Оңаша отырып, ұстаз туралы ойға берілсем, көз алдымнан ақжарқын мінезді, ақ жүректі, жылы жүзді ұстаз бейнесі көрініп, мені еріксіз қиялға батырады. Нұрлы естеліктерге жетелей жөнеледі. Бой жетсек те, мектеп кезімізден жанымызға ең жақыны, әрі бізге әрқашан қолдау көрсетіп жүретін мұғалімдер болғаны анық.
Керемет ұстазды есіме алған сайын көзіме жас келетінін жасырмаймын. Әрбір баланың тұлға болып қалыптасуына, дүниедегі мамандық иесінің болашаққа қанаттануына себепкер болатын жанашыр, ізденімпаз адам – ұлы ұстаз.
Менің ойымша, әр шәкірттің жанына жақын келіп, өмірлік ұстанымдарының жаршысына айналатын ұстазы болады. Менің сүйікті ұстазым – Светлана Оразқызы Үсенова. Ол кісіден үйренер ғибрат көп. Әрбір сөзі мен кескін-келбеті, бәрі-бәрі мен үшін – үлгі-өнеге.
«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп хакім Абай айтпақшы, ұстазымды ең алғаш рет көріп-білгеннен бастап, ол кісіге деген құрметім артты. Бесінші сыныптан бері менің сынып жетекшім болған, білім нәрімен сусындатқан адам. Оны мен өмір бойына ұмыта алмаспын. Ең бірінші, Ы.Алтынсарин атты үлкен мектепке аяқ басып келген кезде, тұла бойда бір қорқыныштың болғанын әлі күнге есіме түсіремін. Өйткені бала болғандықтан ба, әйтеуір жаңа мұғалім келіп ұрсатындай көрінді. Бірақ кейін олай емес екендігіне жаны жайсаң ұстаздар көзімізді жеткізді. Әр оқушыны өз баласындай көріп, қанатының астына алғанда жылу пен мейірімді сезіндік. Ең қызық кез сол екен ғой, шіркін! Бет жүзіне қарағанда қаталдау көрінетін мұғалімнің жүзінен әйтеуір бір жылылықтың самалы есіп тұратын. Ішкі жан дүниесі білім мен мейірімділікке толы ұстаздарымызды әрқашан қадір тұтамыз.
Светлана Оразқызы қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ беретін. Бұл кісінің сабағына қатысудың өзі бір ғанибет еді. Қазақ тілінен ережелер, талдаулар болса, әдебиеттен мәнерлеп оқу, кейін түсінігенімізді айтып беретінбіз. Ұстазымның сабақ түсіндіргенінің өзі керемет еді. Тыңдап отырып, тез ұғып алатын едік. Әр күні сабаққа келгенде, бізден талап ететіні жақсы оқу және сауатты болу еді. Адамгершілікке де тәрбиеледі. Есіме ала берсем, көп нәрсе көкейімде сайрап тұр. Әр баланың психологиясын біліп, әр оқушының тілін табатын. Әрбір шәкірт өзі сүйген, жылдар бойы тәлім-тәрбие алған ұстазын еш ұмытпақ емес. Әр ұстаздың бейнесі жүрек түбінде сақталуы заңдылық деп ойлаймын. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан «ұстаз болу – жүректің батырлығы» деп босқа айтылмаса керек.
Гүлмира Мақанова,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz