Бүгін Ұлы Жеңістің 75 жылдығы шеңберінде қалалық «Ардагер» клубы биылғы жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді. Салтанатты шарада қала әкімі Абат Шыныбеков жиналған қауымды қала күнімен тұспа-тұс келген ардагерлер клубының ашылуымен құттықтап, сөз сөйледі.
– Бұл ғимаратты жөндеуді көктемде бастап едік. Жер жүзін жайлаған індетке байланысты үлкен кісілер сырқаттанып қалар деген оймен жөндеу аяқталғасын жинаған жоқпыз. Бүгін соның реті келіп, сіздерді жөндеуден өткен клубтың ашылу салтанатына шағындап шақырып отырмыз. Ардагерлер біздің алтын қазынамыз. Еліміз тәуелсіздік алған жылдан бастап, осы жиналып тұрған аға-апаларымыздың бәрі де өңіріміздің, қаламыздың дамып, өркендеуіне зор үлестерін қосып келеді. Зейнет демалысында болсаңыздар да бойдағы бар күш-қайрат пен білімді, өнерді жас ұрпақты тәрбиелеуге жұмсап келесіздер. Сіздерге мықты денсаулық, амандық тілеймін, – деді қала басшысы.
Клубтың ашылу салтанатында облыстық ардагерлер кеңесі мәдениет және спорт бөлімінің төрайымы Гүлсім Қадешова ғимараттың жөндеуден өтіп, ашылғанына ардагерлердің қуанышты екендігін жеткізді.
– Осында жиналып тұрған ардагерлердің бәрі де шетінен өнерлі. Бәрі де жоғары білімді, бәрі де өнерді сүйеді. Ән шырқап, би билейді, мәнерлеп өлең оқиды, шахмат ойнайтындары да бар. Осындай өнер иелерінің бос уақытын тиімді өткізуі үшін клубты жөндеп берген басшыларға алғысымызды айтамыз. Мына жерде бес-ақ ұжым бар, келіп ән айтады да кетеді. Ал қала бойынша 30-40 ұжым бар, әрине оған бұл клуб таршылық етеді. Дегенмен жоқтан бар жасап беріп отырған басшыларға рахмет. Ардагер клубындағы ата-әжелер жас жеткіншектерге ұлттық тәрбие беруде білім-тәжірибесін, өнерін аямай жұмсап, болашақ ұрпақтың елін, жерін сүйер перзент болып қалыптасуына үлестерін қосады, – деді ол.
Бұдан соң ардагер клубының жетекшісі Н. Мағзомова клуб жұмысымен таныстырды. Ағымдағы жөндеуден өткен клубтың ашылу салтанатында халықтық «Ағалар әуені» вокалды тобы ақын Жұбан Молдағалиевтің сөзіне жазылған композитор Ілия Жақановтың әйгілі «Еділ мен Жайық» әнін әуелете шырқады.
Нұрымбек Жапақов,
zhaikpress.kz