11.02.2021, 15:54
Оқылды: 37

Кәсіпкерлер түсіністік танытса...

Әлемдік экономикалық дағдарыс пен коронавирус пандемиясының салқыны кәсіпкерлік саласын да «қалтыратып» жіберді. Шектеу шараларының салдары кәсіпкерлік қауымдастыққа нарықтағы хал-ахуалды тұрақты сараптап, салиқалы шешімдер қабылдауды қажет етеді.  

67E16576-AEEF-4B0B-AC30-66099481F26A

Әсілі, кәсіпкерлік қызметтің тәуекелге құрылатыны жасырын емес. Қазірдің өзінде өңірдегі кәсіпкерлік өкілдері, соның ішінде рестораторлар мен той залдарының иелері өздерінің кәсіпкерлік бағыттарын қайта жаңғыртуда немесе ғимараттарын жалға беруге шешім қабылдауда. Мұндай  мейрамханалардың әрқайсысы кезінде 250-300-ден астам адамға қызмет етті. Мысалы, шаһардың орталығындағы «Ақ босаға» мейрамханасы  шамдар мен құрылыс материалдарын, «Ай-луна» мейрамханасы әйелдер мен балалар киімдерін сататын дүкендерге айналды. Ал «Той сарайы» мейрамханасы  балалар шығармашылығы орталығы болып ашылды. Ақжайық ауданындағы жеке кәсіпкер С. Дүйсембаева мейрамхана орнына сауда орталығын ашты. Мұндай мысалдар күн санап көбейе түсуде. Өңірлік кәсіпкерлік палатасы мен оның аудандардағы филиалдары кәсіпкерлік саласының өкілдеріне қолдан келген көмектерін беріп отыр. Қазіргі қалыптасып отырған жағдайға, яғни шектеу шараларының енгізілуі жағдайына ешкімнің кінәлі еместігін көптеген кәсіпкердің түсінетіні қуантады. Президент тапсырмасымен Үкімет те кәсіпкерлердің тыныс-тірлігін жақсарту бағытындағы шараларды қабылдап отырғаны белгілі. Сондықтан  кәсіпкерлік саласының өкілдері де ел-жұрттың амандығын, сақтық шараларын бірінші кезекке қойып, түсіністікпен қараулары тиіс.

Қазіргі уақытта облыс бойынша 42,8 мың бизнес субъектісінің 12,6 мыңы карантиндік шектеу шараларының  жағымсыз әсерін сезінуде. Олардың баршасы –  бөлшек сауда және қызмет көрсету салаларындағы кәсіпкерлер.

Нұржан Мақсотов,

БҚО кәсіпкерлік палатасының  директоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале