1.09.2020, 11:33
Оқылды: 27

Тасқаланың нағыз тарланбозы еді 

     Ауданның соңғы 50-60 жылдық тарихы көз алдында өткен колхоз, совхоз құрылысының ардагері, республикалық дәрежелі зейнеткер Абылай Болмолдин жайлы естелік жазу өткен күндермен бетпе-бет келгендей әсер береді. «Жақсының аты өлмейді» дегендей, осынау жанмен қызметтес болған кездер көңіл төрінде қонақтап қалған. Әбекең 1926 жылы Жаңақала ауданында өмірге келген. «Камен (қазіргі Тасқала) ауданына көшіп келгенде бір жаста едім», — деп өткенді еске алатын. Өмірін Оян мен Шежін ауылдарында өткерген ол Тасқаланың нағыз патриоты болды. 

балмолдин (2)

Жастық шағы қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. Ерте жетім қалып, аштық, жоқшылықты көріп жүріп есейді. «Киім жұпыны, тамақ тапшы. Әйтеуір, елмен бірдей еңбек етіп күнелттік. Елмен бірге ауыл мектебін бітіріп, колхоз жұмысына араластық. Соғыстың ауыр жылдарындағы аштықтан, ауыр жұмыстан кейде соншалық әлсіресек те, әйтеуір үзіліп кетпей, аман қалдық қой. Небір қиын кездер өтті ғой бастан», – деуші еді жарықтық.

Кейін төрт жыл әскер қатарында болып, 1951 жылы елге оралады. Колхоздың жылқы фермасын басқарып, іске ыждағаттылығымен  елге ерте танылады. Екі жылдан кейін оны  сиыр фермасына жібереді. Ол жылдары сүт өндіру күрделі мәселе тұғын, әр сиырдан 500-600 литр сүт сауылатын. Іскер басшы осы көрсеткішті азғантай уақыттан кейін 2200-2300 литрге жеткізіп, ферма аудан бойынша алдыңғы қатарға шығады. Осылайша еңбегі жанып, жұмысының нәтижесі көріне бастайды.  Әрі тынымсыз еңбек орынды бағаланып, 1956 жылы колхоз басқармасы төрағасының орынбасары және партия ұйымының секретары болып жоғарылайды. Өте еңбекқор жан екі жылдан кейін басқарма төрағасы болып сайланды. Бұл оның іскерлігінің айқын көрінісі еді.

1961 жылы «Степной» совхозы құрылғанда ол директордың орынбасары, партия комитетінің секретары болып тағайындалады. Еңбектен қол үзбей, сырттай  жоғары білім  де алды. Ал 1969- 1984 жылдар аралығында, яғни зейнетке шыққанға дейін «Шежін» совхозының директоры болды. Абылай Болмолдин басқарған жылдары совхоз шаруашылығы өркендей түсті. Қой саны 34 000, ірі қара 2500, жылқы 600 басқа жетті. Егін алқабы да 12 мың гектарға ұлғайды. Осы жылдары ауылда тұрғын үй, жаңа орта мектеп, шеберхана, балалар бақшасы, екі жемшөп цехы, жиырмадан астам мал қоралары, басқа да толып жатқан мәдени, өндірістік, сауда орындар салынды.

Иә, ол өте іскер адам-ды. Ешқашан тыным таппайтын. Саратов облысының көршілес аудандарымен тығыз байланыс ұстанды. Совхозға керек түрлі құрылыс материалдары мен техникаларды  Озинки, Дергачи аудандарынан  әкеліп  жүрді.  Ол жақтың да колхоз, совхоз басшыларымен жақсы тіл табыса білді. Олар да  өз малдарын Шежін жеріне әкеліп бағып,   Оралдың ет комбинатына өткізіп жүрді. Шежін жерінен шөп те дайындап   жүрді. Ресейлік шаруашылық басшылары А.Балмолдинді әрдайым қадір тұтатын. Осы іскерлік қырының арқасында «Шежін» облыста аты шыққан ірі шаруашылықтың біріне айналды. Әрі Оян мен Шежінге сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, ағамыздың өңірі орден мен медальға толды. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі», «Тың көтеру», «Лениннің туғанына 100 жыл» т.б. орден-медальдар соның дәлелі.

Қиындықты көп көріп, еңбекте ерте шыныққан тәжірибелі басшы екі тілде еркін, шешен сөйлейтін. Кез келген мінбеде сөз алып, саяси сауатты ойлар айтатын. Қарапайым еңбек адамын жақсы көріп, сыйлайтын. Қолынан келгенше жағдайларын жасап, қолдап жүретін. Өзін де халық сыйлап, ерекше құрметтеді. Осындай атпал азамат 2011 жылы дүниеден өтті. Бірақ жақсының аты өлмейді.

                                                                               Арон Жұбанышев,

                                                                   Тасқала ауданның құрметті

                                                                      азаматы, еңбек ардагері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале