қазіргі таңда адамдардың көкейінде сұрақ көп. Жауап аз. Facebook пен Instagram секілді әлеуметтік желілерді ашып қалсаңыз, әйтеуір жақсы жаңалық естімейсіз. Дәрі-дәрмектің тапшылығы мен ауруханаларда науқастарға орынның жетіспеушілігі жайында пікірталас тууда. Осы орайда аудандағы қазіргі жағдайды білмекке Тасқала аудандық ауруханасының басшысы Мақсат Оразбаевты әңгімеге тартқан едік.

33E45A48-E146-46D0-961B-1EFCEF558A3F

– Биыл 16 наурызда Тасқала шекара бекетінде 130 адам коронавируспен тіркелді. Қазіргі уақытта аталған дертке байланысты сынақтар шекара бекетінде алынбайды. Жалпы, аталған жерден 35 463 адам кесіп өткен болса, оның ішінде 8059-ы қазақстандық азаматтар. Ал 27 404 адам шетелдік азаматтар. Коронавирус белгілері бар азаматтарды мемлекеттік шекарадан өткеннен кейін Орал қаласы және Бәйтерек ауданындағы ауруханаға тасымалдау үшін үш жедел жәрдем бөлінді. Аталған жерлерге 98 адам жедел жәрдем көлігімен жеткізілсе, соның 10-ынан оң нәтиже шықты. Мемлекеттік шекарадан адамдардың жаппай өту жағдайында екі микроавтобус бөлінді. Екі көлікпен 147 адамды шекарадан ауруханаға жеткізу үшін төрт рейс жасалды. Әр тасымалдаудан кейін барлық көліктер залалсыздандырылды, – дейді Мақсат Оразбаев.

– Карантин режимі енгізілгеннен бастап «Шұғыла» лагеріне қырық орындық карантиндік аурухана және он бес орындық Тасқала ауылындағы орталық аурухана жасақталды. Санитарлық бақылау постындағы шекараны кесіп өтушілер әрекеттерінің алгоритміне сәйкес СЭС қызметкерлері қарап шыққаннан кейін, симптоматикалық белгілері бар азаматтарды жедел жәрдем машиналары Тасқала ауылында орналасқан стационарлық көліктермен жеткізіп отырды. 25 шілдеге дейінгі мәліметке сүйенсек, аудан бойынша 178 адам тексерістен өтті. Оның ішінде 92 адамнан оң нәтиже шықты. Оң нәтиже шыққандары дер кезінде облыстық стационарға жөнелтілді. Уақытша стационарда 149 адам емделді. Соның 131-і Тасқаладан. Олардың ішінен 58 адамнан оң нәтиже шыққаны белгілі болып отыр. Қазіргі уақытта Тасқала ауданының он алты тұрғыны облыстағы жұқпалы аурулар ауруханасында стационарлық емделуде. Олардың төртеуі облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатса, қалалық көпбейінді ауруханада төрт адам және Бәйтерек ауданында сегіз адам дәрігерлердің көмегіне жүгінуде.

94CED3A4-5E29-48C9-895D-555068EF1A0E

Тасқала ауданы бойынша осы уақытқа дейін 206 адамнан оң нәтиже белгілі болса, оның ішінде 119-ы емделіп шықты. Қазіргі уақытта 87 адам оң нәтижемен тіркеуде тұр. Оның ішінде 71-і нақты белгілермен, ал 16-сы симптомсыз. Аталған ауруды жұқтырғандардың арасында медицина қызметкерлері 12 адам. Оның төртеуі емделуде. Мемлекеттік қызметкерлердің арасынан тоғыз адам, олардың екеуі қазіргі таңда ем алып жатыр. Тәртіп сақшыларының төртеуі ауырған болса, бүгінгі күнде біреуі ем қабылдауда. 116 адам амбулаториялық ем алуда. Олардың барлығы үйден емделіп жатыр. Аудан бойынша алты адам көз жұмды. Олардың ішінен төрт адамнан оң нәтиже шықты. Екі адамнан пневмония диагнозы анықталды. Атырау облысынан 105 адам вахталық жұмыстан келген. Оң нәтижесі бар ауыспалы жұмысшыларды Атырау облысы мен Орал қаласынан тасымалдау үшін газель автокөлігі бөлінді. Ресей жерінен келген тасқалалық 574 тұрғынның барлығы тіркеуде тұр. Осы уақытқа дейін 741 тасқалалық тұрғын үй карантинінде болды. БҚО аумағында карантиндік режим енгізілген күннен бастап Тасқала ауданы бойынша үш өткізу пункті қойылды. Орталық аудандық аурухана мен полиция қызметкерлері кезекшілік қызмет көрсетті.

Қазіргі уақытта аурухана 41 төсекке дейін кеңейтілді. Бүгінгі таңда 49 науқас емделуде. Оның үшеуінің жағдайы ауыр. 46-сының жағдайы орташа. Ауысыммен жұмыс жасайтын 16 медбике, 16 кіші қызметкер және төрт дәрігер бар. Медицина саласындағы адамдарға «Шұғыла» лагері баспана ретінде берілді. Сонда қызмет жасайтын медбикелердің тамақтануларына демеушілер көмек қолын созуда. Аудан бюджетінен 7 825 000 теңге бөлінген (карантин бөліміне түскендерге және жұмыс кезінде карантин бөлімінің медициналық қызметкерлеріне арналған тамақ). Сегіз мың тұрғыны бар Тасқала ауданы орталығында үйдегі адамдарға медициналық көмек көрсету үшін дәрігерлердің 2 мобильді тобы және медбикелердің бір тобы құрылды. Бұл үшін жұмылдырылған үш техника, екі жедел жәрдем, екі автокөлік біртіндеп әкімдіктен бөлінді. Қалған елді мекендерде медициналық көмекті жергілікті фельдшерлер мен медбикелер көрсетеді. Сондай-ақ ұжымдық аудандық ауруханаға жедел әрекет ету үшін чат-хабарлама жасады. Халыққа қашықтан онлайн-кеңестер берілді, – деп бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстардан да хабар берді аурухана басшысы.

– Бесінші шілдеде карантиндік шектеу режимі енгізілгеннен кейін аудандық аурухана да медициналық заттармен қамтамасыз етілді. Парацетамол – 1000 қаптама, ибупрофен (100 мл) – 80 құты, асперин – 1000 қаптама, амбро – 60 қаптама, осылардың барлығы 600 000 теңгенің шамасында демеушілердің көмегімен алынды. Бұл дәрі-дәрмектер дәріханалары жоқ елді мекендердегі фельдшерлерге берілді. Сондай-ақ демеушілер есебінен екі оттегі концентраты алынды. Қазіргі уақытта аудандық ауруханада бес оттегі концентраты бар. Дәріхана бөлімшесінде бір желдеткіш, екі пульстік және бір жабдықталған реанимациялық бөлім бар. Тағы жақында төрт оттегі концентраты келеді деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ демеушілер аурухананы уақытша бөлімдегі науқастарға арналған 5 тоңазытқышпен қамтамасыз етті. Оларға алғысымыз шексіз. Лас және таза жерлерді бөлу үшін уақытша бөлімде шлюз орнатылды, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Мақсат Жүнісәлұлы.

Кәсіпкерлердің ниеттері бір арнаға тоғысып, жерлестеріне көмек қолын созып жатқанын бәрі де естіп, біліп отырған шығар. Соның ішінде ауруханаға қатысты дәрі-дәрмектер мен науқастарға қажетті аппараттарды жеткізу оңай шаруа емес. Осы орайда жақынымызға жанашыр болып, тек өзімізді емес, өзгенің де жағдайын ойлап, сақтық шараларын қолға алсақ, індетті елімізден қуып шығатын күн де туар. Ешқайда шықпай, той-томалаққа баруды тыйсақ, өз үйі мен бала-шағасына жете алмай, науқастарды аяққа тұрғызу мақсатында шапқылап жүрген дәрігерлерге де көмегіміз тиер еді. Сақ болайық, ағайын!

Темірболат Әнуарұлы

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале