9.12.2020, 15:35
Оқылды: 24

Өрлік. Ерлік. Береке

Сайқындық Сүйіншев отбасы ырыс қонып, бақ тұрақтаған берекелі отбасы, қос келінді бір шаңырақтың астында ұйыстырып отырған  тату жанұя деп «Шуақты шаңырақ» бетіне, бір үйдегі қос қаһарман деп жастарға патриоттық сезімді насихаттар «Айбын» бетіне де арқау етуімізге әбден болады. Расымен де,  Сүйіншевтер отбасында қос қаһарман бар. Отағасы Асылбек ағамыз  Ауған соғысын көзімен көрген  жауынгер-интернационалист. Ал, Шолпан апамыз Тәуелсіздігіміздің бастауы болған желтоқсан оқиғасының қатысушысы. Қос қаһарманды бүгінгі сұхбатқа келістіру оңайға түспеді. Екеуі де бірауыздан «біз ерлік жасағанымыз жоқ. Ұят болады. Біз тек сол бір кездің куәгерлеріміз ғана» десті.

 отб1

«Фильмдерде соғыс ақиқатының жартысы көрсетіледі»

 Иә, Асылбек аға мақтануға жоқ адам. Ауған туралы әңгімені қозғағанда «Мен онда жалғыз емес едім. Менімен бірге ауданымыздан 12 адам аттандық», «Соғыстың аты соғыс қой... онда бәрі де болады» деп келте қайырды. Дегенмен сәлден соң: «Соғыс өз таңбасын қалдырады ғой. Әрине, жас едік. Міндетіміз берген бұйрықты орындауы еді. Ол кезде тұрғылықты халықты қорғау, бейбітшілікті орнату жасағы едік. Оны орындау оңай болмады. Таулы мекенде таза судан тарыққаннан асқан азап жоқ», - деп жауынгерлік жолын емес, тірлігін әңгімеледі. Біз де қабыршақтанған жараны тырнамауға бекіндік. Сөйтсек, ағамызды әскерге алғанда аса мұқият тексерістен өткізген екен. Жиырма жігіттің он екісі алынған. Үш ай карантинде болып кейін бөлгенде жас сарбаздар дұшмандармен соғысуға бара жатқанын да білмеген. Ол жақта жауынгер ағамыз қандай қиындықтармен кездескені туралы айтпады.

Алайда, «Ауған соғысы туралы түсірілген көркем фильмдерде сол елде болған оқиғалар негізге алынғанмен шындықтың тек жартысын ғана көрсетеді» деген сөзіне-ақ көп нәрсені ұғуға болады. «Басыңыздан талай нәрсе өтті. Қиындықтарды қалай жеңдіңіз?» деген сауалымызға сөзге сараң, іске мығым ағамыз «Басыңа түссе, бәріне көнесің, бәрін де жеңесің...»,- деді. Аяқталмай қалған ойдың артында «болмаса сонымен бірге өмір сүруге үйренесің» деген сөз жатқандай.  Шынымен бұл күні болмашыға бола өмірмен қош айтысуға асығатын, ертеңінен үміт үзген адамдарға осындай азаматтардың өмірін өнеге етуге әбден болады. Бәлкім сонда олардың өмірлік құндықтары өзгерер.

Асылбек ағаның сөзге сараңдығын берген сертіне деген адалдығы деп те түсінген жөн. Өйткені уақытында, нақтырақ айтқанда азаматтық борышын өтеп, елге қайтар шағында Ауған соғысына қатысушылар бес жыл бойы бұл қырғын туралы ешқандай ақпаратты тістен шығармауға серт берген. Ол әскери құпия еді. Ауған тауларын қорғаған кезде үй ішіне жазған хаттарында олардың аман-түгендігін сұрағаны болмаса, өзінің кіммен жолдас болғанын, қай жерде борышын атқарып жүргенін айтпаған. Бүгінде Асылбек ағада әскердегі бірде-бір суреті де жоқ. Ол оны өмір жолында жоғалтқан емес, ол суреттерді Ауған шекарасынан өткізбей алып қалған. Ол кезде цензура деген қатал болған. Жауынгерлер хаттары сараланып, оқылып отырған. Егер қандайма бір ақпарат хатта көрсетілсе, ол хат адресатқа мүлдем жетпейтін.  Айталық, осы жағдай 1986 жылы Алматы қаласында да орын алған. Кейін белгілі болғандай, көтеріліс туралы жазылған студент хаттары тиісті мекенжайға жетпеген. Солақай саясаттың ұзын құрығынан қорыққан Шолпан апа өзінің басынан кешкендерін өмірлік серігіне біразға дейін ашылып айтпаған. Айтқан кезде Асылбек аға да Шолпан апаның әкесі сияқты жұбайына алаңдаумен болған.

«Әр ұлттың өз көсемі болсын!»

 Ал Шолпан апамыз сол заманның көсемі Владимир Лениннің транспоранттарда жазылған осы бір сөздерді айқайлап, қандастарымен бірге үкіметтен әділдікті талап еткен. Шолпан Хайрушева: «Мен өзімді желтоқсаншы деп айтуға ұяламын. Жай ғана қатысушымын. Сол күні, сол сағатта көппен бірге алаңнан табылдым. Желтоқсанға қатыстым деп кеуде соқсам, сол желтоқсандағы шеруге қатысқаны үшін қыршынан қиылған, тағдырлары талқан болған замандастарымның алдында артықтау болар» дегенді қайталаумен болды.

1986 жылы Шолпан апа да Брежнев алаңындағы жиылған топқа қосылып, Колбиннің билік басына отыруына қарсылық танытқан. Шолпан қыз да көппен «Менің Қазақстаным» әнін шырқап, Дінмұхаммед Қонаевтың жауабын күткен.

- Шерудің алдыңғы қатарында қаракөз қыздарымыз тұрды. Бейбіт басталған шеру милициямен текетіресте де қыздар орындарынан тапжылмады. Қайта алға тап беріп, әділдікті сұрады. Жігіттер болса арулардың артында тұрды. Шамасы заң қызметкерлері қыздарға еш зиян келтірмейді деп топшыласа керек. Алайда, шенділерді бұл жайт тоқтатпады. Жиылған топ тарату үшін өртсөндірушілер су да шашты, күш қолдана бастады, - деп еске алады Шолпан апа.

Жастарды алаңдағы ғана емес, одан кейінгі жағдай қиынға түсті. Сабаққа бармай, көтерілістен табылғандарды суретке түсірілген екен. Сондай бұлтартпас айғақпен «қаруланған» құқықтық орган қызметкерлері жатақханаларды аралап, коммендант, оқу орындағы ұстаздардан сұрастыра бастады. Тапқандарынан жауап алып жатты. Алаңда ұсталғандарға істелген қиянаттар туралы алыпқашпа әңгімелер сыбырлап айтыла бастады. Хабарландыру тақтасында күн сайын жаңаланып тұратын оқудан қуылғандардың тізімі – бәрі-бәрі  жас қызды қажытып жіберсе керек. Шолпан апа көтеріліске қатысқаны үшін саяси қуғынға ілікпеген. Алайда, жан-жақтан көрсетілген моральдық қысым оны туған ауылға оралуға итермелейді.

«Өршіл рухтан өлмес батыр туады»

 Қос батырдың тәрбиесін көріп өскен ұрпағы да осал болмауы шарт. Әрине, олар көтеріліске қатысып, соғыс сарбазы болмады. Десе де соған пара-пар  іс атқарды. Сүйінішевтердің кіші ұлы Абзал мектепті бітірісімен әскер қатарына қосылуға ниет білдірді. Азаматтық борышын өтеуге асыққаны сонша тіпті мектепті бітіру кешіне де қатыспады. Оған әке ерлігі, ана өрлігі әсеретсе керек. Әйтеуір, Абзалды бүгінде берілген таңдауды алға тартып, әскерден қашқақтаған жігіттеріміз үлгі дер ем. Осы бір сәтте Абзалдың шешіміне әкесі рұқсатын бірден берсе, ананың жұмсақ жүрегі қанжылады, ұлынан әскерге барудыкейінге қалдыруды өтінді. Алайда, айтқанын қайтпаған Абзал борышын өтеп, күні кешеге дейін мемлекеттік шекараның шебінде тұрып, елімізді қорғады.

Ерліктің еленуі

 Бірнеше жылға желтоқсан оқиғасы жабулы күйінде сақталды. Көтеріліс ақиқаты аса құпия құжаттары қатарына жатқызылды. Егемендік алғаннан кейін де біразға дейін желтоқсаншылар ерлігі бағаланбады. Тек 1999 жылы сол кезде аудан әкімшілігінің жас маманы болған Ержан Айтқалиев аудан әкімі Өтеміс Мырзағалиевке желтоқсаншы ретінде қабылдауына шақырды. «Сізді осы көтеріліске қатысушы ретінде шақырамыз» деп хабарлағанда «Неге?» деп абыржыған екен кейіпкеріміз. Кейін жастардың өршілдігі еленді, еліміздің еңсесі қағаз жүзінде емес, іс жүзінде көтеріліп келеді деп көңілі бірленген. Алайда, Шолпан апаға ауданымыздағы алғашқы қабылдауға бару бұйырмады. Ертең болатын салтанатқа әзірленіп жатқанда ауылдан туған інісі дүниеден озды деген суыт хабар жеткен.

Келісті шаңырақ келбеті

«Екі келінді қалайша бір шаңырақта ұстайсың!» деп таңданыстарын танытып жатады кей замандастары кейіпкерімізге. Сонда Шолпан апаның айтары дайын екен: «Сыйластық бар жерде бәрі қалыпты болады». «Келіндерімді қызымдай көремін» деп мақтанып қояды өзі.«Орынгүлім табалдырықты бірінші боп атағанымен жас қой. Әлі еркелеп жатады. «Мама-ау» деп созылып сөйлегенінің өзі жүрегіңді жылытады. Нұргүлім де сабырлы, инабатты. Бүгінде үй тірлігін екеуі бірігіп атқарады. Ал атасы екеумізге немерем Адияны бағу  бір қуаныш», - дейді отанасы Сүйінішевтер тынысымен таныстырып. «Келіндерімнің екеуі де қызметте. Жұмыстарынан қалдырып жатқан жоқпыз. Бұрынғыдай отынмен кіріп, күлмен шығатын заман емес. Үй тірлігіне де үлгеріп жатыр», - деп те қосып қояды келіндерімен мақтанып.

Бір жылда қос ұлын үйлендірген жас ене келіндеріне  «...берекенің кілті сендердің қолыңда. Екеуің бір болсаңдар, ағайындардың арасына ешқандай сызат түспейді» деп айтудан еш жалықпайды.

Бұл күні Асылбек ағаның шаңырағында үш бірдей шағын мемлекет келісті тірлік кешуде. Ағамыздың қарашаңырағы қос қабатты зәулім сарай емес. Небары қоспәтерлі үйдің бір жағын ғана алып отыр. Дегенмен, көңілдің  кеңдігімен зәулім сарайдан еш кем емесі хақ. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдың  өзінде жан дегендегі жалғыз ұлдың өзі үйленген соң, үйден кететіні таңсық болмай қалғаны рас. Осындайда Сүйінішевтердің береке-бірлік салтанат құрған әулеті көпке үлгі болса, игі дейміз.

Раушан Жанатқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале