Ауыл туралы сөз қозғалғанда кімнің өн бойын қуаныш сезімі тербемейді дейсіз. Себебі ауылдың адам өмірінде алатын орыны ерекше. Ауылдың адамдары, тұмса табиғаты, бәрі өзіне ерекше тартып тұратынын ешкім жоққа шығара қоймас. Сондай ерекше ауылдардың бірі – Мәстексай десек, шындықтың ауылынан алыс кетпейміз. Тірлігі өрге басып, түтіні түзу үшқан ауылдарымыздың бірі Мәстексайға іссапармен барып, жақсы әсермен оралдық. Көргенімізді көкейге түйіп, ақ парақ бетіне түсіріп, қалың оқырманды қуанту үшін жазу үстеліне кері жайғастық. Ендеше, мақаланы бір деммен оқып шығыңыз қадірлі оқырман.

Ауыл тарихы
1870 жылы Сарыөзен жағасынан 3 шақырым жердегі Жаңақала, Факей, Бродин деген ауылдарға Сарыөзеннің сол жақ жағасында тұрған орыс-қазақ әскери басқару обьектісі болған «Ескі қала /Глинск/ тұрғындары қоныс аудара бастайды. Мәстексайға қазақ, орыс, татар, казак ұлтының өкілдері қоныс аударады. Қара өзеннің сол жақ бетіне қазақ байлары қоныстанады. 1880 жылдары өзеннің сол жақ бетіндегі осы ауылда сол байлардың малын баққан адамдар тұрған алты-жеті үй болған. Жаңадан қоныс аударғандармен толысып, бұл жер үлкен қыстаққа айналған. Жергілікті қазақтар жаңадан пайда болған қыстақты бергі жағынан «Мәстексай» деп атаған. Патша үкіметінің әкімшілігі орналасқан ескі қала Глинскінің аты селоға беріліп, «Глинск» селосы деп аталды.

1950 жылы шаруашылықтар «Ленинск» колхозы болып біріктірілді. 1961 жылы колхоздар тарап совхоз болып советтік құрылымға айналады. Қазақ ССР-ы Ауылшаруашылық өнімдерін өндіру және дайындау Министрлігінің 1962 жылғы 10 қыркүйектегі №391–К бұйрығымен «Мәстексай» қой кеңшары болып құрылады. 1963 жылдан 1972 жылға дейін Жаңақала ауданының таралуына байланысты Фурманов ауданының қарамағында болды. 1972 жылы Жаңақала ауданы қайта құрылған кезде «Мәстексай» асыл тұқымды қой совхозы болып ірілендірілді. 1990 жылдары «Мәстексай» асылтұқымды қой совхозы, «Мәстексай» ауылдық кеңесі болып өзгертілді. 1994 жылы «Мәстексай» ауылдық округі болып кері құрылды.
Сандар «сөйлесін»
Жерінің көлемі – 249794 гектар. Ауылдық округте 1 елдімекен, 41 қыстақ бар. Жалпы тұрғындарының саны - 1870. Округ бойынша 427 аула бар. Мәстексай ауылындағы инфрақұрылым С.Меңдешев атындағы жалпы орта білім беретін орта мектеп, «Алтын – сақа» мектепке дейінгі мекемесі, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі, «Казпошта» бөлімшесі, жарық жүйесі, мал дәрігерлік пункт, талшықты оптикалық интернет жүйесі, «Билайн», «Актив» ұялы телефон жүйесі, 2 кітапхана жүйелі түрде қызмет істейді. Ауылдық округ бойынша 26 кәсіпкер тіркелген. 9 азық-түлік дүкені, 2 тойхана нысаны, 1 дәріхана жұмыс жасап тұр.

Ауылдық округ бойынша 2020 жылғы шілде айындағы есепке сәйкес шаруа қожалықтары мен тұрғындардың жеке иеліктеріндегі малды қоса есептегенде 8565 бас ірі қара (108,7%), 23323 бас қой мен ешкі (102,4%), 3293 бас жылқы (119,2%), 211 бас түйе (104,5%), құс 231 (129,1%) бас құсты құрады. Бұл 2019 жылғы мал басымен салыстырғанда МІҚ 689 басқа, ҰМҚ 545 басқа, жылқы 529 басқа, түйе 9 басқа, құс 52 басқа артқан.
Ауылдық округ бойынша 2020 жылы қаңтар-тамыз айларында күн панельдерін 11 шаруа қожалық сатып алып, 21 275 200 теңге субсидия төленіп, инвестициялық субсидия 26 994 000теңгені құрады.
«Ауылымызда жанашыр жандар баршылық»
- Биылғы елімізді келіп тұралатқан індет кезінде көзіміздің жеткені, біздің қазіргі жастарымыздың ауыл халқын қолдауы мен көмегінен тәрбиеміздің берік екенін аңғаруға болады. Өйткені көмекке зәру отбасыларға азық-түліктен көмектесулері жүректі елжіретті. Әрбір жас жүрек өзінің туған туған жерін, ауылын танып өсуі қажет. Сонда ғана жас ұрпақ бойында патриоттық сезім ұялап, келешегіміз кемелдене түспек. Бұндай қайырлы істі қолға алған жастарымыздың істері, өздерінен кейінгі жастарға да, көпке де үлгі екені баршамызға аян. Сондай істердің кейбіріне тоқталып кеткім келіп отыр. «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясы аясында Орал қаласының тұрғыны, ауылдасымыз, жеке кәсіпкер Райса Бақтыгереева 40 отбасыға азық-түлік үйлестірді. Қайырымдылық пен жанашырлықтың үлгісі бола білген азаматымыз кәсіпкер, шаруа қожалық басшысы Талғат Сейілханұлы көмекке мұқтаж 26 отбасыға мүйізді ірі қарасын сойып, етін таратты. Өзі түлеп шыққан ауылына қандай да бір көмек қолымды созсам деген ниетпен 1969 жылы дүниеге келген жырақтағы және ауылымыздың азаматтары бірігіп, 7 отбасыға азық-түліктен көмектесті. «Атамекен» шаруа қожалығының басшысы Кенжебек Өтешқалиұлы мүйізді ірі қарасын сойып, 21 отбасыға таратып, мәрттігін танытты. Қасиетті рамазан айында ауылымыздың 1984 жылғы туған барша азаматтары бірігіп, құрдастары, көпбалалы Асхат Ажимгереевтің отбасын 12 бас ешкімен қамтыды. Бұндай игі істерді толассыз жалғастыра беруге болады. Әттең, газет беті көтермейді ғой. Аттары аталмай қалған ауылдастарымыз ренжімес деп ойлаймын. Бәріне дән ризамыз. Ауыл халқының бірлігі бекем, ауызбіршілігі жақсы. Бақ қонып, кие дарыған ауылымыздың жетер жетістігі әлі алда деп, нық сеніммен айта аламын, - дейді ауылдық округ әкімі Ержан Тілепбергенов.
Сөз соңы: қазақтың Қадыры, алаштың алыбы – Қадыр Мырза Әлі атақты жазушы Бердібек Соқпақбаев туралы «Бердібектің кітабын оқығанда соңғы беттерін қимай жабасың» деген екен. Біз де Мәстексай ауылынан қайтқымыз келмей, ораларда ішімізде қимастық сезім болды. Қаймағы бұзылмаған бұл ауылдың әлі де шығар шыңы, алар асуы мол деген ойдамыз...
Жанайдар Болатбекұлы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz