15.12.2020, 15:14
Оқылды: 62

Тәуелсіздік – тәңір сыйы

Бәйтерек ауданы орталығында «Тәңір сыйы – Тәуелсіздік» атты қастерлі мерекеміз Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған аудан әкімі Марат Тоқжанов, бөлімдер мен мекеме басшылары, аудан азаматтары және жастар қатысты.

C9B07E99-AAD7-47A6-98F6-D8328C085A55

- Ата-бабамыздың азаттық жолында төккен тері, атамекенін ақырғы демі таусылғанша қорғап, бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған ерен ерлігі, осынау тар жол, тайғақ кешу кезінде ғұмырын бәйгеге тіккен ұлтжанды азаматтардың батыл қадамдары бүгінгі Тәуелсіз еліміздің жарқын істерімен жалғасын табуда.

Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бүгінде аудан ауылдары көгілдір отынмен және сумен қамтамасыз етілді. Биылдың өзінде 80 шақырымнан астам жол салынды. Осының барлығы тәуелсіздіктің арқасында келді.

Сіздерді Ұлттық қасиетіміз бен құндылықтарымызды ұлықтап, намысымызды оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде жариялаған Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын,- деді өз сөзінде аудан әкімі М.Тоқжанов.

8853F199-27AB-4677-8511-8BCBD115CF1B

Кейін Марат Лұқпанұлы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 3 желтоқсандағы №13778 жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медаліне лайықты деп танылған «Пермский» ЖШС-нің директоры Александр Недопекинді марапаттады.

Шара барысында Бәйтерек аудандық №2 ауруханасының директоры Ғабитжан Ислямов, «Шың» музыкалық-драма театрының жетекшісі Әліби Жанәбілов, үлгілі «Нұр-Ай» би ансамблінің жетекшісі Гүлмира Алқанова, Бәйтерек аудандық ауруханасының рентгенологі Азамат Ізбасов, аудандық полиция бөлімінің учаскелік полицейі Нүргүл Бисалива және тағы бір учаскелік полиция қызметкері Севда Мұхамбетжанова облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы Есқалиевтің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған салтанатты жиында Сергей Юрченко, Ольга Осипова, Генадий Андрющенко сияқты көп жылдар аудан дамуына үлес қосқан азаматтарға «Еңбек ардагері» төсбелгісі табысталды.

-Қырық жылдан астам уақыт ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келемін. Тәуелсіздігіміздің қалай келгенін көзбен көрдім. Сонау тоқсаныншы жылдары кәсіпке бет бұрып, елдің дамуына өз үлесімді қостым. Бүгінде аудан шетінде орналасқан шалғай ауылдық округінде еңбек етіп жатырмыз. Ауылымызға барар жол жөнделіп жатыр. Елдің жағдайы реттелді. Қазақстан Республикасының азаматы болғанымды мақтан тұтамын. Аз болса да еңбегімнің бағаланғаны ерекше қуаныш сыйлайды,-деді жиында сөз алған «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Александр Недопекин.

Бұған қоса жиында аудан дамуына сүбелі үлес қосып жүрген түрлі сала мамандары аудан әкімінің алғысхатымен марапатталды.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале