1.02.2021, 16:58
Оқылды: 67

Той сарайлары той тойлайтын емес, ой ойлайтын орындарға айналуда

Дамыған, экономикасы мықты деген мемлекеттердің өзін дірілдеткен коронавирус пандемиясы әлі етек-жеңін жияр  емес. Ақ Жайық өңірінде індетке байланысты жағдай тұрақсыз. Әлі қызыл аймақта тұрмыз. Биылғы жыл басынан бері өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері «жаман» аурудың таралуына қарсы әрекет ету жөніндегі екі қаулы қабылдады. Карантиндік шектеулерге орай кейбір шағын кәсіпкерлік субъектілері табыссыз қалды. Әсіресе, мейрамханалардың, дәмханалардың, тойханалардың жұмыстары тұралады. Алайда кейбір кәсіпкерлер қазіргі экономикалық дағдарыс жағдайынан шығудың тиімді жолдарын қарастырып, кәсіптік бағыттарын өзгертуге ден қоюда.

Той сарайы-учебный центр (27)

Өткен аптада облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында нақ осы мәселе көтеріліп, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына мейрамхана, дәмхана иелеріне мемлекет тарапынан қандай көмек ұйымдастырылатынын айтып, түсіндіру тапсырылды. Сондай-ақ мұндай кәсіп иелеріне басқа бизнес түріне көшу, өндіріс орындарын ашу, олардың ғимараттарын жалға алу, мемлекеттік тапсырыс беру мәселесі талқыланды.

Облыстық кәсіпкерлік және индустралдық-инновациялық даму басқармасының мамандары қазіргі пандемия жағдайында жұмысы тоқтап қалған кәсіпорындар мен мейрамхана, дәмханалардың иелерімен кездесіп, түсінік-кеңес беру бағытында жұмыстанып отыр. Шағын кәсіпкерліктің бос ғимараттарын басқа бизнес бағытқа ауыстыру немесе жалдау арқылы спортзал, мектептен тыс үйірмелер ашу бағытында зерттеу жұмыстары жүргізілді. Аталмыш басқарма  басшысы Бақдәулет Ибраимов жыл санап аумағы ұлғайып келе жатқан Орал қаласының жаңа шағынаудандарында тұрғындарға қажетті әлеуметтік нысандар тізбесі жасақталғанын айтады.

Айлуна2-магазин (2)

Мысалға, шаһардың «Ескі әуежай», «Жұлдыз», «Зашаған» кенті аумағынан шығармашылық және мәдениет үйіне, «Зашаған» кентінен спорттық нысан (аумағы 250 шаршы метрден басталады), «Тең қоғам» әлеуметті қолдау орталығына аумағы 250-ден 350 шаршы метрге дейін, «Белсенді ұзақ өмір» әлеуметтік жобасына аумағы 350 шаршы метрден 450 шаршы метрге дейін бос тұрған ғимараттар қажет. Бүгінде облыс әкімдігі осындай ғимараттардың шаршы метрін орташа есеппен алғанда 2000-нан 2500 теңгеге дейін жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігін қарастыруға дайын.

Тойхана дүкенге айналды

Қазіргі жағдайда мейрамхана, тойхана нысандарының иелеріне басқа кәсіппен айналысу бағыттары ұсынылған. Соның ішінде жұмыс істемей тұрған кәсіпкерлік ғимараттарын аумағы 3х4 метрлік сауықтыру және 4х2 метрлік балалар бассейндеріне, азық-түлік сақтайтын тоңазытқышы бар қоймаларға айналдыру ұсынылуда. Сонымен қатар Опенспейс, офис-кеңселерге, оқу орталықтарына, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс орталықтарына жалға беріп, жабдықтауға болады.

Бүгінде Орал қаласындағы тойханалардың 10%-ы басқа бағытқа бетін бұрды. Мейрамхана ғимараттары басқа кәсіп нысандарына айналдырылды немесе жалға берілді. Мысалға, «Ақ босаға» мейрамханасы электр тауарлары, «Ай-луна 2» мейрамханасы киім  дүкендері, «Той сарайы» тойханасы қосымша білім беру орталығы, «Астана» мейрамханасы азық-түлік супермаркеті болды.

Той сарайы-учебный центр (16)

– «Ақ босаға» тойханасы 11 ай жұмыс істемеді. Халыққа қызмет көрсетпеген соң табыссыз қалдық. Қызмет көрсетушілердің тең жартысын жұмыстан амалсыз босатуға тура келді. «Үмітсіз шайтан» дейтін қазақпыз ғой, алдағы күнге үмітпен қарадық. Қиын болса да, бас аспаз және қалған 50 пайыз қызметкердің 11 ай бойы жалақысын тұрақты төлеп отырдым. Өйткені сапалы қызмет көрсететін мамандарды табу оңай емес. Мейрамханада еңбек ететін төрт аспаз, екі ыдыс жуушы, екі администратор, еден жуушылар, барлығы он шақты адам жұмыссыз қалды. Оларға қолдан келген көмегімізді көрсеттік. Қазіргі уақытта тойхананы жауып, өзге кәсіпкерге жалға бердім. Енді тойхана электр техникалық дүкен болып ашылды.

Үй тұрмысына қажетті  заттарды осы жерден таба аласыз. 15 шақты адам еңбек етуде.  Екінші деңгейдегі банктен алған несиемнің төлемін уақтылы төлеп отырмын. Қалай болғанда да елге келген ауыртпалықты ел-жұртпен бірге көреміз, – деді кәсіпкер Адият Сыдықов.

Той сарайы-учебный центр (11)

БҚО кәсіпкерлік палатасы өңірдегі кәсіпкерлік бағыттарын ауыстырып немесе өзгертуге шешім қабылдаған бизнес нысандарына талдау жасауда. Мысалға, Бәйтерек ауданында кезінде 250-300 адамға қызмет көрсеткен тойхана да табыссыз қалды. Тойхана иесі Әсел Ижанова қиыншылықтарға қарамастан, той тойлайтын орынды сауда орнына айналдырды. Тойхана ашу кезінде мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдікпен несие алған кәсіпкер супермаркет жұмысын жолға қойып, табыс табуға ұмтылуда. Карантиндік шараларға мойымай, кәсіпкерлігін жаңа қырынан дамытуға ұмтылғандар қатары әлі де өсе түспек.

Мейрамханадан шығармашылық орталыққа

«Зашаған» кентіндегі «Той сарайы» мейрамханасынан бұрын кісі арылмайтын, той-томалақ жиі өтетін. Коронавирус пандемиясы жағдайында табыс түспеді. Жуықта сән-салтанаты келісті жеке ғимарат Оралдағы мектептен тыс жұмыс орталығының «Зашаған» кенті бөлімшесіне берілді. Бұрын бұл бөлімше №13 мектепке дейінгі ұйымның ескі әрі тар ғимаратында орналасқан болатын. Ата-аналардың сұранысы мен осы аудандағы балалар санының өсу қарқыны ескеріліп, облыс, қала әкімдігінің, білім беру бөлімінің қолдауымен жаңа тойхана орны жалға алынды.

Той сарайы-учебный центр (4)

Негізі мектептен тыс жұмыс орталығының қосымша білім беру педагогтері үйірмелерге қатысатын тәрбиеленушілерге өмірлік бағыт-бағдар береді. Ұл-қыздардың түрлі бағытта жетістіктерге жетуіне, жұлдыздарының жануына, бос уақыттарын тиімді пайдалануына көмектеседі. Жалпы, боламын, жұлдыз болып жанамын деген оқушылардың «белін буудағы» еңбектері зор. Қазіргі уақытта аталмыш орталық пен оның бөлімшелерінде төрт мыңнан астам оқушы қосымша білім алуда. «Зашаған» кентіндегі бөлімшедегі үйірмелерге 790 бала тіркелді. Онда шығармашылық, интеллектуалдық, техникалық бағыттарда білім мен тәрбие беріледі. Бөлімшеге қызметке тартылған мамандар алдын ала машықтанудан өтті. Енді кент аумағындағы жаңадан салынған тұрғын үйлерге қоныстанған отбасылардың балалары қала орталығына қатынамай-ақ үй қасындағы орталықтағы үйірмелерге тегін қатысады. Бұған ата-аналар да, олардың перзенттері де қуанышты.

– «Бір жамандықтың бір жақсылығы бар» демекші, індеттің таралуы кесірінен тойханалардың қызметтері тоқтатылғанымен, той сарайларының білім, шығармашылық орталықтарына айналуының өзі ХХІ ғасырдағы адамзаттың білім мен тәрбиеге ұмтылысын білдіргендей көрінеді. Алдағы уақытта орталықта оқушыларға қосымша білім беріліп қана қоймай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұрпақтар сабақтастығын сақтай отырып, «Зашаған» кентіндегі елге сыйлы ақсақалдармен, әжелермен, ардақты әкелер мен аяулы аналармен кездесулер ұйымдастырып, байланыс орнату жоспарланды. Мұнда «Шабыт» медиа студиясы мен оның алаңына ерекше көңіл бөлінуде. Студияда «Жас тілші», «Сөз зергері» үйірмелерінің тәрбиеленушілері зиялы қауым өкілдерімен, ақын-жазушылармен, өңірдегі танымал кәсіпкерлермен, еңбек етіп жүрген халық қалаулыларымен жүздесіп, пікір алмасады. Мұнда «Волонтерлер академиясы», «Көшбасшылар мектебі», «Күншуақ» бастауыш сынып оқушыларына арналған және тіл, би, интеллектуалдық бағыттағы үйірмелер жұмыс істейді. Қазірдің өзінде кейбір үйірмелер сақтық шараларын сақтай отырып, өз жұмыстарын бастауда. Әзірге өзге үйірмелердің сабақ кестелері пысықталу үстінде, – деді мектептен тыс жұмыс орталығы директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Шаттық Өтебәлиева.  Акбосага-магазин (6)

Орталықта руханият залы, домбыра, «Балдырған» үйірмелері құрылған. «Атамұра» үйірмесі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрді балалардың санасына сіңіруді және осы жолда ата-аналармен байланысты нығайтуды басты мұрат-мақсат етіп алған. «Атадан қалған мұра» үйірмесі болашақта әкелердің қосымша білімін, өмірге қажет дағдыларын акциялар, шаралар, диалогтік кездесулер арқылы тәрбиеленушілерге өнеге етуді көздейді. Төменгі қабатта фитнес орталығы орналасқан. Оны да іске қосу алдағы күннің еншісінде. Үйірмелердің жұмысы шәкірттерге тек білім беріп қана қоймайды, сонымен қатар жас буынды еңбекқорлыққа, алға ұмтылуға, өзінің ортасын қалыптастыруға, адамгершілікке тәрбиелейді. Әсіресе, «Қызға қырық үйден тыйым» дейтін қыз балаларды өнерге, ісмерлікке, жинақылыққа баулитын сәндік-қолданбалы өнер үйірмесі ашылды.

Ақындар мектебіне, шешен сөйлеуге жол нұсқайтын үйірмелерге жазылушылар аз емес. Домбыра үйірмесі тек балалармен жұмыстанып қоймай, үлкендерге де ай сайынғы акциялар ұйымдастырмақ. Асық ату үйірмесі асыққа дәл тигізуді, қырағылықты дамытып қана қоймай, сонымен бірге жас толқынның ғаламтор шырмауында қалмауына әсерін тигізері хақ.

Той сарайы-учебный центр (24)

– Біз өзіміздің ішкі әлемімізді өзгертпей, сыртқы мәдениетіміз ешқашан өзгермейді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп әл-Фараби бабамыз айтқандай, бірінші кезекте тәрбиеге мән-маңыз берудеміз. Қосымша білім беру үйірмелері арқылы оқушы жанына елімізге деген махаббаттың, туған жерге деген құрметтің, елжандылықтың, үлкенге құрметтің, кішіге ізеттің, бір сөзбен айтқанда ұлттық тәрбиенің, мәдениеттің дәнін ексек дейміз. Бұрыннан жоғалмай жеткен ата дәстүрі мен тамаша салтымызды ұл-қызға ұғынықты тілмен жеткізсек дейміз, – деді Шаттық Саматқызы.

Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz

Назгүл  Ізтілеуова, «Орал өңірі» облыстық қоғамдық-саяси газетінің қызметкері:

– Орал қаласының орталығынан жырақтау орналасқан «Зашаған» кентінің жаңа шағынауданынан «Той сарайы» ғимараты балалар шығармашылығы орталығына айналды. Жаңа орталықтың ашылып жатқаны ата-аналарды, әсіресе, балаларымызды қатты қуантты. Осындай игі іске мұрындық болған өңір, қала басшылығына және тойхана ғимаратын жалға берген кәсіпкерге ата-аналар атынан алғыс айтқым келеді. Осындайда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технология заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек» дегені еске түседі. Расында, басы артық қаржыны жастардың, балаларымыздың білім алуына, ғылымды игеруіне, шет тілдерін үйренуге жұмсағанымыз абзал. Шығармашылық орталығында ұл-қызымыздың ой-өрісін дамытуға тегін жағдай жасалған. Мен балапандарымды сурет, қолданбалы өнер жане тоғызқұмалақ үйірмелеріне жаздырдым. Карантиндік талаптарды сақтай отырып, үйірмелерге барып жүрміз. Қатысамын, қосымша білім аламын дейтін оқушылар саны өте көп екені байқалады. Сондықтан халық тығыз орналасқан шағынауданнан тағы да осындай шығармашылық орталықтары ашылса дейміз.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале