Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласындағы басты көшелердің бірі Еуразия даңғылы Абай даңғылы боп өзгерді.
Бұл шешім бүгін 1 қыркүйек күні өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 37-ші сессиясында қабылданды.
Айта кету керек, сессияда Еуразия даңғылын Абай даңғылы атауына өзгерту мәселесі күн тәртібіне қойылған болатын.
Сессияға қатысқан 25 депутат даңғыл атауын өзгерту жөніндегі ұсынысты бірауыздан мақұлдады.
Бүгіннен бастап Еуразия даңғылы Абай даңғылы болып аталады.
- Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы, 4-1) тармақшасына сәйкес «Облыстық өкілді және атқарушы органдар бірлескен шешімімен тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып, республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде облыстық маңызы бар қалалардың қаладағы аудандарына, құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі мәселелерді шешеді.
ҚР Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясының 2020 жылғы 6 тамыздағы қорытындысымен оң нәтиже берілді.
БҚО Қоғамдық кеңесінің төралқа отырысының 2020 жылғы 28 тамыздағы ұсынбасымен мақұлданды.
Аталмыш жоба ашық НҚА порталында 2020 жылдың 10-24 тамыз күндері қоғамдық талқылауға жарияланды, - дейді Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Ғаниева.
Ертай Бимұханов,
zhaikpress.kz