Бөкей ордасы ауданында «Nur Otan» партиясының облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаевтың қатысуымен актив отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде партияның сайлауалды бағдарламасы, қабылдаған аманаттары мен партия депутаттарының жеке міндеттемелерін іске асыру жолдары қаралды. Жиынға партия атынан сайланған облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, партия ардагерлері мен мүшелері қатысты.
Отырысты жүргізген партияның аудандық филиал төрағасы, аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов сайлауалды бағдарламаға енген іс-шаралардың жол картасы бекітіліп, қабылданғанын, партияның жаңа құрамына әрқайсысына етене таныс саланың жұмысын бағыттап, атқарылған жұмыстар хақында есеп беру міндеттелгенін айтты.
Алдымен аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Аққалиев ауданның қажеттілігін ескере отырып жасақталған партияның сайлауалды бағдаламасымен таныстырды.
– Партияның алға қойған міндеттері ауқымды. Алдағы бес жылда жеті бағыт бойынша межелі биіктіктен шығуды жоспарлап отырмыз. Алдымен мал басын өсіріп, асыл тұқымды шаруашылықтардың санын 30-ға жеткізу болса, 2025 жылға дейін ауданда 3766 адам жұмыспен қамтылады. Тұрғын үй салу да күн тәртібінен түспеген мәселе, - деген Мейрамбек Сағынғалиұлы осы бес жылда бөкейліктердің өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жоспарлы іс-шараларға 6 миллиард 746 миллион 700 мың теңге жұмсалатынын баяндады.
Сайлауалды үгіт-насихат кезінде аудан тұрғындарынан бірқатар аманат түсіп, олар сараланған. Басым көпшілігі ауылдағы интернет, ұялы байланыс, жол мәселесін көтерген.
«Nur Otan» партиясының облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев ұсынылған жобаларға тоқталып, олар жалпылама емес, нақты болу қажеттігін айтты.
- Ел жалпақ сөзді емес, депуттарымыздың ісін көру керек. Сөзінің нәтижесіне қанығуы керек. Заман өзгерді. Осыдан бірнеше жыл бұрын жалпы елде, көршілес ауылда жасалған игілікке тұрғындарымыз қуанып жатса, бүгінде тұрғындарымыз сол игілікті өздері көргісі келеді. Сондықтан партияның бүгінгі ұстанған бағыты сөзден іске көшу. Ол өз кезегінде депутаттардың белсенді, елдің лидері, қозғаушы күші болуын талап етеді, – деді Мұрат Рахметұлы.
Бөкей ордасы ауданынан депутаттарға түскен 32 аманаттың жартысы партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылғанын жеткізген Мұрат Мұқаев:
– Солардың арасында ауқымдысы – аудандағы көлдерді суландыру, ауылішілік және облысқа қатынайтын жолдардың жайы және көршілес аудандарды кезген бөкеннің көбеюі болып отыр. Жол мәселесінде қозғау бар, біртіндеп шешімін тауып келе жатыр. Биыл Өнеге-Сайқын бағытындағы жол бөлігіне асфальт төсу үшін 20 миллиард теңге бөлінді. Енді тек сапалы орындау қажет. Ал көлдерді суландыру мен киіктердің көбеюі күрделі мәселе боп тұр. Алдымен көршілес Ресейден су келуі үшін оны сатып алу қажет. Ал ол біз шешетін мәселе емес. Ол мемлекет арасында талқыланып, қаржысы қаралатын жайт. Киік «қызыл кітапқа» енген жануар болғандықтан ол халықаралық мәселеге айналуда. Десе де біз қолдан келмейді деп қимылсыз отырған емеспіз. Тиісті ұсыныс-сауалдарымызды билікке жеткізудеміз. Қажет болса, қайта депутаттық сауал жолдайық. Қазір киіктерге резерват әзірлеу үстіндеміз, – деді.
Киік мәселесін аудандық мәслихат депутаттары Ермек Меңдешев пен Бибігүл Жұмағұлова көтерді. Олардың айтуынша, ауданды жайлаған ақбөкендерді азайту бағытындағы шаруаларды тез қолға алмаса, биыл аудан малына берер азық болмайды. Нәтижесінде шаруа қожалықтары малдарын сатуға мәжбүр болады.
– Былтырдың өзінде шөптің шығымы тым нашар болды. Жауын-шашын болмаса, шөптің шығуы неғайбыл. Оның үстінде мыңғырған киік өткен жерде не азық қалады? Қазір қордағы шөп те біте келді. Бұл киіктерді күні бүгіннен бастап азайту не оқшаулау жайын қарастырмасақ, көктемде олар төлдегенде мүлдем күш бермей кетеді. Сонда біздің малға ешқандай азық қалмайды деген сөз. Амалсыз шаруаларға малдары аштықтан қырылмас үшін сатуға тура келеді. Басқасын қайдам, биыл да шөп болмаса, мен өзім бар малымды сатамын. Басқа амал көріп отырған жоқпын, - деп шаруалардың жанайқайын жеткізді Ермек Пахманұлы.
Мінберге шыққан аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева ауданымызда «Шекара» бағдарламасының жүзеге асуына жәрдемдесуді, ауданда электр сымдарының тозығы жеткенін айтып, оларды да ауыстыруға қолғабыс сұрады. Ал аудан әкімі тұрғын үй мәселесіне тоқталып, құжаттары барлық сараптамадан өткен үй құрылысын әрі қарай қаржыландыруға қолдауды өтінді.
Сонымен қатар актив отырысында дәрігерлердің жетіспейтіндігі, жас мамандарды біздің шалғай ауданға қызмет етуге тарту үшін қаржылай қолдау қажеттігін, масылдықты жою бағытында тиімді қызмет ететін бағдарлама жасақтау керектігін және ауданға елдегі Ұлы Отан соғысының оты шарпыған екі ауданның бірі ретінде «Қаһарман аудан» атағын беруді өтінді.
Раушан Бақытова,
Бөкей ордасы ауданы