Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжановтың есептік кездесуі биыл Янайкин ауылдық округінен басталды.
Кездесуде есеп берген Янайкин ауылдық округі әкімі А.Алмурзин жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ауыл шаруашылығы жақсы дамыған округтің 2020 жылы өзге салаларда да табысы артқан. Мал басында өсім бар. Мемлекеттік бағдарламалар да өз ретімен іске асуда. Кәсіпкерлікке ниеттенген тұрғындар жеңіл несие алып, өз істерін ашуға да төселген. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Еріктілер жылында ауыл жастарының бастамасымен құрылған «Мейірім» волонтерлар тобы біраз іс атқарған. Ауыл еріктілері жергілікті кәсіпкерлермен бірігіп, ауқымды қайырымдылық шаралардың жүзеге асуына ықпал еткен.
-Ауыл еріктілері қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, мұқтаж отбасыларға азық-түлік алуға көмектесті. Маскалар тігіп, тегін таратты. Түрлі мерекелер волонтерларсыз өтпеді. Әсіресе төтенше жағдай кезі мен күшейтілген карантин режимінде ауыл еріктілерінің атқарған жұмысы ұшан-теңіз екені көрінді,- деді округ әкімі өз баяндамасында.
Сонымен қатар өткен жылы азаматтарының бас ауыртар мәселесі болған ауыл мектебі күрделі жөнделіп, ауыл балалары жаңа заман талаптарына толықтай сай келетін мектепте оқуға мүмкіндік алғаны да янайкиндік ағайынды қуантады. Бүгінде мектеп жанынан қос қабатты қосымша ғимарат нысанының құрылысы басталған. Алдағы уақытта мектеп кеңейіп, бұрынғы балабақша ғимараты босайды. Ол орынды ауыл басшылығы бүлдіршіндерге бермек ниетті екен.
Аудан шетіндегі шағын ғана Янайкин тұрғындарын мектептен кейін ауыз су мәселесі, атап айтқанда, орталықтандырылған таза судың жоқтығы толғандыратын еді. Биыл ол түйінді шешу жолы табылды. Өйткені ауылға ауыз су құбырын тартуға қаражат бөлінген.
Бір сөзбен айтар болсақ, Янайкинде оң өзгерістер көп.
Ауыл әкімінен соң аудан басшысы Марат Лұқпанұлы сөз алып, ауданды дамыту бойынша қойылған мақсаттарды еңсеруге бағытталған жұмыстардың жайын баяндады. Сондай-ақ 2021 жылдың міндеттері жайында да сөз қозғаған әкім ауданның даму жоспарына енген көрсеткіштерге жетуде барлық мүмкіндіктер бар екенін айтты. Бұл өз кезегінде халықты жаңа жұмыс орындарымен қамтуға мүмкіндік береді.
-Янайкин ауылындағы оң өзгерістер шынымен де көңіл қуантады. Ауылы үшін қолынан келгенін аямайтын, жоқтан бар жасай білетін округ әкімі Ауған Ғарифоллаұлының ел басқарудағы еңбегіне жоғары баға беремін,- деді М.Тоқжанов.
Қос әкім өз баяндамаларын аяқтаған соң тұрғындар өз сұрақтарын қойды. Негізінен янайкиндіктер мектепті спорттық құралдармен жабдықтау, балабақшада орынның аздығы сияқты мәселелерді көтерді.
-Оқушылар арасында спортты дамыту мәселесі осы кезге дейін бірнеше мәрте көтерілді. Биылдан бастап бұл мәселе біртіндеп шешілетін болады. Ал балабақшадағы орын аздығына келер болсақ, биыл қыркүйек айына дейін мектеп жанынан салынып жатқан қосымша ғимарат құрылысы аяқталады. Ол мектеп ішін кеңітіп, балабақшадағы орын санын арттыруға септігін тигізеді. Сондықтан ауыл тұрғындарын мазалаған мәселе шешімін тапты деуге толық негіз бар,- деді М.Тоқжанов.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz