4.03.2021, 10:34
Оқылды: 167

Арзан уәдеге алданғандар саны артып келеді

Бүгінде пайда көру үшін алдау карантин кезінде өте өзекті тақырып болып отыр. Алаяқтар азаматтардың дүниеге қызығушылығын еш қиындықсыз пайдаланады. Тіпті, алаяқтықтың дамығаны соншалық, азаматтардан жеке ақпарат алудың жаңа әдістері табылуда дейді мамандар. Алаяқтықтың кең тараған түрі – интернет-сауда алаңдары. Олар өз құрбандарын арзан бағамен тауар сату арқылы қызықтырады екен. Жәнібек ауданында да соңғы кездері алаяқтықтың осы түрі белең алуда.

0B4C463E-B695-40CC-AA7F-43B8C09F906D

Алданғандардың бірі аудан тұрғыны Динара Күзенбаева басынан өткен жағдайды егжей-тегжейлі айтып берді. Динара 2017 жылдан бері аудан орталығындағы «Алтын ұя» бөбекжайында кір жуғыш машинасының операторы болып жұмыс істейді.

- Жұмыстасым Instagram әлеуметтік желісінен арзан бағаға тауар сататын сайт тауып алғанын айтты. Сілтемесін What’s Аpp-қа жіберді. Instagram-нан «Arzanshop» сайтын тауып алып, сондағы көрсетілген нөмірге белгілі бір тауарға тапсырыс беретінім туралы жазып жібердім. Өйткені өзіме қажетті тауар түрін таптым. Сатушыдан 4-5 күн жауап болған жоқ. Содан кейін «тапсырыс қабылдаймыз, сіз сұраған тауардың барлығы бар» деген жауап келді. Сол күні жалпы сомасы 75600 теңге тұратын тауарға тапсырыс бердім. Аталған қаржының жартысын сайтта көрсетілген абоненттік нөмірге терминал арқылы бірлік ретінде аудардым. «Түсті» деп жауап қайтарды. Саудамен айналысуға келісімшарт немесе лицензия бар ма деп сұрадым. Аты-жөнін жазып таныстырды. Үйде бала күтімімен отырғанын айтты. Ешқандай лицензия немесе келісімшарт жоқ. Бірақ жеке басын куәландыратын құжатын суретке түсіріп жіберді. Содан кейін ол кісімен What’s Аpp арқылы сөйлесіп жүрдім. «Ұялы телефоныңызға СМС хабарлама келеді. Сол арқылы тауардың қалған ақшасын төлеп, Қазпоштадан аласыз» деді. Бірақ әлі күнге дейін тауар жоқ. Қайтадан сол нөмірге хабарласқанымда ұялы телефоны сөндірулі болды. What’s Аpp пен Instagram желілері бұғатталып қалған. Алаяқ екенін түсініп, аудандық полиция бөліміне арыз жазуға тура келді, – дейді Динара.

Ұзынкөл ауылының тұрғыны Мейрамгүл Қыдырова да алаяқтардың айласына түсіп, қомақты қаржысынан айырылған.

«2015-2019 жылдар аралығында Ұзынкөл ауылындағы балабақшада жұмыс істедім. Кейін балабақшаның директоры қызметіне тағайындалдым. Алаяқтардың арбауына қалай түстім? Instagram желісі арқылы «Feminim. kz» сайтына кіріп, Корея мемлекетінен арзан бағаға киім-кешектерге тапсырыс беруге болатынын көрдім. Парақшада көрсетілген What’s Аpp нөміріне сайтта көрсетілген тауарлардың бар-жоғын білу мақсатында хабарлама жаздым. Өзін таныстырып, сайтта көрсетілген киімдердің өлшемдері бар екенін жеткізді. Маған сенім ұялату үшін жеке куәлігінің суретін жіберді. Куәлікті көргесін сендім. Оның What’s Аpp нөміріне өзіме қажет киімдердің суреттерін жіберіп, тапсырыс жасадым. Сатушы алдын ала төлем жасауды сұрады. Бірақ Kaspi gold банкомат карточкасының шектелімі бітіп қалғанын айтып, көрсетілген нөмірге бірлік ретінде салуды өтінді. Kaspi.kz қосымшасы арқылы көрсетілген нөмірге бірлік ретінде 31790 теңге аудардым. Ертеңіне қоңырау шалсам да, What’s Аpp-қа жазсам да жауап бермеді. Уайымдап кеттім. Бірақ көп ұзамай «уайымдамаңыз, тапсырысыңыз кетті» деген жауап келді. Төрт күннен кейін «Feminim.kz» парақшасы «9000 теңге төлесеңіз, 10 киім-кешек беріледі» деген акция шығарды. Парақшадағы акцияға сеніп, інімнің Kaspi. kz қосымшасынан көрсетілген нөміріне 9000 теңге аударып жібердім. Кейін «қолым тимей жатыр, кейін жауап беремін, 1000 теңге жеткізу төлемін аударып жіберіңіз» деп ұялы байланыс нөмірін жазды. Сол кезде күдіктеніп, қоңырау шалдым. Өшірулі. What’s Аpp пен Instagram желілері кілттенген болып шықты. Аудандық полиция бөліміне арыз жаздым. Маған келтірілген залал 42790 теңгені құрайды. Тұрғындарға айтарым, тапсырыс берерде сайттардың жұмысына көз жеткізген соң ғана тапсырыс беріңіз, – деді өз сөзінде Мейрамгүл.

Алаяқтардың алдауына түсіп, арыз жазғандардың ісі туралы аудандық полиция бөлімінің бастығы Манарбек Қаташев тарқатып айтып берді.

– Заманауи технология күннен-күнге дамып келе жатыр. Интернеттегі алаяқтардың да айлалары артып келеді. Әсіресе Instagram, Facebook, Vk, Одноклассники парақшаларында көп. Өздерінің атынан неше түрлі сайттар ашып, арзан заттарды шығарып жатады. Бірақ бұл сайттар, бір күндік, бір апталық немесе бір айлық болуы мүмкін. Кейін олар керегін алғаннан соң сайттарды жауып, телефон нөмірлерін бұғаттайды. Аудан бойынша алаяқтардың арбауына түсіп қалғандардың саны 4 есе артып отыр. Яғни, 2019 жылы алданғандар саны екеу болса, 2020 жылы тоғызға жетті. Биыл мұндай жағдай тіркелген жоқ. Аудан азаматшалары арзан зат сатып аламыз деп алдануда. Алаяқтық бойынша істерді ашу ұзақ уақытты талап етеді. Себебі аударылған қаржының жүру жолын анықтау керек. Ақшаның қайда, кімнің атына немесе нөміріне аударылғандығын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бұл жұмыстар прокуратура, сот органдарымен бірлесіп жасалады. Себебі қарапайым арыз бойынша есепшоттарды немесе банктік нөмірлерді тексере алмаймыз. Барлық шаралар құзырлы органдардың келісімімен ғана істеледі. Қазіргі таңда түскен арыздар бойынша жұмыстанудамыз. Қылмыстардың шеті көрінуде. Ақшаның барған ізі еліміздің оңтүстік жағынан табылып жатыр. Алдағы уақытта істер ашылып, қанша мөлшерде қаражат қайтарылды, қандай адамның ұсталғандығы жөнінде жариялайтын боламыз. Сақтық шараларды қатаң ұстанып, жаңадан ашылған сайттарға мұқият назар аударып, сауда белгісі ғана бар сайттармен жұмыс істеу керектігіне тұрғындардың назарын аударғым келеді. Интернет дүкендердің көбінде QR-код немесе нөмірлері мен жұмыс уақыты көрсетіледі. Нарықтың бағасынан төмен баға болмайды. Сол себептен кездейсоқ, арзан заттарға алданбаңыз, – деді полиция полковнигі Манарбек Мақсотұлы.

Сонымен қатар аудандық полиция бөлімі бүгінгі таңда интернет желісінде алаяқтықтың бірнеше түрі бар екенін айтты. Біріншісі әрі кеңінен таралғаны – онлайн дүкен. Түрлі күдікті сайттарда арзан бағадағы тауарларға жарнама жүреді. Оған сенген желі қолданушылары тауарға тапсырыс беріп, ақша аударады. Уақыт өте келе жеке шоттан тауарға ғана емес, қосымша ақша ұрланғанын байқауға болады. Дүкен қызметкерлері болса тауардың жолда екенін айтып, тапсырыс берген жандарды сендіреді. Екіншіден, банк мамандарының қоңырау шалуы жиілеп кетті. Олар өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтардан карта жайлы толық ақпаратты сұрап алады. Олар қоңырау шалу барысында сіздің картаңыздағы ақшаны басқа біреу иемденгелі жатқанын айтып, тезірек мәліметтерді беруді сұрайды. Үшіншіден, «сыйлық ұтып алдыңыз!» деген хабарламамен алаяқтар қоңырау шалып, азаматарға бағалы сыйлық иегері атанғандығын айтады. Ал сол сыйлықты жеткізу үшін азғантай ақы сұрайды. Сенім білдіргендер жеке мәліметтерін айтып қана қоймай, сыйлықты жеткізу үшін қосымша ақша да аударады.

«Тегін ірімшік қақпанда ғана болады» деген орыстардың мақалын жадымызда ұстасақ, интернетте қаптап кеткен алаяқтардың қармағына түсуден аман қаламыз. Алданған келіншектердің оқиғасынан интернет алаяқтары өте шебер және түрлі нәрселерді ойлап табуда аса тапқыр екенін көруге болады. Бір қарағанда, олардың айтқандарынан еш жалғандық таппайсың. Бәрін мөлдіретіп, айтқандарына еріксіз сендіреді. Істің мәнін білетін немесе ондайлардың қақпанына түсіп қалған тәжірибелі адам болмаса, елең ете қалуың сөзсіз.

Жалпы, интернет арқылы ақша табу үшін көп тер төгіп, жұмыс жасау қажет. Ол білім мен кәсіби біліктілікті қажет етеді. Осы тұрғыда интернет арқылы кәсібін дөңгелетіп отырғандар жетерлік. Қалағаныңды арзан бағаға алуға мүмкіндік беретін сайттар да жоқ емес. Бірақ олар әлжеліде белсенділігімен ерекшеленеді. Оқырмандары көп болады. Сондықтан ақшаны ауаға шашпас бұрын ойланайық, ағайын! Сенімді сайтты таңдай білейік!

Гүлзара Тілекқабылқызы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Сурет massager.kz сайтынан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале