20.08.2020, 10:00
Оқылды: 51

Сенатор Бәйтерек ауданында болды

 Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев Бәйтерек ауданындағы іссапарын «Киргенев» ШҚ-ның егіс алқабынан бастады.

Senator (1)

Негізінен дәнді дақылдар егетін қожалық Железнов ауылының тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Шаруашылық басшылары Новенький, Зеленый, Железнов ауылдарының мектептеріне әрдайым демеушілік көрсетіп келеді. Сонау 1997 жылдан бері егін егуді кәсіп еткен шаруа қожалығының басшысы Қайыржан Киргеневтің айтуынша, биыл күздік бидай жақсы шыққан, жаздық дақылдың да шығымы көңіл қуантады екен.

– Күздік бидай гектарынан 29 центнер өнім берді. Қазір жаздық дақылды орып жатырмыз. Гектарынан 12-14 центнер өнім алудамыз. Биыл алғаш рет майлы дақыл соның ішінде сафлор егуді қолға алдық. Одан да жақсы өнім аламыз деген сенім бар, – дейді Қайыржан Есенгелдіұлы.

Senator (3)

Бүгінде егін ору науқанына мықтап кіріскен диқан халық қалаулысына техника алу жағында аздаған қиындықтар кездесетінін айтты. Сөзінше, соңғы үлгідегі комбайндарды сатып алу құны өсіп кеткен.

Бұндай қиындықтың барын білетінін айтқан Нариман Төреғалиев алдағы уақытта бұл мәселе ескерілетінін жеткізді.

Одан соң халық қалаулысы Шалғай ауылдық округіндегі «Пермский» шаруа қожалығына ат басын тіреді. Негізінен күнбағыс егумен айналысатын қожалық басшысы Александр Недопекин өнімін өңіріміздегі Пойма ауылындағы арнайы зауытқа тапсыратынын жеткізді. Айтуынша, шаруа жасап, еңбек еткен адамға елімізде барлық жағдай жасалыпты.

Senator (6)

Диқандардың жағдайымен танысқан соң Н.Төреғалиев Краснов ауылдық округі Погодаев ауылында бой көтеріп жатқан спорт кешені құрылысының жұмысын көрді.

Толықтай жергілікті кәсіпкер Бейбіт Асановтың қаржысына салынып жатқан кешен ішінде волейбол, шағын футбол, баскетбол ойындарына арналған зал мен түрлі үйірмелер өткізуге шақталған арнайы бөлмелер болады.

– Ауылыма осындай спорт кешенін салу жайын көптен ойлап жүрген едім. Биыл барлық құжаттарын реттеп, құрылысын бастап кеттік. Бұйырса, күзге қарай толықтай тапсырамыз, – дейді Бейбіт Батниязұлы.

Ауылына арнап, спорт кешенін салған кәсіпкердің ісіне халық қалаулысы оң бағасын берді.

Сапар соңында Н.Төреғалиев Самара-Шымкент тас жолының бойында салынып жатқан "М32" аталатын жүргізушілерге қызмет көрсету орнына соқты. Құрылысы аяқталып, енді ісін бастаған кемпинг ішін аралап, шыққан депутат соңғы үлгіде осындай демалыс орнындары елімізге туристерді тартуға көп септігін тигізетінін айтып, жол бойы кемпингтерді көптеп салу керектігін қаперледі.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале