8.09.2020, 11:04
Оқылды: 70

«Жасыңда қадіріңді сақта, қартайғанда арыңды сақта!»

«Әудемжер баса алмаймын аяғымнан,

Ұстаймын екі қолдап таяғымнан.

Сайраған орта жүздің бұлбұлы едім,

Кәрілік келіп қалдың қай жағынан?» деп өмірінде тоқтық көрмей, әр күнін ән-жырмен өткізген Біржан салдың жүрек тебірентер сөзін жасы ұлғайған шағында айтуы тектен-тек емес. 

Өтегенов

Үлкендік бір күнде келе қалған жоқ. Жас ұлғайған соң жан-жағыңа қарап, өткен күндеріңді ой таразысына саласың. «Өмірде не істеп, қандай жетістікке жеттім?» деген ой санаңда қылаң береді. Есті адамның «қандай жақсылық жасадым?» немесе «кімдерге әділетсіздік көрсеттім?» деп өзінен есеп алары кәдік. Пенде болып өмірге келмек бар да, өмірден өтпек бар.

Жасым сексенге келгенде мен де өткенімді ой таразысына салып, көп ойландым. Қайран жастық, тәтті түстей әп-сәтте өте шықты. Атам қазақ жасы кішілерге қамқор болып, үлкендердің алдын кесіп өтпеген. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, қонақжайлық отбасынан бастау алады. Үйге қонақ келсе, «қош келдіңіз!» айтып, ақпейіл танытып, көрпе төсеп, төріне шығарған халықпыз ғой. Мұндай әдет-ғұрып ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ізгі дәстүр. Осындай қазақы, жақсы қасиеттерді кәрілер жастардың, ұл-қыздарының құлақтарына құйып тәрбиелеген. Жасыратын несі бар, кәріліктің де мәні мен сәні бар. Жастары ұлғайған шағында кейінгі ұрпақтарына өтірік-өсек айтпауға, біреуді алдап-арбаудан қашық болуға, әрдайым айналасына қолұшын беруге, көзіне мақтап, сырт айнала жамандаудан аулақ болуға, тәкаппар, мақтаншақ, жағымпаздықтан бойларын аулақ ұстауға, адал еңбек жасауға үйрету парыз.

Иә, адалдық – адам бойындағы ең таза, ең пәк қасиет. Қазіргі уақытта адамның да ой-өрісі өзгергенін көзімізбен көріп жүрміз. Беделі жоғары, ақсақалдары аузына түскен, берекелі қарттарымыз аз емес. Олардың отырған жері берекелі, айтқан сөздері ұлағатты, көпшілік орында, үлкен жиындарда сөйлеген сөздерінде тәрбиелік мән зор. Басқаның айтуымен емес, өз ойын ашық айтатын, жөн сілтеп, бағыт беретін үлкендерден қалай айналмассың?! Қазақта «арын сатқаннан қорықпа, сақалын сатқаннан қорық» деген сөздің астары терең. Бұл сөз ата сақалы аузына түскен замандастарыма арналып айтылғандай. Жастары 70-тен асып, жасарын жасап, асарын асаған, тәжірибесі мол замандастарымның ішінде әкім-қаралардың алдында жалбақтап, иә десе, «солай ғой» деп, түшкіріп қалса, «жәрекім Алла» дейтін қарттардың ара-тұра болса да кездесетіні жасырын емес. Жағымпаздық – жақсы қасиет емес. Жиналыстарда қолында билігі бар, аз-кем болса да билікке араласып жүрген әкім-қараның қол-аяғын жерге тигізбей мақтап, көзін ала бере дымын қалдырмай жамандайтын азаматтардың барына қынжыласың. Біреуді мұқатып, енді бірінің аяғын жерге тигізбей мақтайтындарды нағы задамдықтан безгендер дер едім. Екіжүзділіктен жиіркеніп кетесің. Бұл сонда бойға біткен жағымпаздық па? Осындай жағдайды көріп, құлағың естіп тұрғанда, сөйлеп тұрған адамның өзі емес, қасында тұрған тыңдаушының өзі ыңғайсыз күйге түседі екен. Жастар әр уақытта бастарына түскен қиыншылықтан емесе отбасы арасындағы кикілжің, келіспеушілік тағы да басқа жағдайларда жасы үлкен қариялардан ақыл сұрап, айтқандарын тыңдайды. Ал үлкендеріміз жаңағыдай қылық танытып жатса, жастар кімнің ізінен ереді? Жақсы-жаманды, бар мен жоқты, қиыншылықты бастарынан өткізген аға ұрпақтың теріс әрекеттері біреулерді ойландырса, қане?! Кезінде ел басқарған қарттарымыз бүгінгі күні еңбек демалысында, басының сыйы бар, айтар ұтымды сөзі бар, дұрыс жолға сала білетін ақыл-парасаты бар. Ондай елге сыйлы аға буынарамызда аз емес. Осындай жандарды қандай биікке көтерсек те, артық болмас деп ойлаймын.

60-ты алқымдап, жетпістің желкенін есіп, сексен деген желмаяға мінген шағында біреуді қаралап, сынап, қыранды қарға етіп, қарғаны қыран етіп, қолынан жұмыс келетіндерді жеккөрінішті етіп, басшыға жамандау, аяқтан шалып, бүгінгі ұрпақтың жұмыс жасауына кесірін тигізіп жүрген жағдайлар да өмірде кездесіп жатады.

Қорыта айтқанда, барды бағалап, әділ сын, астарлы ой айтқанға не жетсін?! «Жасыңда қадіріңді сақта, қартайғанда арыңды сақта» деп халық тектен-тек айтпаса керек.

 

Бисенбай Өтегенов,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале