Жаңа оқу жылы онлайн режимінде басталғанымен бастауыш сыныптағы бүлдіршіндер штаттық режимде білім алуда. Балалардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында Бәйтерек аудандық ішкі істер бөлімі «Сақ болыңыз, балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізуде.
Қыркүйек айының алғашқы онкүндігінде жүретін шара барысында полицейлер мектептерге барып, жол жүру ережелерін түсіндірсе, көшеде көлігін жайсыз жүргізген шопырларға айыппұл салуда.
Профилактикалық шара басталған сегіз күн ішінде аудан полицейлері отыздан астам әкімшілік хаттама толтырған. Оның нобайы қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілерге салыныпты. Бұл туралы жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Азамат Жұмағұлов мәлімдеді.
– «Сақ болыңыз, балалар» жедел-профилактикалық шарасы өтуде. Осы кезге дейін 35 әкімшілік хаттама толтырдық. Оның 15-і қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілерге жазылса, жаяу жүргіншіге жол бермеген тоғыз жүргізуші де тиісті жазасын алды. Сондай-ақ көлік басқарып келе жатып, ұялы телефон арқылы сөйлескен төрт, ішімдік ішіп рөлге отырған үш жүргізуші де қолдарына хаттамаларын алды. Бұдан бөлек, түнгі 23:00-ден кейін көшеде жүрген төрт жасөспірімнің ата-анасына ескерту жасалды, – дейді жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Азамат Кенжеғалиұлы.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz