22.02.2021, 17:13
Оқылды: 24

Такси қызметін жүйелендіру керек

Күнделікті өмірде белгілі бір жерге бару қажеттілігі туындаған жағдайда такси қызметіне жүгінеміз. Әсіресе қалаға қатынайтын көліктердің санында шек жоқ. Себебі әркім өзі би, өзі қожа. Тексеру жүргізуге келгенде қолымен істеген ісін жоққа шығарып, «ат тонын ала қашып» жатады. Бұнысына бірден-бір себеп – жауапкершіліктен жалтару.

34F673CB-9B13-4BC8-8A6C-A35775D52A72

Соңғы уақыттары аудан орталығында ауыл арасындағы такси қызметінің жұмысы алға жылжып тұр. Оның ішінде жолаушы тасымалына рұқсаты бар көлік иелерінен бөлек, жеке көлігімен заңсыз жолаушылар тасымалын ұйымдастырып жүрген азаматтар да бар. Қоғам белсенділері де бұл мәселені біраз уақыт бойы көтеріп келген. Мәселен, қоғам белсендісі Нұрлан Құсайынов 2015 жылы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың, 2016 жылы облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атына осы мәселе төңірегінде сауал жолдаған. Жолданған хатқа берілген жауап көңіл қуантарлық болғанымен, ешқандай шара жүзеге асырылмаған. Халықтың көкейіндегі мәселеге тосқауыл қояр уақыт та жетті. Оған дәлел де жоқ емес.

2020 жылғы қарашаның қара суығында ауданымыздың Казталов-Чапаев тас жолында ірі жол-көлік оқиғасы тіркелген болатын. Салдарынан 5 адам ажал құшып, мәңгілік сапарға аттанды. Кісі өлімі тіркелген оқиғаның орын алуына басты себеп – жол жүру ережелерін бұзу. Дәлірек айтсақ, жылдамдықты асыру, мас күйінде көлік тізгіндеу, қала берді, арнайы рұқсат құжатынсыз жолаушы тасымалын ұйымдастыру. Жүргізушінің қателігі өзгенің өмірін қиды. Бұдан өзге дәл осы тас жолдың Ақжайық ауданы аумағында да Казталов ауданының азаматының жол ережесін бұзуы салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алған. Бұл істі Ақжайық ауданының полиция бөлімі қарап жатқандықтан, нақты бірдеңе деу қиын. Бірақ жеңіл жарақат алғандар бар. Аталған жол-көлік оқиғаларын және заңсыз жолаушы тасымалын ұйымдастыру жөнінде Казталов ауданының полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары, полиция майоры Марлен Қарабаевпен сұқбаттасқан болатынбыз. Сұқбат барысында жоғарыда аталған екінші оқиғаның кейіпкері тарапынан бірнеше заңбұзушылықтар орын алғаны анықталғанын айтты.

453C91FC-4B6C-4C0D-86E7-BEC9333F800F

– Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жедел-профилактикалық шаралар жүргізіліп тұрады. Жеке көлігімен заңсыз жолаушы тасымалын ұйымдастырғаны үшін, яғни ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңының 463-бабы «Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру» бойынша күні бүгінге дейін 2 азамат анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар 2020 жылдың 29 қарашасында Казталов-Чапаев тас жолында орын алған жол-көлік оқиғасында да, 2021 жылдың 28 қаңтарында орын алған Чапаев-Казталов тас жолының Ақжайық ауданына қарасты елді мекен маңында орын алған жол-көлік оқиғасына қатысы бар С. есімді (жауапкердің есімі өзгертілді) Казталов ауданы азаматының да 463-бап бойынша арнайы рұқсаты жоқ екендігі анықталып отыр. С. есімді азамат осыған дейін де жол жүру ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған, – деді Марлен Сахметұлы.

Ресми орган өкілдері ауыл ішінде немесе шалғай елді мекендер мен қалаға жолаушы тасымалын ұйымдастыру үшін арнайы рұқсаттың және жолаушыларды сақтандыру құжатының болуы маңызды екендігін алға тартып отыр. Жолаушылар да такси қызметін тұтынған кезде өздерінің қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында аталған құжаттардың бар-жоғын анықтауға құқылы. Бұл жол-көлік оиғасының алдын алуға және оның салдарынан болатын мәселелердің оңтайлы шешімін табуына септігін тигізеді.

Өткен аптада «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалының мәжіліс залында Казталов аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Артур Берденовтың төрағалығымен аудан аумағында заңсыз жолаушы тасымалымен жүрген такси қызметін ұйымдастыру жөнінде жиын өтті. Жиынға «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин, Казталов ауданы полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары, полиция майоры Марлен Қарабаев, «Алипкалиев» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Берік Әліпқалиев, аудандық мәслихат депутаттары, мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары және БАҚ өкілдері қатысты. Жиында атаулы мәселемен қатар жол жүру ережелері мен жол белгілерінің орнатылуы да кеңінен талқыланды. Жиында қабылданған шешімдердің орындалуының қалай жүзеге асып жатқанын білу үшін мәселеге жауапты бөлім басшысы Артур Амантайұлын әңгімеге тарттық.

– Жолаушы тасымалын ұйымдастыру жөнінде өткен жиында қабылданған шешімдер орындалуда. Қазіргі таңда аталған мәселеге қатысты тексеру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы комиссия құрамы бекітілді. Алдағы уақытта комиссия өз жұмысын бастайтын болады. Алдын ала жүргізілген тексеру жұмыстарына сәйкес жеке көлігімен заңсыз жолаушы тасымалын ұйымдастырып жүрген 20-ға жуық көлік иесі белгілі болып отыр. Осы орайда сол азаматтарға арнайы рұқсатнама алу керектігін ескерткіміз келеді. Ал тұрғындардың қауіпсіздігі үшін Казталов аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында ауыл арасы мен облыс орталығына қатынайтын «Алипкалиев» жеке кәсіпкерлігіне қарасты 10 көлік иесінің аты-жөні мен көлігі жөнінде ақпарат жарияланды. Сонымен қатар Казталов ауылында такси тұрағын ашу мәселесі де қазіргі уақытта қарастырылып жатыр. Мердігер табылған жағдайда бұл бағытта бірлескен жұмыстар атқарылмақ. Тұрғындардың әлеуметтік желіде көтеріп жүрген жол белгілерінің орнатылуы мәселесі де назарға алынып, керексіз деп табылған белгілер алынып тасталынды, – деп мәлімдеме жасады.

Жеке көлігімен заңсыз жолаушы тасымалын ұйымдастырып жүрген азаматтарға мамандар арнайы рұқсат алу керектігін ескертеді. Себебі кезекті тексеру жұмыстары жүргізілген уақытта аталған мәселеге қатысты заңбұзушылық анықталса, жауапкершіліктен қашып құтылмайтындығыңыз анық. Салық басқармасының мамандары да өз атына жолаушы тасымалын ұйымдастыруға рұқсат алу немесе осы бағытта жұмыс атқарып жүрген белгілі бір кәсіпкерге тіркелу арқылы өз табысыңызды табу құқығына ие бола отырып, ай сайын төленетін төлемнің өз қажетіңіз үшін маңызды екендігін де алға тартып отыр.

– Жолаушы тасымалдап жүрген жеке көлік иелерінің көпшілігі табысының өзінде қалғанын қалайды. Бірақ жолаушы тасымалын заңсыз ұйымдастыру әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғады. Оларға арнайы рұқсат алғаннан кейін қойылатын талап біреу. Ол ай сайын салық төлеп тұру. Түскен салық та өз өмірі үшін маңызды. Мысалы, төменгі күнкөріс шегі 42500 теңгемен алып қарайтын болсақ, 4250 теңге зейнетақы қорыңызға, 1488 теңге әлеуметтік шегерім (соц. отчисление), 2975 теңге медициналық сақтандыру жарнасы болады, – дейді Казталов ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Рустам Нағымов.

Жолаушылар тасымалын ұйымдастыруда ескеретін жайт – жолаушылардың қауіпсіздігі. Көлік жүргізушісі үшін жолаушыларды сақтандыру құжатының болуы да аса маңызды. Ауданымыздағы «Евразия» сақтандыру компаниясы мамандарының дерегіне сүйенсек, жолаушыларды сақтандыру құжатының құны (6 орындық көлікке есептегенде) 14585 теңгені құрап отыр. Егер бұл қызмет түрін кәсіпке айналдырған болсаңыз, e.license.kz сайты арқылы рұқсат алуға немесе ауданымызда заңды өкілеттілігі бар «Алипкалиев» ЖК-не тіркелсеңіз болады. Анық-қанығын баяндау үшін «Алипкалиев» ЖК жетекшісі Берік Әліпқалиевпен де әңгімелестік.

– Жеке кәсіпкерлікпен келісімшартқа отыру үшін көлік иесінде көліктің техникалық құжаты, көлікті және жолаушыны сақтандыру құжаттары болуы керек. Осы құжаттар толық болған жағдайда келісімшарт жасалады. Заңды түрде тіркелгеннен кейін көлікке такси қызметін ұйымдастыратындығы жөнінде арнайы жапсырма қағазы жабыстырылады. Бізге тіркелген көлік иесі егер 4 жолаушылық көлік болса, ай сайын 9000 теңге, 6 жолаушылық көлік 12000 теңге төлеп тұрады. Ол төлемнің басым бөлігі көлік иесінің медициналық сақтандыруына, зейнетақы қорына, әлеуметтік шегерімге аударылып отырады. Қалған төлем жеке кәсіпкерге аударылады. Біздің кәсіпкерлік арқылы жолаушы тасымалын ұйымдастырып жүрген көлік иелері заң тұрғысында қызмет атқарады. Алдағы уақытта көлік иелерінің қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында кәсіподақ құру да жоспарда бар, – деді жеке кәсіпкер.

Қазіргі уақытта аудан орталығында 10 азамат заңды түрде жолаушы тасымалдау құқығына ие. Олар Берік Әліпқалиев (лада ларгус 349 LCA07), Нығметжан Тілеуғалиев (лада ларгус м-н 672 КХА 07), Руслан Тайгарин (форд галакси м-н 622 FHA07), Бекзат Мақсот (форд галакси м-н 622 FHA07), Бейбіт Жакиев (лада ларгус м-н 784 LGA07), Мағжан Ғимранов (лада ларгус м-н 858 LAF07), Кенжебек Жумин (лада ларгус м-н 285 LBC07), Темірлан Ғаббасов (лада ларгус м-н 772 LEA07), Медик Бөкенбаев (лада ларгус м-н 780 CCA07), Ерлан Нұрғалиев (шаран м-н 355 EXA07). Егер де такси қызметіне жүгінгіңіз келсе, өз қауіпсіздігіңізді ойласаңыз, осы азаматтардың қызметіне жүгінсеңіз болады. Заңсыз жолаушы тасымалын жүргізіп жүрген жеке көлік иелерінің де қызметін жоғары деп бағаласаңыз, олардан заңды түрде тіркелуін, заңды түрде қызмет жасауын талап етіңіз. Заңның орындалуын талап етсек, жол жүру барысында тәртіп болары анық.

Жоғарыда жолаушылар тасымалын ұйымдастыру үшін e.license.kz сайтында рұқсат алуға болатындығын атап өткен болатынбыз. Төмендегі суретте оның қалай жүзеге асатындығы көрсетілген. Егер бұл түсініксіз деп тапсаңыз, Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметіне жүгінсеңіз болады.

8CEF8D09-A473-4B4B-89A1-26EB66E715F4

Көтерілген мәселенің жілігін шағып беріп, майын өзіңізге қалдырдық. Осы бағытта құрылған арнайы комиссия жұмысы да жүйелі түрде жүргізіледі деген сенімдеміз. Сонымен қатар алдағы уақытта Казталов ауылының арасы мен Казталовка-Қоныс-Әжібай-Бостандық бағытында қатынайтын қоғамдық көлік қызметін ұйымдастыру жоспарда бар. Қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Оңынан шешілсе, нұр үстіне нұр. Мақалада аудан орталығындағы ахуалды тілге тиек еттік. Десе де, бұл аудан көлеміндегі маңызы бар мәселе. Жалпы, аудан тұрғындары мен көлік иелері бұл мәселеге бейжай қарамаса екен дейміз. Мақсатымыз біреуге күйе жағу емес, жол жүру ережелері сақталып, жолаушылардың құқығы қорғалып, заңбұзушылық тыйылса дейміз. Ескерту бізден, әрекет сізден!

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале