2.11.2020, 10:45
Оқылды: 79

Наурызбай Қарағойшин, Жаңақала ауданы әкімі: «Әкім болу – бұл жауапкершілікпен атқаратын лауазымды қызмет»

Биылғы жылы ерлігі ерен, тамыры терең, қойнауынан құт, баурайынан бақ кетпеген, талай тектілердің ізі алған, алты Алашқа аты мәшһүр ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толып отыр. Жақсылар мен жайсаңдардың мекені болған Жаңақала ауданы жыл санап өркендеп-дамып, қанатын кеңге жайып келеді. Бұл – нәтижелі, жүйелі еңбектің жемісі. Жаңақала үшін ертелі-кеш уақытпен санаспай еңбек етіп, ауданның абыройын асырған азаматтар аз емес. Соның бірі һәм бірегейі – Жаңақала ауданы әкімі Наурызбай Қадырбайұлы Қарағойшин. Жақында аудан басшысымен ашық форматта сұқбаттасқан едік. Сәті түскен сұқбатты қалың оқырманның назарына ұсынуды жөн көрдік.
6EDCF67A-F5DB-4121-873C-5FEACDDD82DD

- Құтты мекен, берекелі аймақ, жерұйығы Жаңақала ауданының құрылғанына биыл 90 жыл. Ауданның мерейтойына орай нендей жұмыстар атқарылуда? Алдағы уақытта қандай шаралар өтпекші?

- Тоқсан жылдың ішінде аудан түрлі үрдістерді басынан өткеріп, түрлі жетістіктерге жетті. Қандай қиындық кездессе де іргесі ажырамады, бірлігі ыдырамады. Баба құрығын тастамаған жаңақалалықтар осы жылдар ішінде өңірді қос бірдей асыл тұқымды мал - көшім жылқысы мен еділбай қойының отаны атандырды. Соның нәтижесінде 1945 жылы Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл Туына ие болған. Бабалар ізін салған сара жолмен кейінгі ұрпақ сол мал шаруашылығымен айналысып келеді. Орынбор, Алматы қалаларына М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазбалар бөліміне арнайы адам жіберіп, аудан тарихы жөнінде тың деректер іздестіру жоспарда бар. Сол институттан өңірімізде өмір сүрген шайырлардың еңбектерін жинақтап, оны арнайы шығарсақ деген ойымыз болған. Облыстық жас ақындар айтысы мен облыстық аламан бәйге жоспарлап едік. Өкінішке орай, елімізді жайлаған пандемия барлық шараларды кейінге ысыруға және онлайын форматта өткізуге тура келді. Әртүрлі тақырыптағы Жаңақала туралы челлендж, кітап көрмелері, онлай сұқбат, дебат, спорттық, тағы басқа шаралар оздырылды. Тарихы мол, шежіресі бай Жаңақалада Исатай мен Махамбеттің ізі қалған, халықты күймен сусындатқан, даңқы шыққан дарынды өнерлі адамдар аз болмаған. Атап өтсек, Құрманғазы, Дина, Оқап, Қали, Мәмендерді дүниеге әкелген  киелі мекен. Ауданымыздың 90 жылдығына орай «Тоқсанның төріндегі - Жаңақала» атты кітап шығарғалы отырмыз. Бұл кітапта ауданның тарихы кеңінен қамтылатын болады. Осыдан бұрын шыққан «Жасампаз жылдар жаңғырығы», «Жаралы жылдар жаңғырығы», «Қамыс-Самар ертеңі мен бүгіні» атты үш томдық кітаптардың заңды жалғасы болып табылады. Өткен тарихпен бірге бүгінгі өмір тынысы, қоғамдық формацияның әртүрлі кезеңдегі еңбек тынысы қамтылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алға қойған міндеттерін жүзеге асырудағы атқарылып жатқан істер, ең бастысы халықтың арасындағы бірлігімізді нығайту, елдік мүддемізді жоғары көтеру. Сонымен бірге алуан түрлі ауыл шаруашылығындағы және шағын кәсіпкерлікті дамытуда атқарылып жатқан істеріміз осы жинақта қамтылатын болады.

Ауданымыздың көркем өнерпаздарының 90 жылдыққа арналған сазды сәлемдемесін  онлайн форматта қараша айына жоспарлап отырмыз.

- Қыр астынан қылышын сүйреп қыс келер. Аудан қысқы маусымға дайын ба? Мал азығы жеткілікті ме?

- Алдағы қысқы маусымға аудан бойынша 152 мың тонна мал азығы қажет етіледі. Күні бүгінге 90 пайыздан астам мал азығы дайындалды. Соңғы 3 жыл қатарынан орын алған қуаңшылық, судың тапшылығы мал азығын әзірлеуде үлкен қиыншылықтарын көрсетті. Ауданның шаруа қожалықтары 2 жыл қатарынан облыс аудандарынан, сондай-ақ ауданның құм өңірінен мал азығын дайындап, тасымалдауда. Бұл өз кезегінде мал азығы бағасының өсуіне әкеліп отыр. Күні бүгінге бір рулон шөптің бағасы 5-8 мың теңге аралығында. Аудан бойынша бес округте (Жаңақала, Қырқопа, Пятимар, Бірлік және Қызылоба) мал азығының тапшылығы қатты байқалды. Қазіргі таңда жоғарыда аталған аудандардан шөп әкелінуде.

- Тәуелсіз Қазақстанның тарихында биыл алғаш рет праймериз өтті. Оны өткізуді еліміздегі бас партия «Нұр Отан» партиясы қолға алды. Жалпы, праймериз деген не? Бұл жөнінде не айтасыз? Сайлау әділ өтті ме?

- Праймериз – өзге елдердің тәжірибесінде өзін-өзі дәлелдеген және сынақтан өткен ең тиімді тәсіл.  Праймериздің негізгі мақсаты – партияішілік сайлауда өндіріп іс жасайтын, ел алдына шығар көшбасшыны таңдау. «Нұр Отан» партиясының праймериз өткізудегі мақсаты – партия қатарын адуыны мықты жас мамандарға, ел қалауларымен толықтыру. Сайлауға өз аймағындағы сөзі өтімді, беделге ие азаматтар қатынаса алады. Дауыс беруге ел тұрғындарының барлығы құқылы емес. Сайлауға түскен үміткерлерге тек өз аймақтарының жерлестері дауыс бере алады. Жаңақала ауданы бойынша 1219 партия мүшесі бар, соның 739 онлайын, 480 оффлайн түрінде дауыс берді. 28 үміткер тіркеліп, 3 үміткер өз өтініштері негізінде шығып қалды. Қатынасқан 25 кандидат өз деңгейлерінде тиісті ұпайларын жинады. Ешқандай арыз талап болған жоқ. Іріктеу әділ өтті деп айта аламын.

– Жаңақала төрт түлігі тең өскен өңір. Аудан тұрғындарының негізгі күнкөрісі ауыл шаруашылығына тікелей байланысты. Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдаулар мен субсидиялар жөнінде айтып өтсеңіз.

– Ауданның негізгі экономикалық даму бағыты – мал шаруашылығы болып табылады. Күні бүгінге аудан бойынша 9 ауылдық округте 518 шаруа қожалығы жұмыс жасауда. Жалпы аудан бойынша мал басы тұрақты өсіп келеді. Қазіргі таңда 70919 бас ірі қара (112,8%), 182028 бас қой мен ешкі (100,6%), 27960 бас жылқы (112,9%) және 659 бас түйе (102,1%) малы өсірілуде.

B06C8220-C197-4641-8961-2058A2F28A0D

2020 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 8122,0 млн. теңгені құрап отыр. Мал шаруашылығын дамытудағы алға қойған басты мақсаттардың бірі - мал тұқымын асылдандыру болып табылады. Бұл бағытта аудан бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. 2017 жылы 29 асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруа қожалықтары болса, 2020 жылы 46 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсірумен айналысуда (32 ШҚ – ірі қара малы, 9 ШҚ  - қой малы, 5 ШҚ – жылқы). Аудан тауарөндірушілері малдарын асылдандыру мақсатында соңғы үш жылда отандық және Ресей Федерациясынан асыл тұқымды 3584 бас ірі қара, 426 бас қой, 56 бас жылқы сатып алды. Сонымен қатар 2018-2020 жылдары шаруа қожалықтарына 2,2 млрд.теңге субсидия төленіп, 2,4 млрд.теңге жеңілдетілген несие берілді. Осы мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде ауданның шаруа қожалықтарымен 300-ден астам ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, 200-ден астам панельды күн батареялары, 10 дана электронды бақташылар орнатылды.

- Ауданда мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы айтсаңыз.

- Жалпы, аудан бойынша барлық мемлекеттік бағдарламалар тұрақты орындалып келеді. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 2017-2018 жылдары 7 елдімекенге орталықтандырылған ауыз су құбыры тартылды. Сонымен қатар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2018-2019 жылдары аудан орталығында 1047 учаскеге сыртқы инженерлік инфрақұрылым желілерін (электр – 50 км, су – 77 км, газ – 33 км) тарту жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмысқа бюджеттен 801 млн. теңге қаржы бөлінді. 2019 жылы Жаңақала ауданы орталығында 182,0 млн.теңгеге 3 қабатты 24 пәтерлік жалдамалы тұрғын үй пайдалануға берілді.

Соңғы 3 жылда аудан бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік субьектілерімен түрлі несиелік ұйымдар арқылы 3,3 млрд. теңге несие алынды. «Еңбек» бағдарламасы арқылы, «Бастау-бизнес» бойынша 2018-2020 жылдары 496 адам оқытылып, несиелерін алды.

- Алдағы жылы қандай әлеуметтік нысандар салынбақ?

- Қазіргі таңда аудан бойынша 8 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Соның ішінде, ағымдағы жылы Пятимар және М.Жүнісов орта мектептері «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Алдағы жылдары Бірлік және Көпжасар ауылдарындағы мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталуда. Бұдан бөлек, аудан орталығындағы №3 мектеп ғимаратына 130 орындық кеңейту құрылысы (спорт залымен)  жоспарлануда. Күні бүгінге аталған 360 орындық мектепте 792 оқушы білім алуда.

Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында Жаңақала ауданы орталығында типтік үлгідегі 50 орындық жазғы балалар легерінің құрылысы жоспарлануда. Жалпы құны 150,0 млн.теңге. Балалардың жазғы демалыс лагері осы кезге дейін мектеп жанынан қарастырылып келді. Сондай-ақ Мәстексай ауылдық округіне 150 орындық мәдениет үйі құрылысы жоспарлануда. Аталған ауылда 2000-нан астам тұрғыны болса да, мәдени көпшілік шаралар өткізетін орын жоқтығы тұрғындардың өзекті мәселесіне айналып отыр. Құрылыс жобасы дайын, қаржыландыру мүмкіндіктеріне қарай жүзеге асырылатын болады.

«Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында аудандық туризм орталығы, мәдени-демалыс орталығы ғимараттарын, орталық стадионды күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар.

- «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясындағы жобалар  туралы не айтасыз?

- «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жалпы құны 1892,8 млн.теңге болатын 6 жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде 2 орта мектепті, 1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебін күрделі жөндеу, 1 мәдениет үйінің және 2 орталықтандырылған ауыз су құбырының құрылыстары. Қазіргі таңда 2 нысанның күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған нысандар бойынша құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары жыл аяғына дейін аяқталатын болады. Мердігерлер мен тапсырыс берушілер арасындағы келісім шарттарға сәйкес 400 адам, соның ішінде 226 адам «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы жұмысқа орналастырылды.

- Ауданда ауыз су мәселесі өте өзекті. Су - берекенің бастауы. Су болмаса халықтың жағдайы күрт қиындайды. Аудан аумағындағы өзен-көлдерге су алу мәселесі алдағы уақытта қалай болмақ?  

- Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы ең ірі жобалардың бірі – Жаңақала топтық суқұбырының құрылысы. Жоба құны – 2,5 млрд.теңге.

Бұл жоба 2017-2018 жылдары іске асырылды. Аталған су құбырына ауданымыздың 17 мыңнан астам халқы бар 8 елдімекені қосылды.

Нәтижесінде аудан тұрғындарын орталықтандырылған таза ауыз сумен қамту деңгейі 54 пайыздан 82 пайызға өсті. Ағымдағы жылы Қызылоба және Қырқопа ауылдарына ауыз су құбыры тартылғаннан кейін аудан бойынша ауыз сумен қамтылу  91,5 пайызға жететін болады. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы жылдары да жалғасын табатын болады. Атап айтсам, Кіші айдархан елдімекеніне су құбырын тартуға жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, алдағы жылдары қаржыландыру күтілуде. Сонымен қатар 7 елдімекенді Жаңақала топтық су құбырына қосу мақсатында жобалау-сметалық құжаттама жасақталып жатыр (Қырқопа, Ақбалшық, Бірлік, Пятимар, Айтпай, Қызылоба, Жангелді елді мекендері). Алдағы жылдары перспективалы кіші елдімекендерді кезең-кезеңімен ауыз сумен қамту жұмыстары жоспарланатын болады. Жалпы, қаржыландыру мәселесінің шешілуіне қарай 2023 жылға дейін ауданды ауыз сумен қамту көрсеткіші 95 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Жаңақала ауданының суландыру жүйесінің негізін Көшім, Үлкен және Кіші өзендері құрайды және оларға алынатын су көлемі Ресей Федерациясы аумағында орналасқан су қоймаларындағы су қорына тікелей байланысты. Жаңақала ауданы бойынша «Жайық-Көшім» суару-суландыру жүйесі арқылы келетін судың жалпы қажеттілігі 251,2 млн. текше метрді құрайды.

Соның ішінде, көлтабандарға 101,2 млн.м.куб (21174 га, с.і. Төртқұлақ-Қарасу лимандары – 13874 га, жоғарғы және төменгі Сәңкібай лимандары - 7300), көлдер мен өзендерді суландыруға 150 млн.м. куб су қажет.

«Жайық-Көшім» суару-суландыру жүйесінің 6 ауылдық округ, 18 елдімекен, 296 шаруа қожалықтары және 5 көл (Жалтыр, Еділсор, Қоғалы, Қисыққамыс, Соркөл) орналасқан. Барлық мал саны: ірі қара – 43345 бас, қой мен ешкі – 115530 бас, жылқы – 17185 бас.

Қараөзен суару-суландыру жүйесі бойынша судың жалпы қажеттілігі 46,2 млн.м.куб құрайды. Соның ішінде, көлтабандарға – 26,1 млн.м.куб (7464 га, Айдархан лиманы – 4774 га, Баубек лиманы – 2690 га), көлдер мен өзендерді суландыруға – 20,1 млн.м. куб. Аталған суландыру жүйесі бойында 2 ауылдық округ, 6 елдімекен, 99 шаруа қожалықтары орналасқан.

Барлық мал саны: ірі қара – 11825 бас, қой мен ешкі – 24127 бас, жылқы – 4411 бас.

Кіші өзен суару-суландыру жүйесі бойынша судың жалпы қажеттілігі 30 млн.м.куб құрайды (көлдер мен өзендерді суландыруға). Аталған суландыру жүйесі бойында 1 ауылдық округ, 2 елдімекен, 66 шаруа қожалықтары және 2 көл (Айдын, Сары айдын) орналасқан. Барлық мал саны: ірі қара – 6415 бас, қой мен ешкі – 13431 бас, жылқы – 2643 бас.

Жалпы, аудан бойынша 3 суландыру-суару жүйелері арқылы 327,4 млн.м.куб су қажет етіледі.

2020 жылы аудан бойынша жалпы қажеттіліктің 25-30 пайыз шамасында ғана су алынды (өзендер мен каналдардың арналарына). Аудан бойынша 48 мың га инженерлік көлтабандары (лимандар) бар. Алайда XX ғасырдың 70-80 жылдары салынған суландыру жүйелерінің (каналдар мен су реттегіш қақпаларының) тозуына және әр жылдары су көлемінің жеткіліксіз болуына байланысты шаруа қожалықтары 28 мың га көлтабандарын пайдалануда. Аталған көлтабандарға 2019 жылы 4 мың гектарға су берілсе, 2020 жылы мүлдем су берілмеді.

Бұл ретте аудан бойынша мал қыстағына қажеттілік 152 мың тонна болса, аталған көлтабандардан алынатын мал азығы осы қажеттіліктің  25-30 пайызын құрайтынын атап өту қажет. Сонымен қатар аудан аумағында орналасқан 16 көлдің тек екеуінде ғана су бар, қалған көлдер түгелдей кеуіп қалды. Бұл өз кезегінде ауданның санитарлық-экологиялық ахуалына кері әсерін тигізуде. Соңғы 3 жылда жоғарыда аталған өзендерден келетін су көлемінің өте төмен болуына байланысты ауданда су тапшылығы қатты байқалып отыр.

Қазіргі таңда Дөңгелек су қоймасынан берілетін Көшім өзеніне, Фурман және Қарақұдық магистралды каналдарына, сондай-ақ Үлкен өзен, Кіші өзен және Мұқыр өзендеріне алдағы жылға тұрақты су беру мәселелері облыс әкімдігімен келісе отырып, нақты шаралар белгіленуде.

- Биыл коронавирус індеті тарап, дүйім дүниені дүрліктіргені анық. Асқынған аурудан аудан тұрғындарына да оңай соқпады. Бұл бағытта вирустың алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылды? Қазіргі таңда аудан бойынша санитарлық-эпидемиялық ахуал тұрақты ма?

- Иә, дүйім жұртты дүр сілкіндірген бұл індет бізден де айналып өтпеді. Биылғы жылы еліміздегі жағдайға байланысты наурыз айынан бастап аудан аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында түрлі іс-шаралар жүзеге асып келеді. Аталған іс-шараларға аудандық бюджеттен 14,9 млн.теңге бөлінді (жанар-жағармай материалдары, жеке қорғаныс құралдары, полиграфиялық басылымдар, блокпосттарды ұйымдастыру және тағы басқа). Жаңақала ауданы бойынша бүгінгі күні короновирустық инфекциямен тіркелген науқастардың жалпы саны 140 адамды құрады, оның ішінде аурудың симптомдық түрімен –57, симптомсыз – 83.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осындай қиын кезеңде халықтың қамын ойлағандар қолын қусырып отырмай, аянып қалмады. Аудан кәсіпкерлері мен тұрғындары провизорлық орталықтағы науқастарға 8 млн. теңгенің үстінде көмек көрсетті (дәрі-дәрмектер, оттегі концентраттары, өкпенің тыныс алу құрылғылары, азық-түлік, т.б.)  Көмек көрсеткен жомарт жандарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарықтандырып отырдық.

Батыс Қазақстан облысының бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 4 шілдедегі №22-ПГВр қаулысына сәйкес, аудандық штаб мүшелері кезекшілік кестесі бойынша күн сайын мектеп, балабақша, сауда орындарының санитарлық нормаларға сәйкестігін тексеріп отыр. Қазіргі таңда аудан бойынша санитарлық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Күзгі мезгілде жоспарлы 2090 адамға  екпе жасалды. Бұл екпе «гриппол» вакцинасы тұмауға қарсы және ковидтің алдын алу шаралары.

- Алдағы жоспарларыңызды айтып өтсеңіз?

- Аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Алдағы жылдарда да бірқатар істерді қолға алуды жоспарлап отырмыз. Бірінші кезекте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мәселесі тұр. Күні бүгінге аудан бойынша 434 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Осы мақсатта ағымдағы жылы аудан орталығынан 3 қабатты 21 пәтерлік (227 млн. тг.) және 2 пәтерлік 20 тұрғын үйлердің (536 млн. тг.) құрылыстары басталған болатын. Осы тұрғын үйлердің құрылыстары қосымша қаражат бөлінуіне қарай алдағы жылы аяқталатын болады. Сонымен қатар жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскесін алуға кезекте тұрғандардың сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында аудан орталығына 204 учаскеге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым өткізу жоспарлануда. Қазіргі таңда аудан бойынша 600-ге жуық адам кезекте тұр.

B71B1A6F-41F3-4F80-A8B9-68F06A0FD570

Келесі өзекті мәселе – жолдардың жағдайы. Жаңақала ауданы аумағында 389,1 км автомобиль жолдары орналасқан, соның ішінде облыстық маңызы бар жолдар - 172 км (асфальт жабынды - 81 км, қиыршық тасты және топырақты – 91 км), аудандық маңызы бар жолдар – 217,1 км (асфальт жабынды - 7 км, қиыршық тасты - 46 км, топырақты жолдар – 164,1  км).

Облыстық маңызы бар жолдардың асфальт жабынымен қамтылғаны - 47%. Аудандық маңызы бар жолдардың асфальт жабынымен қамтылғаны -  3,2%.

Аудан орталығында 67 көше бар, қазіргі таңда тек 11 көшесі асфальтталған немесе 16,4%. 2017-2018 жылдары 174 млн.теңгеге 5,7 км жолдар орташа жөндеуден өтті (2017 жылы 3,9 км, 2018 жылы 1,8 км). 2019 жылы республикалық бюджет есебінен Чапаев-Жаңақала-Сайхын облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 113-130 км учаскесінде (17 км) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоба құны 941,8 млн.теңге (облыстық автомобиль жолдары басқармасы).

Биыл жаяу жүргіншілердің, әсіресе балалардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығында жалпы ұзындығы 1,3 км болатын жаяу жүргіншілер жолының құрылысы салынды. Аудан орталығындағы 6,2 км көше жолы (тротуарымен бірге) құрылысын салуға жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім жолданды. Жоба құны 748 млн.теңге. Сонымен қатар 2022-2024 жылдарда Чапаев-Жаңақала-Сайхын облыстық маңызы бар автомобиль жолының 130-191 км (61 км) жол учаскесін қайта жаңғыртуға жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталды (облыстық автомобиль жолдары басқармасы). Жобаның жалпы құны – 15,0 млрд.теңге.

Күні бүгінге аудан бойынша 9 ауылдық округтерге кірме жолдардың барлығы да күрделі немесе орташа жөндеуді қажет етеді. Соның ішінде аудандық маңызы бар жолдарды орташа жөндеуден өткізу бойынша облыстық жоспарда Көпжасар және Пятимар ауылдарының кірме жолдары басымды жол учаскелерінің қатарына жатады. Көктемгі және күзгі мезгілдерде аталған ауылдарға жол қатынасы үлкен қиындықтар туғызып келеді. Бұл жол учаскелерін жөндеу жұмыстары облыстық бюджеттен қаражат мәселесінің шешілуіне қарай жүзеге асатын болады. Қазіргі таңда аудан бойынша 27 елдімекеннің 16-сы табиғи газбен қамтылған. Алдағы жылда 4 елдімекенге (Салтанат, Саралжын, Борық, Плантация) газ құбырын тарту жоспарлануда. Жобалау-сметалық құжаттамасы әзір. Құны – 178,4 млн.теңге. Қазіргі таңда аудан бойынша көгілдір отынмен қамту көрсеткіші  95 пайызды құрап отыр.

- Сіздің ойыңызша әкім болу дегеніміз не? Лауазым ба, билік пе, жоқ әлде жоғары қызмет пе?

- Менің ұстазым, өмірде талапшыл, ары таза халықтың мұң-мұқтажына ортақтаса білген – Төлеген Тастайұлы Мерғалиев. Әкім болу – бұл жауапкершілікпен атқаратын лауазымды қызмет. Осы қызметті атқарып отырғасын ең дұрысы, халықтың көңіл-күй ауанын дұрыс аңғарып, ел-жұрттың мұң-мұқтажын бөлісе біліп, олардың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейін көтеруге септігі тиетін шешімдер қабылдап, нақты істермен шегелей алсақ – мақсатыңның орындалғаны деп білемін.

- Арнайы уақыт бөліп, сұқбат бергеніңіз үшін алғысымды білдіремін!

Сұқбатты жүргізген Алтынбек Ермекқалиев,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале