Жаз мезгілінде адам баласы қыстың қамын ойлап еңбектеніп, барынша үлгеріп қалуға тырысады. Соның ішінде кешігуді кешірмейтіні – егіс алқабы. Оны егін шаруашылығымен айналысатын мамандар жақсы түсінеді. Қарапайым халыққа жазық далада жайқалып тұрған егінді орып ала салатындай көрінгенімен, оның машақаты да бір басқа жетерлік.

Тасқала аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы жиналатын егіс көлемі 37,3 мың гектарды құрайды екен. Оның 3,80 мың гектары күздік дақылдар болса, оның ішінде қара бидай 1,12, ақ бидай 2,68 мың гектар. Жаздық дәнді дақылдар 12,4 мың гектарды құрайды, яғни жаздық бидай 8,9 мың, арпа 3,23 мың, ал сұлы 200 гектар. Жаздық құмай 100 гектар, майлы дақылдар 12,4 мың гектар, сонымен қатар күнбағыс 2,84 мың және мақсары 9,6 мың гектар. Мал азық дақылдары 8,47 мың га, оның ішінде судан шөбі 1043 га, еркек шөп 1430 гектар көрінеді. Сондай-ақ биыл 230 гектар жерге картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілген.

Біз Ақтау ауылдық округінде келер жылға дайындық жұмысына кірісіп кеткен «Жәнібек» шаруа қожалығының жұмысшыларымен кездесіп, аталмыш шаруа қожалығы жетекшісін сөзге тартқан едік.
– Ауыл шаруашылығы саласымен 2005 жылдан айналысып келеміз. Ол кезде әкем шаруашылықты өзі қолға алып, басы-қасында жүрді. Біз сол кісінің қасында біраз нәрсеге машықтандық. Қуанышы да бар, қиындығы да бар. Солардың бәріне төзіп, әкеміз тек еңбек етуге үйретті. Қазір өзім шаруашылықты қолыма алып, білмеген нәрселерімді әкемнен сұрап, жұмыстанып жатырмын. Әрі Теміржан Есенғалиев, Батырхан Избанов, Есенгелді Ғұбашев секілді азаматтармен әріптес болып, шаруашылықты бірге жүргізіп келеміз. Бәріміздің жерімізді қосып санағанда 5500 га жерді құрайды. Бидайдың және күнбағыстың бірнеше түрлерін егіп жатырмыз. Себебі кейбір түрлері құрғақшылық пен ыстыққа шыдамды. Кейбірінің дәндері көптеу болады. Бес жүз аттың күшіне тең «CASE» атты қуатты тракторымыз бар. Сосын дискалы тұқым шашатын техника алдық. Бұрынғыдай жерді қопармай, керісінше диска арқылы тіліп, дәндерді сеуіп отырады. Аталған тракторларды компьютер басқарады. Яғни күнұзағына тоқтамастан қызмет керсетуге қауқарлы. Сонда күніне 150 гектардай жерге дән шашып үлгереміз.

Қысқасы, Есенгелді техникаға жауап берсе, мен егістік шаруашылығымен айналысамын. Батырхан қоймадағы заттарға жауапты болса, Теміржан мал шаруашылығын дөңгелетуде. Ал жұмысшылар саны маусымға қарай өзгеріп отырады, кейде 18 адамға дейін көмекке келеді. Және олардың жасаған жұмыстарын планшет арқылы бақылап отырамыз, – дейді қожалық жетекшісі Жәнібек Хайров.
Әсет Баян,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz