Бұлдырты ауылындағы еркін күрес үйірмесінде 2-11 сынып аралығындағы 54 бала жаттығады. Жаттықтырушы – Руслан Бекжанов. Үйірме залы интернаттың жертөлесінде орналасқан.
Ғимарат интернаттыкі. Ауылда мектепке дейінгі бала саны көп болғандықтан, ауылға тағы бір балабақша қажет. Сондықтан бұл ғимарат күрделі жөндеуден өткізіп, балабақша қып ашуға жоспарланып отыр. Балалар жаттығатын зал аты да, заты да жертөле болған соң, оның қандай екені түсінікті. Ауасы тар, ылғал. Жаттығып, терлейтін балалардың денсаулығы үшін зиян. Ауданға Бұлдырты ауылына спорт залы қажет екені айтылып, сұраныс берілді. Спорт зал – Бұлдырты үшін қат мәселе боп тұр.
Еркін күрес үйірмесінің жұмыс жасап келетініне 50 жылдың төңірегі. Ашып айтсақ, жаттықтырушылардың өздері үйірмені жүргізіп, құжатсыз ашқанына 50 жыл, ал үйірменің ресми, құжат бойынша ашылғанына 45 жыл екен. Асқар Сәукелин, Ермек Орынбасаров сынды белді де білекті жаттықтырушылар осы жерде еңбектерін сіңірді.
Еркін күрес үйірмесінен түлеген Айгерім Хусайын Орал қаласында спорт мектебінде білім алуда. Нұр-Сұлтан қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы спорт колледжінде білім алып жатқан Қазбек Бақытов, Олжас Қуандықов, республикалық жарыстарда Нұржан Исағалиев – жүлде алып жүрген, жауырыны жерге тимейтін қара нарлар. 8-сынып оқушысы Нұршат Қонысов та – Атырау қаласында өткен республикалық турнирден ІІ орын алды.
– Біздің балалардың еркін күреске деген қызығушылықтары мен ынтасы мықты. Шәкірттерімнің арасында қыздар да бар. Әлем және Азия чемпионатының жүлдегері Нұрлан Бекжанов осы залда жаттықты. Бүгінгі жаттығып жүрген жас палуандардың арасында 13 еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткерлер бар. Еркін күрестен спорт шеберлігін үміткерліктің нормативтерін кішкентай палуандар орындау мүмкін емес екен. Еркін күрес – спорттың олимпиадалық көріністегі түрі болғандықтан, нормативтері қиын болады екен. Оны тек жоғары сыныпқа келгендер ғана орындай алады. Біздің басты мәселеміз – зал. Интернаттың жертөлесін 2003 жылы залға айналдырдық. Оған дейін палуандарымыз әртүрлі жерде жаттықты. Ұзындығы мен ені 16 м*6 м болатын қазіргі залдың ауасы өте тар. Қабырғаның бәрі ылғал. Ылғалдың иісі де залды алып тұр. Осындай жерде балалар сағат жарым уақыт жаттығады. Кәріз жүйесінің сулары жертөледегі залымызға ағып, бәрін бүлдірген жағдай болды. Су алып кетіп, әрең дегенде тазалап, құрғатып алдық. Аудандық балалар мен спорт мектебінің директоры Бауыржан Ихсанов ағаш жақтаулы терезелерді пластик терезеге ауыстырып берді. Залымыз, қыздардың, ұлдардың киім ауыстыратын бөлмесі ғана бар. Залда міндетті түрде кварц болуы керек. Оны да айтып келеміз. Жаттығудың алдында немесе кейін бір сағат кварц қосып алу керек. Биыл мектеп бітіргендеріне 30 жыл болған түлектер 150 мың теңгелік жаттығатын манекен, тренажер құралдарын алып берді. Қазақстан Республикасының еркін күрес федерациясы Нұрлан Бекжанов әлемдік додадан жүлде алғанда сыйға тартқан жап-жаңа кілеміміз, еден жабынымыз бар. Енді керегі – жаңа зал,- дейді он бес жылдам астам уақыт бойы еркін күрестен палуандарды жаттықтырып келетін Руслан Бақытұлы.
Залға кірген адам ішінің қараңғы, күңгірт боп тұрғанын, жарықтың аздығын бірден байқайды. Бізге бірінші сезілгені – ылғалдың иісі және қараңғылығы. Залдың терезелері кішкентай. Жертөле болған соң, терезесі қайдан үлкен болсын? Жарықшамдардың да кейбіреулері істен шыққан екен. Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Ләззат Мұқанованың айтуынша, санитарлық нормаға сай залда жасанды жарық пен табиғи жарық мол болуы тиіс. Микроклимат, ылғалдылық, температура өз шегінде болуы керек. Ұлдар мен қыздардың арнайы киім шешетін бөлмесі бөлек және онда шкаф болуға тиісті.
Қыздардың киім ауыстыратын бөлмесіне кірсең, қоймаға кіргендей боласың. Артық заттардың бәрі осында тоғытылған. Алақандай бөлме – әрі қойма, әрі қыздардың, әрі тренажердің бөлмесінің рөлін атқарып тұр. Ұлдардың киім ауыстыратын бөлмесінде ел ағасы Болат Тасқалиевтің алып берген керме, белтемірлері тұр. Қарап тұрсақ, барлық спорт жабдықтары бар, оларды қоятын орын, бөлме тапшы. Ауылда арнайы спорт зал салынса, ауасы таза, жап-жаңа, заманауи жаттығу залы, ұлдардың, қыздардың киім бөлмесі, тренажер залы, қойма бәрі бөлек болар еді. Жаттығудан терлеп-тепшіген балалар үшін душ та қажет. әр баланың жасына, ойына орай спорт жабдықтары болуы керек.
Мақаланы дайындау барысында Батыс Қазақстан облыстық грек-рим және еркін күрес спорты федерациясының президенті, Бұлдырты ауылының тумасы Бауыржан Бегайдаров ағамызбен де хабарластық. Бұлдыртыға бүйрегі бұрып тұратын азамат «Ауылға спорт залды өзіміз салсақ» деп үндеу тастаған болатын.
– Осыдан бірер жыл бұрын Бұлдырты ауылына спорт зал салуға жоба басталды деп қуанған едік. Алайда ауылда әлі бой көтерген спорт нысаны көрінбейді. Нұрлан Бекжанов – Бұлдыртыдан қанат қаққан тұңғыш Азия, Әлем чемпионы. Одан кейін Нұржан Исағалиев, Қазбек Бақытов сынды республика деңгейінде көзге түсіп жүрген жастар ізін басып келеді. Нұрлан биыл елге келгенде, дидарласқан болатынмын. Келесі жылы Токиода өтетін олимпиадаға дайындалып жатыр. Кіндік қаны тамған жерінде, спорттағы сара жолы бастау алған ауылдан зал ашылса, Нұрланға олимпиада алдында үлкен жігер берер еді. Сол ауылдың еркін күрес үйірмесінен менің де спорттағы алғашқы баспалдағым басталған. Ермек Орынбасаровтың алдын көрген шәкіртімін. Кейін еркін күрес, грек-рим, самбо, дзюдо күрестерінен спорт шеберлігіне үміткер болдым. Ауылыма жаным ашығандықтан, ел ағаларына, атымтай жомарт азаматтарға ауылдан спорт зал салайық деп үндеу тастаған едім. Туған жерден зал, мешіт салу арманым,- дейді Бауыржан аға.
Бауыржан атаулының бәрі еркін күрес мектебіне зал қажеттігін айтып жанашырлық танытуда. «Орал өңірі» газетінің редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин де осы мәселені қозғап қалам тербесе, «Сырым елі» газетінің редакторы, айтыскер ақын Бауыржан Ширмединұлы ауылдың жанайқайын айтыс сахнасында жайып салды.
Чемпиондары бар, спорт залы жоқ ауылда былтыр зал салынады деп төбелері көкке жеткен еді. Алайда жақсы хабар аяқсыз қалды. Әне-міне дегенше, 2020 жыл да бітеді. Биыл залдың салынбайтыны анық. Тым болмаса, 2021 жылы жертөледе жаттығатын жауырыны қақпақтай жасөспірімдердің қуанар күні бола ма екен? Бұл сауалмен біз Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен байланысқа шықтық. Басқарма басшысы Қаймен Есендияров бас маманы Әскербек Нұрмұхановқа хабарласуымызды сұрады. Әскербек Нұрмұханов мән-жайдың анық-қанығын облыстық құрылыс басқармасы немесе аудандық құрылыс бөлімі білетінін айтты. Сырым аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Артур Искаковқа хабарласқанымызда, 2021 жылы Бұлдырты ауылынан спорт зал салу жоспарланып, жаңа жоба жасалып жатқанын айтты. Бұйыртса, бұлдыртылықтар бөркін аспанға ата қуанады.
Еркін күрес үйірмесі Қособа ауылында да ашылғанына көп бола қойған жоқ. Оған дейін Бұлдыртыдағы үйірме аудандағы жалғыз ғана еркін күрестің мектебі болып келді. Бұл мектеп Әлем, Азия чемпионаттарының жүлдегері, еліміздің мақтанышы Нұрлан Бекжановты дайындап шығарды. Спорт сарайы жоқ ауылдан чемпион шықты. Ал спорт зал бой көтеріп, жағдай жасалса, бұл залдан әлі талай Нұрландар шығатынына сөз жоқ.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz